Жұматай Жақыпбаев. «Ләйләң қайда?»

Oinet.kz 27-09-2018 897

photo_125142.jpg

«Ләйләң қайда?» - деді маған күліп күн, 

«Ләйләң қайда?» - деді маған күліп түн. 


Дүниенің көріп жүрген күллі елін 

Көрдім маған күннің қатты күлгенін. 


Қатты күлді, әйелдерше күлді кеп: 

«Сені тосып жүре ме ол, - деп, - үлбіреп?!» 


Құшағы бар аялайтын аялы, 

Түн мүсіркеп, түн кеп мені аяды. 


Аяды кеп, аялады күлмеді, 

Қоңыр үнмен жұбатты кеп түн мені: 


«Мәңгі түнге жеткеніңше уақыт көп, 

Күлкілі боп жүрісің де бақыт», - деп. 


Аямайтын күн болып кел – бәрібір, 

Аялайтын түн болып кел – бәрібір. 


Сені, Ләйлә, қара көзді киелім, 

Қайыспастан қара жерше сүйемін.

Жұматай Жақыпбаев. «Көмкеріп маусым біткенде қырқаны гүлмен»
Жұматай Жақыпбаев. «Көкпар»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу