Жанат Әскербекқызы. «Киік қаз жолы»
Киік қаздар,
Талды ма қанаттарың?
Ұштыңдар ма
Күн көзін жанап бәрің?!
Санамдағы сағыныш сартап болған –
Көк жүзіне телміртіп қаратқан үн...
Көл бетінде із қалды шимайланып...
Айдыныңды өзгеге қимай, налып,
Назырқанып ұштың ба текті құсым
Жапандағы қараша үйді айналып?!.
Көне Ұрымнан[3] жеткен-ді көмескі үнің,
Қаңқылыңды сол күнгі мен естідім...
Сен білгенсің әзелден адамдардың
Бір-біріне қимас дос еместігін.
Жолың жатыр көк төсін қақ айырып,
Бүркей алмас жарығын жабайы бұлт.
Айға қарай қаңқылдап сен ұшқанда
Көк бөрі де мұң шаққан талай ұлып:
«Суың қалды, киік қаз, мен де қалдым,
Ілесе алмай сазына сендегі әннің.
Қауырсыннан үздің де тамшы-ғұмыр
Мендік көкжал-әлемді шерге малдың...
Күміс жиек жолың бар айдан анық,
Аспандайсың қуатты қайдан алып?!
Жеті қат көк талдырар қанатыңды,
Тұрақтайсың, айта кет, қайда барып?»
...Басы қайда керуен-көшіміздің?!
Бағзы аңыздың желісін несін үздің?!
Киік қаздың жолына көзіңді сал –
Түбі түсер жолымыз осы біздің...