Жұматай Жақыпбаев. «Ат туралы»

Oinet.kz 27-09-2018 1446

photo_125142.jpg

Суық тер төккізетін, 

Тау жаман қияметтен. 

Аттар бар өткізетін, 

Қорым тас қия беттен. 


Жол барда ор табылар, 

Тұяққа жүгіретін. 

Аттың да қорқағы бар, 

Сақсынып сүрінетін. 


Қиқулап жар салдың ба, 

Тағдырдай даралайтын – 

Аттар бар қарсы алдында, 

Құз тұрса қарамайтын… 


Жыр елі, күй еліне, 

Ат болған алғаш арман. 

Мұсаның сүйегіне 

Жаяулық таңба салған. 


Барына ат алдырған 

Атама мұрагермін. 

Ақанды Ақан қылған 

Тағдыры Құлагердің. 


Тайында жыр қып түге, 

Мәпелеп жастан баққан. 

Атының жүйріктігі, 

Жігітті аспандатқан. 


Айтамын жақындарша, 

Тұрса да дәтім бармай. 

Тұлпардай ақын болса, 

Тұлпар бар ақындардай.

Жұбан Молдағалиев. «Жесір тағдыры»
Жұматай Жақыпбаев. «Көмкеріп маусым біткенде қырқаны гүлмен»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу