Жанат Әскербекқызы. «Пирамида мәтіндеріне қосымша»
Аптап ыстық қариды кеп қыш-тәнін
«Осы ма – деп – шыққан сенің Ұшпағың?»
Пирамида...
Перғауындар мұратын
Қанша ғасыр құпия етіп ұстадың...
Жатыр мұнда, айта алсаң айт, кім жатыр?!
Кіл бекзада осында ма, кіл батыр?!
Мәңгі өлместей масайраған пенделер
Тас-табытқа тұтқын болып тынды ақыр...
Фәни – жалған екендігін растап,
«Pura-midos»[1] әлі күнге тұр асқақ.
Тән – табытта...
Рух қайда?
Жұмбақ бұл,
Ақиқатты ақырында кім ашпақ?!
Көне Мысыр...
Сусыған құм...
Көкшіл Ніл,
Көкшіл Нілге
тұңғиық көк кеп сүңгір.
Ақырғы күн...
айқара ашып қақпасын
Пирамида...
бір күрсінер,
Өксір бір...