Мұқағали Мақатаев. «Баспа, мұнар!»
Арылмасын аппақ нұр бастарынан,
Шашпа ызғар,
Күнімді баспа, мұнар!
Кетпе, шуақ,
Мына елдің аспанынан.
Мейрамы майдан болған қарттары бар,
Мейрамға жаңа келген жастары бар,
Шашпа, ызғар,
Күнімді баспа, мұнар!
Аймалап Алатаудың шырқау басын,
Түтінсіз тұнық ақша бұлтты аунасын.
Майданға емес, мейрамға жаратылған,
Қаным сіңген Туыма су тамбасын!
Тыныштықтың түтінсіз бұлты аунасын.
Адамзат тарихында дара түрған,
Октябрь,
От пен оқтан жаратылған.
Октябрь - оқ пен оттың қанатынан,
Шуағын тыныштықтың сыйлы туған,
Шашпа ызғар, күнімді баспа, мұнар!