«Ұнамасам кете бер!»: Алқаш қайынатам әбден шаршатты

Oinet.kz 11-04-2022 9262

«Жеңгелерім де, әпкелерім де «енемнен гөрі атам жақын, үнемі мені ойлап, сөзімді сөйлеп отырады» дегенде, мен де болашақ қайынатамды көз алдыма елестетіп, әлі көрмеген атамды іштей жақсы көрдім», - дейді Дана есімді жас келін. Бірақ келін болып түскен жері жас келін ойлағандай болмай шығыпты. Себебін Дананың өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді. 

Screenshot_3.jpg

«Күйеуіммен көп жүрген жоқпыз. Бізді ауылдағы көрші жеңге таныстырды. Төркініндегі ағайын ағасының ұлы екен. «Ішпейді, шекпейді, мінезі жуас, малтабар жігіт, танысып көрші» деген соң, сөзін жерге тастамай, кездесіп көрдім. Ерлан шынында да жуас, артық әңгімесі жоқ жігіт екен. Әрі қала шетінде тұрады, үй-жайы, тұрақты жұмысы, көлігі бар. Маған да керегі сол еді, қалаға қатынап жұмыс істеймін деп ойладым. Сондықтан онымен кездесуге келісім бердім. Төрт айдан соң ол маған ұсыныс жасап, өзара келісім бойынша алып қашты. 

Ерланның үйі дайындалып отыр екен. Дереу менің төркініме хабаршылар жіберіп, бұл жақ қуғыншыларды қарсы алып, абыр-сабыр болып жатты. Сол кезде бөлмеде отырып байқағаным, қайын атам масайып қалған. «Балам үйленді, осындайда ішпегенде қашан ішем?» деп енемнің «Қойсайшы, аузыңды тый» дегенін тыңдамай, айқайлады. Онысын «қуанғаннан ішкен шығар» деп топшылағам ғой. 

Қайдағы, атам құдайдың құтты күні ішеді екен. Беташар өткен алғашқы он күнде тоқтамай ішті. Ақырында үлкен балалары келіп, «Бізді мақұл, жас келіннен ұялмайсыз ба? Доғарыңыз енді» деп ұрысқандай болды. Сонда атамның «Жас келініңнің шешесінің..., ұнамасам кете берсін, мен оған ұнауға міндетті емеспін» деп бақырып, ұрыс шығарып жіберді. Мен жылап қалдым. 

Атамның ішуі тоқтамады, күнде мас. Кейде оған арақты енемнің өзі береді. 

«Апа, неге өйтесіз, атама арақ бергеніңіз не?» деймін ғой, «Ол өмір бойы арақ ішіп келеді, ішпесе өліп қалады. Жұмысы ауыр ғой, күні бойы малға қарайды, жаным ашып кетеді де, сұрағанын беремін, өзім онысына үйреніп қалдым» деп құтылады. 

Біздің үйленгенімізге үш жыл болды. Екі балам бар. Енем былтыр ковид ауруынан көз жұмды. Ол кісі барда атамның мінезі онша білінбейтін, себебі енем артынан жуып-шайып, айналып-толғанып отыратын. Апам қайтқалы өмірім тозаққа айналып кеткендей. Атама да апамның жоқтығы қатты білініп жатыр ма, ішуін екі есе үдекен. Күнде мас, кейде тіпті жатқан жеріне жіберіп қоя салады. 

Шынымды айтсам, қатты шаршап жүрмін. Үйдің тірлігі, екі баланың тамағы, малды жайғастыру бар, кешке сілем қатып ұйықтап қаламын. Қалаға қатынап жұмыс істеймін деген арманым арман күйі қалған. Қара шаңыраққа келін болу оңай емес екен. Егер атамның мінезі жайлы болса, бәріне шыдауға болар еді. Бірақ оның өзгермесі анық. 

Сіңлім бақытсыздығына мені кінәлайды
​«Маған істегені алдынан шықты»: жас келіншек қайынсіңлісінен көрген жәбір көрді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу