Сұлтанмахмұт Торайғыров. Ақ сәула күміс жүзді, құндыз қабақ
Ақ сәула күміс жүзді, құндыз қабақ,
Сен гүлсің иіс шашқан жарып сабақ.
Болғанда көзің — жақұт, етің —торғын,
Қасың — ай, шашың — жібек, мамық тамақ.
Көзің — нұр, сөзің — алма, аузың — алтын,
Самород, қоспасы жоқ нағыз балқын.
Шомылған сұңқар бойың нақ гауһардай,
Бұрқырап нұр төгілсін, маған талпын?
Бір сенсің дүние көрген көзім нұры,
Жарқырап жаным тартар, көңілім гүлі!
Егілген ер көңілім қол сермейді,
Тартса да аспаннан көп жұмақ хоры.
Жан сәуле, кеуде күйген, жүрек жалын!
Кеудем от, жүрегімнің байқа халін?!
Дауасы ауыр дерттің — жалғыз сенсің,
Қолың бер, кетсін қайғы, сөнсін жалын!