Жұматай Жақыпбаев. «Көкпар»

Oinet.kz 27-09-2018 1135

photo_125142.jpg

Адуын қайсар мінез, темір білек, 

Шыдамай кей жігіттер шайқас тілеп. 

Додаға тайсақтамай тез кірсін деп, 

Ысқыртып атты бұтқа алды білеп.


Қағысып астындағы жылқы малы, 

Көкпарға тебініп жұрт ұмтылады. 

Тақымға орай басып тартқан кезде 

Көк еті көк серкенің жыртылады. 


Жұлқынып пырақтар да күш қылады, 

Келгендей ту аспанға ұшқылары. 

Сатырлап сауырынан қамшы тисе, 

Тұлпарлар тұяқ тіреп ышқынады. 


Жігет пе атқа топты жарғызбаған, 

Әнеки, көкпар кетті андыздаған. 

Дүркіреп тартып берді қуып соны, 

Қала ма мұндай кезде қан қызбаған. 


Жайлаудың айқай басып ойы, көгін, 

Бұл көкпар алып кетті той ілегін. 

Пысқырып адам өлсе қарамаған, 

О, көкпар, өр халқымның ойыны едің. 


Дода боп әдет жанды қысты ма екен, 

Қасиет қанға сіңген ыстық екен. 

…Көкпарда қазақ өзін сынайтұғын, 

Әйтпесе, тышқақ лақ ныспы ма екен?!

Жұматай Жақыпбаев. «Ләйләң қайда?»
Жұматай Жақыпбаев. «Сені көргім...»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу