Сіңлім бақытсыздығына мені кінәлайды

Oinet.kz 10-04-2022 4451

«Ешкімге қалай өмір сүру керектігін айтудың қажеті жоқ. Дұрысы, жақын адамдарыңның өміріне араласу, олардың өз қолымен жасаған қиындығынан құтқару да керек емес», - деп бастады әңгімесін шымкенттік Ару есімді әйел ERNUR.KZ тілшісіне ағынан жарылды: 

Screenshot_1.jpg

«Отбасында үш перзентпіз, үш қыз. Әкеміз жол апатынан қайтыс болғанда мен небәрі он екі жаста едім. Анамыз бізді қатарымыздан қалдырмай өсірді, жоғары білім әперді. Төртеумізге қарап отырып, әпкемнің өміріне қызығамын. Қазіргі кезде арамыздағы бақытты жан сол ғана. 

Оның күйеуі, бала-шағасы бар. Анам да, сіңлім де оны ешнәрсеге кінәламайды, ренжімейді. Өйткені ол ешкімге ақыл айтқан емес, ешкімнің жеке өміріне араласпаған. Отбасымызда мәселе көбейген кезде тұрмысқа шықты да кетті. Ал мен сол мәселені шешуге барымды салып шыж-быж болдым. 

Сіңлім 11-сыныпта оқып жүріп, аяғы ауырлап қалды. Жүкті боп қалғанын өзі де білмеген. Шаранасы үш айлық кезде ғана ағзасындағы өзгерістерді байқаған. Тексерілген, көзі анық жеткен. 

Анам естіп талып қала жаздады. Әпкем күрсінді де «18 жастан асқан есі бар қызсың, ары қарай не істеу керектігін өзің шеш» деді. Ал мен интернетті ақтарып, аборт жасатудың салдарын оқып бердім. Не керек, мен оны тууға үгіттедім. Осы менің басты қателігім. 

Сіңлім мектепті бітірген соң арада алты ай өткеннен кейін босанды. Бірақ перзентханадан шығарда баласынан бас тартпақ болды. Ол «Мен әлі қыдырып үлгермедім. Білім алып, тұрмысқа шығамын деген арманым бар. Ал бұл бала менің өміріме кедергі болады» деді жылап. Әпкем «Сенің тағдырың, сенің балаң, өзің біл» дегендей үндемеді. Мен тағы да сіңлімнің жеке өміріне араласып, «Бала – Тәңірдің берген сыйы. Сен одан бас тартпа. Күнә ғой» деп ақыл айттып көндіруге тырыстым. 

Ол баланы алып үйге келді. Бірақ оған мейірімі оянбады, қарағысы да келмеді. Шырылдаған нәрестеге мен қарадым.

Осылай уақыт өтіп жатты. Институттағы оқуыма барам да одан қайтқанша асығам. Өйткені үйдегі балаға қарау керек. Стипендияма өзіме киім алудың орнына сіңлімнің баласына ойыншық, қажетті заттарды алатынмын.

Бір күні әпкем тұрмысқа шығып кетті. Артынша сіңлім де бір ер-азаматпен қол ұстасып кете барды. Сіңлімнің күйеуі ажырасқан, үш баласы бар азамат еді. Тұрмыстық жағдайы, табысы жақсы еркек. Сіңлім менен бұрын тұрмысқа кетуге асығыпты... Арада екі жыл өткенде сіңлімнің күйеуі қайтадан өз отбасымен татуласты. Яғни, бірінші некесіндегі әйелімен табысты. 

Содан бері сіңлім тұрмысқа шыққан жоқ. Көп жігітпен танысты, қарым-қатынас құруға әрекет жасады. Бірақ әйтеуір жолы болмай-ақ қойды. 

Мен де тұрмысқа шықпадым. Сіңлімнің баласына қарап жүргенде өмірімнің көктемі қалай өтіп кеткенін аңғармадым. Әрине, ешкімді кінәлай алмаймын. Өйткені сіңлімнің баласының өміріне жауапкершілікті алған өзім. Ол мені «мама» дейді. Сіңлімнің оған деген мейірімі әлі оянбаған, тіпті баласы оған керек те емес. Ашуланғанда баласын тоқпақтап алады. Ал мені сөзімен «ұрады». 

«Үлкен әпкем тұрмысқа шыққанда сені де күйеуге кетіп қала ма деп қорықтым. Сен кетіп қалсаң, балам аяғыма тұсау болатынынан қорқып, екі рет-ақ кездескен еркектің ұсыныса келісе салып едім. Асықпағанымда жақсы жігіт жолығар еді ғой. Өмірімнің быт-шытын шығардыңдар» дейді маған. Анам үндемейді мұндайда, бірақ көзінен мені кінәлайтынын көрем. Сіңлімнің өміріне араласып нем бар еді десеңізші. Егер сол кезде әпкем сияқты бейтарап қалғанымда, қазір өмірім басқаша болар ма еді деп ойланам. Сіңлімнің де өмірін бүлдірдім деп өзімді өзім жазғырып жүрмін". 

«Анам ауырып жатқанда бір тиын көмектеспеді»: Туған ағама өкпелімін
«Ұнамасам кете бер!»: Алқаш қайынатам әбден шаршатты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу