Есаманның шешесі (әңгіме)
Бұл ауылдың еркек кіндіктілері намазға жығылудың орнына төрт-бес жылдан бері араққа жығылып жатыр. Жығылмағанынан қалғаны алды жеті, соңы төрт жылды арқалап, түрмеде отыр. Бәрінің де қылмыстарының түрі – мал ұрлаған, төбелескен, суық қару ұстаған.
Анау темір қақпалы Зылиханың үйінің бір бүйіріндегі кішкентай дүкен жақсы болды. Күні-түні есігі ашық, арақ сатылатын жер – осы. Бастарын қылқитып барады да тұрады сол жерге.
Арақтың пайдасынан жағдайын түзеп алған Зылиха «өліп бара жатырмын» деп босағасында боздағандарға да бір жартыны тегін бермейді. Бұрындары қарыздарын дәптерге жаздырып, азын-аулақ азық-түлікке қосып шөлмектерін алып кете беретін. Жиналған қарызының өтемін қозылай, лақтай, тіпті кейде қойдай беріп жүрді. Кейін Зылиха мал басы жоқ үйлерге қарыз жазып беруді саптай тыйып тастады.
Зылиханың дүкенін сыртынан торуылдап жүреді де, ақыры ешнәрсе шықпаған соң, тиын-тебен тауып, сатып алып кетеді. Таң атпай бас жазуға бір-екі бөтелке жетіп жатыр. Кешке дейін сосын есалаң болып жүргені. «Ертең жұмыс қой, қояйық» дейтін ауылда жұмыс жоқ. Бүгін де солай, ертең, арғы күні де – осы.
Үй ішінде малды шығарып, кіргізіп, жайлап деген сияқты ұсақ-түйек шаруалармен жегілейін десе, қорада мал басының көрінбегені қашан. Есік алдындағы қора-қопсыда мал болмаған соң, оның да қиюы қашып, аңғал-саңғал қалпы жарбиып қалды.
– Үкіметтің жұмысы болмаса, қараптан-қарап отырып өлесіңдер ме, ата-бабаның айналысқан тірліктеріне көшсеңдерші. Есік алдын тырмалап бақша ек, ең болмаса бір дорба картоп салып, соны күтсеңдерші, атаңа-нәлеттер-ау, жынды судан өлдіңдер ме, түге! Отбасыларыңды ойласаңдаршы бір мезгіл. Бізді әке-шешелеріміз малмен-ақ асырап бақты ғой. Колхоздан ақша алып, қолдарына ұстап санап отырғанын көрмедік, не базарлап бірнәрсе сатып алып арқа-жарқа болғанын да байқамаппыз. Малды сойып тамақ ететін, малды сатып қаражат қылатын. Сонымен күнелттік өзіміз де. Мына заманның жынды суы сендерді емес, қайта сендер жынды судың есін алып кеттіңдер ғой, – деп осы ауылда өмірі қарап отыруды білмейтін, темір ұстасы болған Әбдікәрім шал, шыңылдатып төске балғасын соғып отырып, ақша сұрай барғандарға, не болмаса адам басы жиналған құдайыда, той-томалақта дастарқан басында жөн сілтеп, сөздің парқын білетіндерді жақсылыққа итермелейтін еді. Ол да алдыңғы жылы қайтыс болып кетіп, орны ойсырап қалды.
Бұдан өзге ақыл айтатын, жеке басының қадірі бар ақсақал жоқ. Бір нәрсе дер болса оның бұрынғысын жақсы білетіндер: «Ақылыңды басыңа шайнап жақ, ақылың өзіңе, кеше емес пе сенің де ішіп жүргенің», – деп бетіне кінәсін баса салады. Сондай сөз естуден жалтақтай ма, әлде жаратылыстағы бар болдықтарының түрі сол ма, ара-тұра ішуден қалған үлкендердің өзі: «Е, қойшы, ақыл неге керек, ішкісі келіп тұрғандарға», – деп қолын бір сілтейді.
Мұндайлардың көбі – зейнетке шықса да, сақал қоюды арсынып, тұқыртып иектерін қырып, үлкендікке мойын бұра қоймағандар. Басқаларына сөз батпайды. Арақ арбап алғаны сондай, қатын-баласынан айырылса да, шөлмек шіркіннен айырылғысы жоқ. Тіпті балаларымен жасты кішілермен қосылып отырып, арақ ішуден қысылып көрген емес. Қайта оларды осы ащы суға өздері итермелеп:
– Кел, алып қояйық, бұ дүниеде не көріп жатырсыңдар, армия сендерді алмайды, оқу миларыңа қонбайды, үйленейін десеңдер жұмыссыз сандалып жүрген сендерге қазір қыздар қарамайды да, тимейді де. Өз беттеріңше тірлікке ақшаларың жоқ, әкең… Мына өмірге зығырданың қайнайды, тек еститінің қатынның айқайы ғана, одан да рахаттанып алып қояйық, – деп стақан соғыстырып отырғаны.
