Жанарбек Әшімжан. «Адалдығы – пәк сәбидей, баладай»

Oinet.kz 25-09-2018 1015

Адалдығы – пәк сәбидей, баладай,

дархандығы – далиған кең даладай,

ақ көңілі – анам жайған өредей,

тектілігі – төрде отырған төредей,

бағбандығы – бал жинаған арадай,

маған адал дос керек!


Күн туғанда ту түбінен ту алар,

арғымағын жер шетінен суарар,

Арал болсаң – ары бірге қуарар,

тек жеңістен тұрмайды ғой бұл жорық,

сәтсіздікте сабырына жұбанар,

маған асқан бауыр керек!


Адырнасын ту сыртымнан атпайтын,

алдаспанын тек жорыққа сақтайтын,

есерлігін ерлігімен ақтайтын,

шибөріше ши түбінде жатпайтын,

жекпе-жектің кіргізетін шырайын,

қан майданда қас жауын да сатпайтын,

маған текті жау керек!


Жасын ұрса жар таба алмай тығылар,

жүргендердің көздерінің сұғы бар,

уысымда жүргендердің уы бар,

туған елдің тұмасының суы – бал,

жарым көңіл жалшының да бақыты –

босағадан еркін еніп жығылар,

таңбасы бар, картасы бар, Туы бар,

маған бүтін Отан керек!

Жанарбек Әшімжан. «Жалаңаш»
Жанат Жаңқашұлы. «Боран»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу