Әдебиеттегі әйел шығармашылығы немесе қаламгер қыздарды құттықтау

Oinet.kz 08-03-2024 7126

Жер шарында не көп, жазушы көп. Олардың еленбей кеткендері, еленгендерден гөрі әлдеқайда көбірек екені де анық. Ал бүгінде әдебиет десе, әдебиет өкілдері десе бас бұрып қарауға ерінетін қоғамда күн кешіп жүргеніміз тағы рас. Бірақ, қалай болғанда да сол ақын-жазушылар қоғамның рухани саулығының кепілгері болып қалатыны да рас. Себебі, адамның жаны өнермен, әдебиетпен ғана емделе алады. Ол аз болса Қадыр Мырза Әлі «Жеке адам – қоғамның қолтығының градуснигі.  Ал ақын – заманының сейсмикалық аппараты» дейді. Қысқаша айтқанда, сөз басында жалпы әдебиеттің күллі адамзат үшін маңыздылығын айта кету керек болғанын түсінгеніңізге сенімдімін.

Screenshot_3.jpg

Ал әрі қарайғы сөз сол әдебиет өкілдерін бейсаналы түрде жынысқа бөліп қарауымызға мәжбүрлеп отыр. Немесе саналы түрде бөліп қарағанымызды жасыру үшін 8-наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесін пайдаланып отырған болуымыз мүмкін. Екеуі де емес. Басқа-басқа «әдебиет жынысқа бөлінбейді» деген сөзге қос қолдап қосыламыз. Дегенмен осы мереке қарсаңында қыздардың шығармашылығы жайлы, жігіттердің бірауыз пікір жазғаны әбестік болмас деп ойладық. Не де болса «әйел мен әдеміліктің» егіз ұғымы екені анық. «Әйел, әдемілік және әдебиет» дейтін үштаған ұғым да соншалықты сүйкімсіз естілмесе керек. Бұл – әрі нәзік жандыларды мерекелік құттықтау, әрі замандастардың бірін-бірі бағалауы делік...

Screenshot_7.jpg

Жәудір Нартай

Суретші дипломы бар жазушы

Жәудірді оқыған сайын Оралхан есіме түседі. Аядай ауылдан тұтас шығармашылық жасау – шеберлік болар. Жәудірде осы шеберлік бар. Ол кез келген адамның басынан жазуға тұрарлық тағдыр таба алатын сияқты. Бәлкім әр адамның басында шығармаға арқау болар тағдыр бар ма екен? Дулат Исабеков бір сөзінде «ғаламды зерттегеннен гөрі адам жанын, қарапайым кемпірдің жанын зерттеу қиын» деген еді. Рас та шығар... Бірақ бүгінгі әдебиет тағдыр туралы жырлаудан алыстап кеткен болатын. Бақсам, қателігіміз де сол сияқты.

Жалпы модернистерге дейінгі жазушылардың шығармалары тек тағдырдан тұрады. Олар концепцияға, детальдармен ойнауға құмартқан жоқ. Тура өмірдің өзіндей тағдыр жасады. Әдебиеттің тек тағдырлар тоғысынан классикалық дәуірі болатын. ХІХ ғасыр соңында модернистік шығармалар дүниеге келе бастады. Мұнда тағдыр емес, концепция, авторлық идея басым болатын. Кейіпкер тағдырын ашу емес, сол арқылы идеяны жеткізуге мән берді авторлар. Осылай шығармадағы адам өміріндегі құбылыстар басталды. Тағдырды жоғалттық. Тіпті адам өзі мен Тәңір арасындағы құпиясының өзін авторлар өзгертуге тырысты. Өзіне ыңғайлауға салынды. Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиеті осы концептуалды шығармаларға толық бет бұрған болатын. «Ойлану керек, ой қалдыру керек» деген мәнде жүрді. Шығарма жұмбаққа айналды. Ал Жәудірде жұмбақ жоқ. Болған күннің өзінде ол автордың емес, адам жанының жұмбағы. Созақтың қызы оқырманнан ештеңе жасырмайды. Бүркемелемейді. 