Осы тиіп-қашпа «алып қояйықтардың» қатарына тұрақты мүше болып қосыла алмай, не болмаса алаңсыз олардан күдерін үзе алмай, әрі-сәрі бел ортада жүрген жалғыз еркек бар, ол – Есаман. Өйткені Есаманның басқалардай емес, жегілген шаруасы бар. Қолдағы екі сиырын бағады, жаз болса қауын егеді, шөп шабады, қора-қопсы жөндейді. Әйтеуір тірліктен арылта қоймайды. Мұны осындай тірлікке жегіп, қолын босатпайтын – үйіндегі сексеннен асқан шешесі.
Есаман – бұрын колхоздың барлық шаруасына араласқан адам. Оның қолынан бәрі келеді. Темірден түйін түйген шебер. Трактор да айдады. Мал да бақты. Құрылысшы да болды. Егін де екті. Басшылар қайда жұмсаса, сөзге келмей шаруашылықтардың түрлі жұмыстарында жүрді. Адал ісіне мақтау қағаздар да алып, бір кезде аудандық газетте де суреті шыққан адам. Шешесі әлі күнге дейін сол суреті бар газетті жұртқа көрсетіп, мақтанудан жалыққан емес.
Есаманның өмірі аурудан «жазылмайтын», ана жерінің ауруы жазылса, мына жерім деп отыратын еркелеу әйелі, мектепте оқитын екі кішкентай ұл баласы бар. Есаман ешкімнің көңілін қалдырмайды. Сол көңілшектігінен кейде: «Ә, Есеке, енді бізді ұмыттың ба, бір шөлмектің басында отырып, тастап кетесің бе, мынаны тауысып кетсейші…», – дегенге көне салады. Сөйте тұра таяқ ұстамаса жүре алмайтын кемпір шешесінен өлердей қорқады.
– Ал давай, алып қояйық. Апам осы жаққа кеткенімді білсе қазір жетіп келеді де бәрімізді қырады, – деп «кәмпандас» болып отырғандарды асықтырады.
– Келе берсін, өзіміздің апамыз ғой. Ол кісіні былай құшақтап көтереміз де, «төрге отыра тұр, апа» – дейміз, – дейді араларынан біреуі.
– Иә, дерсің. Ол кемпір бас көзге қарамай таяқпен салады ғой.
– И, Құдай, таяғын да жәйімен ұстап алып.. мына жаққа қоя тұрамыз ғой…
– Жоқ, өйтуге болмайды. Апам келсе, бәрінен де мен құримын. Кетем үйге, – деп Есаман асығып, бір-екі рюмкені соғыстыра, көзін жұмып тартып жібереді де, келген ізімен қайта кетеді.
Мұны білетін ауылдағылар Есаманның бұл қылығын шешесінен қатты қорыққаны демейді, қатты сыйлағаны дейді. Қалай болғанда да Есаман шешесінің бетіне әлдекімдерше қарсы келіп көрген емес. Елуге жақындап қалса да, балаларының көзінше ұрсып «тәрбиелеп» отырған шешесіне:
– Түу, апа-ай, енді қойдым ғой, қойдым. Ішпеймін. Иә, бармаймын… Иә, сөйтем. Ұрса бермеші енді, – деп басын төмен салбыратып отырғаны. Қос қолымен таяғын жерге мығымдап ұстап алған кемпір жерден алып, жерге салып ұрсып, әбден шаршаған соң:
– А, Құдай, осы жалғыздың басына ми бер, ақыл бер, жынды судан қашық қыл, – деп күбірлеп, Жаратқан иеден жалбарынып көмек сұрап барып басылады.
Бұл – талай қайталанған үйреншікті жайт. Біреу сөзін сөйлесе, жаман атты болып несі бар. Есаманның әйелі күйеуінде шаруасы жоқ, басқа әйелдердей «өйт, бүйт» деп ақыл айтпайды. «Қайда жүр?» – деп іздеу салмайды. Кім кездессе де өзінің тоқсан тоғыз ауруының жырын жырлап отырғаны.
– Осы түнімен сол жақ бүйрегімнен де, оң жақ бүйрегімнен де шаншу қадалып… Мына жамбасым да сырқырап, аяғымның табаны тартылып, құмға түсем бе қайтемін енді? – деп отырғаны. Келінінің бұл қылығына енесі де үйренген. «А, бүгін ауырып қалдың ба?» – деп жанашырлық білдіре қоймайды. Естімеген қалыпта отыра береді. Өзі сексенге келсе де бір жері ауырып көрген емес. Келінінің күнде таусылмайтын ауруын түсінбеуі де мүмкін. Сорлағанда құлақ шіркіннен сорлап тұр. Естуі нашар. Әйтпесе, келін шағымданып отырған оң бүйрек қай жерде, сол бүйрек пен жүрек қай жерде, білген емес.
Кейуананың бар арманы – осы Есаманның жұрт қатарлы адам болуы. Кемпірдің ойынша ұлында әлі сана толық емес. Толық болса, арақ ала ма аузына. Өзі өліп қалса Есаманның отбасы бәрі далада қалатындай. Сондықтан көзі тірісінде жалғыз ұлын шегелеп отырып түсіндіруден жалықпай, бәле-жала жабысатын жерден сақтандырып отыру керек. Ал кемпір тыныш болуы үшін Есаман тура көз алдында шаруасын істеп қана жүруі тиіс.
Бүгін таң атысымен есік алдындағы кесілген қисық бөренеге жарбиып отырған кемпір, самаурынға отын жарып жатқан немерелерінен:
– Әлгі ит қайда жүр, әй, ә? Қай жаққа жым-жылас жоғалып кетті. Өмірзақтың Топашымен өзі бір жерде ішіп отырған жоқ па? Күн сәске болды ғой. Анау қауындыққа неғып кетпей жатырсыңдар. Түс болып, күн шыжығанда не жұмыс болады?! – деп сұрады.
– Ол ит былай қарай кетті, әже, – дейді кішкене немересі әкесін айтып тұрғанын біліп, кеткен жақты қолымен нұсқай.
– Бар жүгір, шақырып кел. Әжем келе жатыр де… Соямын сол жерде отырғандарды түгел. Білдім, онда ол Нартайдың үйінде десейші. О, оңбағырлар! Әкесі марқұм, Нартайдай әнші болсын деп атын Нартай қойып еді. Атасының басы, әу деуді білгені былай тұрсын, салынып ішіп, пиәншік атанды. Көгермегір! Шешесінің соры. Қатынынан бір айырылды, осы арақтың кесірінен. Енді өзімен қосып жұрттың бәрін пиәншік етпекші ғой. Осындай жексұрындарды Құдай ала қойса ғой, көзге күйік қылмай.
– Біздің көкем ішпейді ғой, – деп екінші немересі әкесін ақтағандай болды.
– Ішпесе, ол үй жақта неғып жүр? Осыдан бар ғой аузынан бір иіс сезсем, әкеңді өлтірем! Мына таяқ сынып біткенше ұрам!
Немересі әжесінің сырын біледі. Бұл кемпір ұрам десе – ұрады. Көкесін бұлардың көзінше талай сабаған. Сонда Есаман бірауыз артық ешнәрсе демейді-ау. Былтыр қайдан ішкені белгісіз, қысыр қалған сиырын балаларға киім әперем деп базарға алып барып сатып, сол күні аздап ұрттап келген. Малдың ақшасын кемпірге санап беріп отырғанда, шешесі Есаманға:
– Көбейгір-ау, ішкенсің бе? – дейді ғой.
– Иә, апа.. кішкентай ғой.. бір шәй кеседей ғана іштім. Пива ғой, пиваның иісі…
Есаман өтірік те айта алмайды. Сол-ақ екен кемпір қолындағы жидеден жасалған таяқпен ұлының басына перді келіп, перді келіп… Есаманның маңдайынан қып-қызыл қан сау ете қалды. Самаурынның шетінде отырған келінінің жан даусы шықты.
– Ойбай, апа-ау, қойсай енді, қойсай.. Өлді ғой..
– Өлсе – өлсін! – кемпір төпеп жатыр.
– Әй, сорлы, түрегел де кетсей сол орныңнан, басыңды тоспай! – Әйелі шырылдап Есаманның аяқ жағынан келіп, аяғынан тартты. Жүгіріп келген немересінің үлкені әжесінің таяғын ұстап тұрып қалды.
– Әже, қойшы енді, көкем өледі ғой..
Кемпір қояр емес.
– Мен саған ішпе деп ем ғой! Ішпе деп ем ғой…
Есаманның бір кезде дауысы шықты-ау.
– Ойбай, апа, қойшы енді… басым! Үйбай-ай, мына басымды-ай.. Енді ішпеймін ғой. Пива ғой ішкенім, өллаһи, пива..
Баласын ұрамын деп кемпір ентігіп, әбден болдырды. Содан соң киер-кимес қып аяғына галошын сүйретті де, далаға шығып кетті. Есаманды әйелі, балалары ортаға алды. Қаны сорғалаған шекесін йодпен сүртті ме, жоқ, зеленка жақты ма, аққан қанмен қосып ағал-жағалын шығарған әйелі:
– Сорлы-ау, тура таяғының астына жатып, басыңды тос-ы-ы-п тұрғаның не? Ең болмаса басыңды бұрып әкетпейсің бе, былай немесе түрегеліп кетсең де болатын еді ғой, – десе үлкен ұлы:
– Ия, көке, әжемнің таяғын тартып алмайсың ба? – деді.
