Жұматай Жақыпбаев. «Көмкеріп маусым біткенде қырқаны гүлмен»

Oinet.kz 27-09-2018 1237

photo_125142.jpg

Көмкеріп маусым біткенде қырқаны гүлмен, 

Көк суы – қымыз 

Көп ішіп жұрт әрі кірген. 

Сарноқай тауда той болды – 

Жиренім менің 

Кермеде тұрды қалмақтың Бұрқаны мінген 

Сетері құсап, көзге ілмей жердегі майда ит пенен құсты. 

Қайтейін, көрмедің, Ләйлә. 


Айғайдан зеңгіп ақ бұлттар 

Күнде өткен аспан, 

Ат қайтты-ай, шіркін! 

Бұрқ етіп Бір беттен ақ шаң. 

Зулады бәрі, заулады жалғыз ат шаңы, 

Тұтанған бикфорд шнурының жүрдек те шапшаң 

Түтіні құсап, көрсетпей жердегі майда қозғалыстарды. 

Қайтейін, көрмедің, Ләйлә. 


Аршалы таудан естіді самалды далам, 

Құшақтап сүйді осынау хабарды ғалам! 

Ала аяқ жирен бәйгеден алдымен келді, 

Өткен ғасырдан жолдаған бабамның маған 

Сәлемі құсап, елетпей жердегі майда Күңкіл-шүңкілді. 

Қайтейін, көрмедің, Ләйлә. 


Аспаннан сүйіп жүрсе егер қырқаны қыран, 

Оны да сонау атамның ұрпағы қылам. 

Ақшамда келіп аулына, атыңды айтып, 

Киіз туырлықты қазақтың Шырқадым бір ән 

Ақаны құсап елемей жердегі майда Поп-музыкаларды.

Қайтейін, көрмедің, Ләйлә.

Жұматай Жақыпбаев. «Ат туралы»
Жұматай Жақыпбаев. «Ләйләң қайда?»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу