Батырхан Сәрсенхан. «Бір жылғы…»
Бір жылғы тәп-тәтті ойларым,
Өмірге айналды.
Өмірге айналған махаббат майданын,
Жазатын жас жүрек, қайда әлгі?!
Бір жылғы түстердің оятып қалдығы,
Ішінде жүр екем.
Мұңайып қараған тікеннің барлығы,
Күлімдеп қарасам, гүл екен.
Бір жылы кеткемін қайрылмай қауымға,
Бүгінде бәрі аңыз.
Сен үшін шайыр боп жеткенде ауылға,
Қайдасың, қара қыз?
Бір жылғы сол күліс, сол жүріс жүргенім,
Жүк артып қарынға.
Көмілген сенімнің маңында,
Жеңілген баланың жағында.
Бір жылғы парасат былғанса пайдаға,
Өкінбеу қажет пе?
Жылаған бейнем тұр айнада,
Жымиған бейнем тұр, газетте…
Бір жылғы тәп-тәтті ойлардың,
Күнәсін бақылап.
Күнәлі өмірдің біріне айналдым,
Кім үшін?
Ақымақ!..