Далада отырған шешесі тағы да Құдайға жалбарынып:
– А, Құдай жалғыздың басын жарып тастадым ба, не істедім?! Кешіре гөр! Жалғызды бала-шағасымен аман қыла гөр! Ақылынан айыра көрме… Жынды сулан аулақ ете гөр… – деп әдеттегідей күбіріне басты.
Арақ ішу асқынып бара жатқан ауылдың түрін көріп кемпір Құдайға не деп жалбарынарын білмейді. Басқаларға бәрібір сияқты. «Құдай-ау, бұл жалғыздың бара-бара күні не болар екен? Қашанғы ұра берем, айта берем? Тіпті ойлап берсем, менің Есаманым да кінәлі емес сияқты. Анталап бәрі «іш-іш» дейді де тұрады. Көңілшек сорлы ешкімнің бетін қайтармайды. Ол маскүнем болып кетсе, ертең қатын баласына кім қарайды, үйге кім ие болады? Мына бір жынды су шығарып, оны сатып, ел-елге таратып отырған адамдардың басында неге ес жоқ? Құдайдан олар неге қорықпайды, имансыздар, а?» деп ойлады да, кенеттен есіне арақ сататын Зылиха түсе қалды.
– Бар пәле осы қатында. Ауылдағы бар еркекті бұзып болды. Неге арақ сатады-ей! Ақшаға құныққан неме, Құдайдан қорықпайтын, обал-сауапты білмейтін, қар. Барайын да айтайын. Дүкенін жапсын! Не болмаса арақ сатпайтын болсын!
Бағана әкесін шақырып келуге жұмсаған немересінің де, баласы Есаманның да төбесі әлі көрінбейді. Кемпір бүкірейген күйі қолындағы жиде таяғына сүйене Зылиханың үйін бетке алды.
Кемпір үйден шыға бергенде жүрегі қатты-қатты соғып, ентіккендей болған. Өмірі ауырып көрмеген, оны елеген жоқ. Жүрісін тоқтатпады. Бір уақта құлағы шыңылдады. Денесі қара терге түсті. Көз алды кіреукеленіп, дым көрінбегендей болды. Жол жиегіне отыра кетіп, ентігіп: «О, Алла, лә-илла-һа, иллау-ла», – деп өзінше тілін кәлимаға келтіріп жатты.
…Нартайдың үйінен сүріне қабына баласына еріп шыққан Есаман үйіне жетер-жетпесте бір шоғыр адамның жол жиегінде үрпиісіп тұрғанын, жол жиегінде шаңда сұлап жатқан шешесін көргенде тұла бойы мұздап сала берді.
– Апа-ау, өлме, апа-ау! Өлмей тұра тұршы. Міне, мен келдім. Есаманмын ғой. Қасыңда тұрмын, апа… Естисің бе, көзіңді ашшы, апа! Апа-ау, түк ішкенім жоқ апа, – деді көз жасын көлдете Есаман. Кемпір көзін ашқан жоқ. Аппақ шүберектей өңі ағарып, ерні кезеріп кетіпті. Көптің аты – көп. Жиналып кемпірді кенепке салып көтеріп үйге әкелді.
– Құлыным, кеш… кеш мені… – Төрге көрпешеге қойып жатқанда кемпірдің тілі ап-анық қып осыны айтты. – Ішпе, құлыным, ие бол үйге. Сөйтті де жүре берді.
Есаман жас емес. Елуден асып барады. Ішпейді. Шешесіне берген уәдесін берік ұстады. Қазір ауылдағыларға бас болып:
– Қойсаңдаршы осы арақ дегенді. Үкімет ауылға бет бұрып жатыр. Жерге бірнәрсе егіп, оны-мұны тірлік жасаңдар. Отбасыларыңды асырауға тырысыңдар. Өздерің жұмылмасаңдар, ешкім көмек бермейді мына заманда, – деп ақыл айтып жүр.
Екі ұлымен кесек құйып жаңа үй тұрғызды. Есік алдындағы сарайын кеңейтті. Малының да басы баршылық. Ұлының үлкені қалада политехникалық техникумда, екінші курста оқып жатыр. Кішісі қасында, мектепті енді бітіреді. Шаруаға ол да пысық. Есаманның құрдастары: «Қайтсін, шешесінің таяғы өтіп кеткен. Енді ол араққа қайтып келмейді», – деп күлетінді шығарды. Не десе де Есаман арақ дегеннен бойын аулақ ұстайтын болды. Ал кемпірдің жиде таяғын келіні қастерлеп, түкті кілем тұсына жібек бау тағып іліп қойды.
Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері