Ағам тұрмыста болған келіншекке үйленем дейді

Oinet.kz 12-07-2021 4732

Жанұямызда екі ұлмыз – мен және үлкен ағам. Әке-шешем өмір бойы бізді өсіріп-жеткізудің қамын ойлап, аянбай жұмыс істеп келеді. Бірақ соңғы кезде анам жиі ауыратын болған. Әкемнің де үнжырғасы түсіп кеткен. Екеуі де үлкен ағама алаңдайды. Бастапқыда «үй бол, немере сүйейік» деп жүрген әке-шешем соңғы кездері бұл тақырыптан өздері қашқақтай бастаған.

d901864f3848549b9946e24923dab99d.jpg

Бұған себеп - ағам тұрмыста болған келіншекті аламын дейді. Ондайға ата-анам келіспей отыр. Тіпті, кей-кейде әке-шешем мені ағамнан бұрын үйлендірмек болатындай. Алайда мен болсам, ағамнан бұрын үйленгім келмейді. Жанұямыздың осы бір мәселесін «Отбасы – ошақ қасы» айдарының талқысына салып, «Алаш айнасы» порталының оқырмандарынан ақыл-кеңес сұрайын деп едім.

Мен әке-шешемді түсінемін. Екеуі де көпбалалы отбасыдан шыққан. Әкем үйдің үлкені болғаннан кейін барлық іні-қарындастарына қамқор болып, өсіріп жеткізді. Анам болса, оның ақылшысы әрі қамқоршысы бола білді. Қазір екі жақ – өз жұртым да, нағашы жұртым да ауқатты әрі беделді әулеттер болып өсті. Әкемнің әулетіміз алдындағы абыройы да жоғары. Бәрі бір-бірімен тату, кез келген қиыншылықта көмектерін аямайды. Жақында ауылда бір туысқанымыз қайтыс болғанда әкем барлық інілерін жинап, жалғыз қалған жеңгемізге елордадан пәтер алып берді. Біздің жанымызда болсын деп, Астанаға әдейілеп алдыртты. Қайын жұртын да ешқашан ұмытпайды. Анам соған дән риза.

Осылайша, екеуі бәрін қуанышқа бөлеп жүргенде өздері де күледі, туыстарымен бірге қуанады. Бірақ олардың көздерінде қуаныш оты еш көрінбейді. Халық байқамаса да, мен оны жақсы білемін. Той-томалақтан кейін көлікпен келіп алып кеткенде басқалар сияқты машинада отырып, тойдың қызықтарын еске алып күлмейді. Жұртпен қоштасып болғанша сөйлейді де, машинаға отырған соң, үндемей қалады. Екеуі де үлкен ағамның болашағын алаңдайды. Себебі ол тұрмыста болған қызды аламын деп, әлі күнге айтқанынан қайтпай жүр.

Басында ол үйленемін деген кезде әке-шешем қатты қуанып еді. Анам бірден барлық туған-туыстарына телефон шалып, сүйінші сұрап, аяғы жерге тимей, жүгіріп жүрді. Әкемнің қуанышында да шек болмады. Алайда сол қуаныш сезімі ұзаққа созылмады. Бір рет анам тағы тәтемізге звондап, қуанышты хабарды айтқанда ол кісі ағамның үйленемін деп жүрген қызын танитын болып шықты. «Ол қыз емес. Бір жылдай тұрмыста болған келіншек қой», - дегенді естіген кезде анам не дерін білмей, қабырғаға сүйеніп тұрған жерінде сұлап түсті. Кешке қарай ол «жаңалықты» әкем де естіді. Өзі ұстамды адам болса да, іштей алай-дүлей болғаны барынша байқалды. Сол күні әкем бір отырған жоқ. Үйде ары-бері жүріп, үлкен ұлын, ағамды алған бетінен қайтарудың жолын іздестірді.

Түннің бір уағында ағам да келді. Көңілі жадыраңқы, залда үн-түнсіз отырған бізді көргенде: «Сендер неге ұйықтамай отырсыңдар?», - деп сұрап қояды. Алайда анасының жылап-жылып, қызарып кеткен көзін, әкесінің қас-қабағын көргеннен кейін бәрін түсінді. Сол түні біздің үйде ешкім ұйықтаған жоқ. Басында әке-шешім ағамды отырғызып, тұрмыста болған қызды алмайтынын, оның әулетіміздің атақ-абыройына дақ түсіретінін, бір сөзбен айтқанда, масқара болатынымызды түсіндіріп көрді. Алайда, бұған ағам көнбеді. Сосын анам асүйде бөлек сөйлесті. Сонда да болмады. Таң атқанда әкем шыдай алмай, ағамды ұрып жіберді. Дегенмен, оның ойы өзгерген жоқ. Ол одан да шамданып, үйден екі-үш күнге кетіп қалды.

Қазір өміріміз күнделікті күйге түскен тәрізді. Бәріміз таңертең тұрамыз да, жұмысқа кетеміз. Кешке қарай тамақ ішіп, ертеңгі жұмысқа дайындаламыз. Бірақ бұрыңғыдай емен-жарқын сөйлесе алмаймыз. Үстел басында отырғанда біртүрлі үнсіздік орнайтын болды. Ол үнсіздіктің себебі белгілі. Әке-шешем ар-намыстан аттап, жұрттың алдында масқара болғысы келмейді. Ағам да айтқанынан қайтатын емес. Сөйтіп, екі жақтың қайсысы жол береді деп, бір-бірін күтіп жүргендей. Үлкен ағамды мен де әңгімеге тартып, ата-ананың айтқанына көндірейін деп едім. Бірақ ол: «Жұмысың болмасын! Мен өзім білемін! Басыңа бергенде түсінесің!», - деп шорт кесті.

Бүгінде әке-шешемнің ақыл сұрамаған адамдары қалмады. Бәлкім, уақыт бәрін өз орнына қоя жатар? Дегенмен, осымен үшінші жыл кетті. Анам жиі ауыратын болды. Әкемнің де шаршап жүргені байқалады. Мен болсам, келін түсіріп, ата-анамды бір қуантайын деп едім. Бірақ ағамның жолын кескім келмейді. Уақыт болса, зымырап өтіп жатыр. Не істесем екен?

Кенжебек, Астана

Алаш айнасы

Анасының әруағымен тілдескен жігіт
Қария бағып отырған әйелдерге ескерткіш қою керек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу