Батырхан Сәрсенхан. «Поэзияға арыз»
Бояуына сәнін берген сырлы әнмен,
Жыр кітабын ақтарам деп кей шалдың.
Өлеңдері өлімсіреп тұрғанмен,
«Тамаша екен», дей салдым.
Менің жаным жырға жерік досқа асық,
Келші інім,тербелмеген бесік пе ең.
«Мықтысың» деп сүйіп тұрып қоштасып,
Шыға сала еңіредім есіктен.
Муза шешей!
Несіне оны мәз қылдың,
Мазағың ба, әлде алжыған сертің бе.
Жетпіс бесте зорлап өлең жаздырдың,
Іші пысқан кемпірге.
Жағымпазға қол соққаннан шошып ем,
Ақиқаттан жантақ жұтты қанша адам.
Қайран өлең, шыныменен осы ме ең,
Осы болсаң, түкіргенім бар саған.
Қыран құстың қырқып алған қанатын,
Бір бейбақты ескерді ме қара түн.
Мен айтқанмен, баяғы әкім – сол әкім,
Мен айтқанмен, бақытсыздың бәрі ақын.
Азғындықтан арып бітсе бар әлем,
Құнарыңның күлге айналып кеткені.
Азабыңа көнейін, ей, Қара өлең,
Мазағыңа айналдырма тек мені!