Жәудір Нартайдың шығармашылық формуласы деп ауыл мен өткен шақтың қосындысын айтуға болатын шығар. Бірақ бұл екеуінің қосындысынан ностальгия деген дүние туатын көбіне. Ал Жәудірдің ауылы мен өткен шағының қосындысынан шын көркем туынды туады. Ауылды жазып отырып ауылды сағындырмайды, тағдырды жазып отырып езіп те жібермейді. Яки жалған синтементализм мен аяушылық жоқ оның жазуында. 

Жазушы «мен» деген бірінші жақтан қорықпайды. Ол біреудің тағдырын баяндамайды да және. Жәудір өз оқырманымен тағдырды бірге кешеді. «Той көйлек», «Костяның алғашқы махаббаты», «Ақын болған жазушы», «Ұлжан»... Бұл шығармалардың ешбірін әдеби теориялық талдауларға қия алмайсың. Өйткені тағдырға теория жүрмейді ғой. 

Айтпай кетуге болмас бір мәселе тағы бар. Ол – Созақ. Созақы мінез, Созақы сөз, Созақы колорит Жәудірде саф қалпында сақталған. Оның сөйлемдеріндегі қиямпырлық, қырсық әзіл, кейбір сәттегі жуастығы да Созаққа тартқан. 

Жәудір Нартай. «Суретші деген күректей дипломы бар» жазушы. Суретші емес. Бірақ суреткер. Кішкентай адамдардың кішкентай адамдар мән бермейтін тағдырларының суреткері. 

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ, жазушы

Screenshot_6.jpg

Бақытгүл Сармекова

Стереотипті талқандап жүр 

Бүгінгі әдебиеттегі жас буын арасында өзінің таланты мен еңбегінің, ізденісінің арқасында жақсы танылып, жақсы оқылып жүрген авторлардың бірі Бақытгүл Сәрмекова. Өзімнің аңғаруымша, оның шығармашылығында бір артықшылық бар. Ол өз кейіпкерлерін өте жақсы түсінеді. Қарапайым ғана сөздермен өте түсінікті және сұлу сурет жасайды. Сосын өзі суреттеп отырған кейіпкерін сонша жақсы көріп, аялап, мінезінің қандай қыры болса да ақтап отырады. Оның кейіпкерлері сіздің бақытқа, байлыққа таласпайды, ешкіммен жарыспайды, өмірдің өзін ғана місе тұтып, мән табады, бейғам ғана өмір сүреді. Сондықтан да оқырманға жайлылық сыйлап, бір сәт болсын өмірдің өзін ғана сүйуге, жүрекке, миға маза беріп сәл де болса тыным алуға мүмкіндік береді.

Бақытгүл өз оқырманына жоқты аңсап, бардың қадірін ұмытпа, өмірдің әр сәтін, әр адамды бағалай біл, айналаңнан тек жақсылық көр, адамдарды жақсы көр дегісі келетіндей. Осының бәрін ол тіке айтпай, көркем образдар арқылы баяндап, суреттеп жеткізеді. Бақытгүл тағы бір жағынан ер мен әйелдің ойлауындағы, логикасындағы айырмашылық туралы стереотипті талқандап жүрген жазушы. Бұл бір жағынан оның ішкі дүниесіндегі әйелдік комплекстен ада екенін де аңғартады. Тек әйел кейіпкерлердің ғана жан дүниесін суреттеумен шектеліп, әлемге тек әйелдің көзімен қарап отырып алмайды. Өзін әйел қауымының әдебиеттегі өкілі санамайды. Бұл оның өмірдегі қарым-қатынастары мен іс-әрекетінен де көрінеді. Бақытгүл «әйел жазушы» деген атқа саналы да, санасыз деңгейде де қамалмайтын шынайы жазушы. Бұл жерде мына бір нәрсені анық айтқым келеді, санадағы бұндай қоршауға түсетін де, одан азат болатын да адамның өзі. Сондықтан да, азат саналы Бақытгүлдің қаламынан не бір көркем образдар дүниеге келе бермекші.

Есбол НҰРАХМЕТ, жазушы

Screenshot_5.jpg

Аягүл Мантай

Ол – Аягүлдің өзі екен...

Ол шақта дүниеде әдебиеттен өзге нәрсе бар десе, сенбес едік. Жаһанға қиял желбезегімен қараған киелі күндердің бірінде «Жаңбырлы көктем» атты кітапқа жүздестік. Біздер қарлығаш тіліндей жұқалтаң кітапты сүюші едік. Онда не бар демеңіз, не жоқ деңіз. Онда адамның әлі семіп үлгермеген тұма қиялы, қайырымы, мейірбандығы, көрінбесті көзден оқыр қырағы ұяңдығы бар-тын. Әр шығармасы жанымызға пәктік отын құйып, айналаны көркем де мұңлы назға орайтын. «Томпақ» әңгімесіндегі ортадан оғаш қалып, дербес қиялымен ғұмыр кешер томпақ қыз бейнесінен өзімізді көруші едік. Сөйтсек, ол Аягүлдің өзі екен...

Қайран Аягүл! Асу-асу ізденіс адырларын кезіп, арманшыл жүрегіңе қайта оралған шақта сен асау талантыңның құйынына ілесіп аспанға ұштың. Сен жүрген көшелер, бағдар­шамдар, жолбелгілер, қарағайлар, қайыршылар, бәрі де саған куәлік етеді. Сен асқақ талантсың, арынды дарынсың. Мүмкін ажал да алдыңа қолы сияға малынып, кеудесі қайырымдылыққа толып, денесін әріп қаптап, асқақ басып келген болар...

Батырхан СӘРСЕНХАН, ақын

Screenshot_4.jpg

Ақжан Аманжол

Ақжанды Ақжан етіп тұрған ол – Сезім

Мен Ақжанмен танысқаннан бері, мен оны танымағанымды аңдадым. Ол өзгесі былай тұрсын, өзіне де жұмбақ секілді көрінеді маған. Өмір сүру әдебі, сөйлеуі, сезінуі Алматыға жат, жараспайтын секілді, бірақ ол Алматыны шын сүйіп, шын ұғына алатын жандардың санаулысы. Өзі жатқа білетін көшелерде адасуы, тіпті өзі кезген қаланың Алматы екеніне де күмән келтіруі, оның болмысына жат емес. Ақжанның жаны сондай нәзік һәм сондай қатты. Болмашы дүниеге жанарына жас үйіруі мүмкін немесе жан баласының жанын езіп өтетін шақтар Ақжан үшін кезекті күн секілді өтеді де шығады. Ол танымасқа өзіндей сене алады, өзіне жат сынды сұқ саусағымен нұсқай қарайтыны тағы бар. Ақжанды Ақжан етіп тұрған ол – Сезім.

Қалыңға бұйырмаған кіршіксіз, шынайы сезімдер оның жүрегінде дамылдап жатыр. Шат-шадыман шаққа тап келіп, асқан қуанышы қапсыра құшақтай кетсе, кей шақта қателіктері аяғына тікенді шырмауықтай оратыла кетсе де, сондағы  әр  сәттің қасиетіне шынайы сезімдеріне ерік береді. Сондықтан оның өлеңін талдаудың қажеті жоқтай көрінеді. Жалпы өлеңді талдау емес, сезіну керектей. Ол өз шығармаларын оқытқысы келмейді, сездіргісі келеді. Кез-келген тақырыптағы өлеңі гүл күлтесіндей жеңіл де нәзік, ал сіз алар сезімнің салмағы...

... « үлкен қалада жаңбыр жауғанда 

ұлу іздемей не істесін?» 

Ал ол өзін іздейді, іздейді де адасады. Соңыра тапқаны өлең болады. Сіз Ақжанды таптыңыз ба?

Мехриддин Өтеген, ақын

«Әлмерек Жаншықұлы және оның өнегесі» атты жыр мүшәйрасы
Есаманның шешесі (әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу