Аяулы ақын
Селкеу түссе сенімге бір,
Күй кешеді көңіл небір.
«Адамдардың бәрі – аяулы,
Надандарсыз», – дедің бе өмір?
Дедің бе өмір, құрамы тек,
Мейірімнен тұрады деп?
Аяулы адам – гүл секілді,
Кім көрінген жұлады кеп.
Жігеріңді оят көркем,
Тағдыр кімді аяпты, еркем?
Ақ қар-дағы, заңдылық қой,
Тапталары аяққа ертең.
Жаның күйіп жатса алаңдар,
Бой көрсетпес бәтшағарлар.
Қайғы көрсең, ортақтасар,
Кеміп жатыр жақсы адамдар?
Өкпелеймін бекер, дәйім,
Ұғар кім бар бөтен жайын?
Жақсы адамдар болып жатса,
Беріңдерші мекен-жайын,
Адамдар!
Бұл - жарық дүниеден жақсылықты, жақсы адамдарды іздейтін аяулы ақын Дәурен Айманбеттің «Аяулы адам» өлеңі. Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері жарас Сәрсек: «Ақындық дейтін мансап жоқ. Өйткені ол – кәсіп емес. Ол-өзінше бір әлем. Ондағы температура құбылмалы. Дауыл тұрса ықтасын іздемейсің, егіздейсің. Саябыр тапса-тыншымайсың, тыныстайсың. Ол әлемде де ай бар, күн бар, аспан бар, жер бар. Әйтсе де шын ақын оны басқа көзбен көреді. Ай мен күн, аспан мен жер тілсіз. Ақын шіркін оған жан бітіреді, сөйлетеді. Тіпті күлдіреді, мұңайтады. Мәселе – қалай сөйлетуде, қалай күлдіріп, қалай мұңайтуда. Азабы – осында. Тәуекелі жетпегендердің тауы шағылып, көп пенденің тасаға тығыла беретіні де содан болса керек. Шығармашылығына біраз жылдан қанық оқырман ретінде Дәурен ақынға өз басым табандылық тілеген болар едім. Қызығы мен шыжығы қатар алмасқан қасиетті сөз патшалығында ондай мінез аса қажет. Бояуы қалың сөзіңе де, боркемік болған төзімге де өзің жауаптысың онда. Бұл тұрғыда Дәуренге сенем өз басым. Тек өз-өзіне қаталдау болғанын қалар едім. Қарапайым жазу мен қарабайыр жазудың ара-жігін ажырата білсе екен деймін. Мерзімді баспасөз бен әлеуметтік желіде жарияланған жақсы жырлары аз емес ақын інімнің. Оған ара-тұра ой-пікірімді білдіріп те жүрмін.
«Қадіріңді қайтейін еленбейтін,
Мойын бұра көз жетпес тереңге, ей, кім?
Әлденені тұрамыз тосып алдан,
Аялдамада аялдап «Өлең» дейтін», - деп елеңдеген автордың «Аялдамасына» асыққан ажарлы жырына аялдар оқырманы көп болсын деп тілейік,ендеше», - деп ізгі лебізін білдірген. Ал, айтулы ақын Абай Қалшабек Дәурен Айманбет туралы «Жүрегін сағыныш сыздатқан шайыр» атты жазбасында бүй деген:
Әдебиеттанушы ғалым Ақжол Батырұлы «Әдебиет туралы жазбаларында»: «Шедевр – тұтас кезеңнің жемісі. «Қартқожа», «Батыр Баян», «Оян, қазақ», «Айтыс» – алашорда кезеңінің мәністі мәнерлерінен. І.Есенберлин, О.Бөкей прозасы, Мұқағали лирикасы, М.Шаханов балладалары – «алпысыншы жылғылардың» айқын қолтаңбасы іспеттес. «Алпысыншы жылғылардан» кейін арнайы әдеби кезең қалыптанған жоқ. Сондықтан да шедевр жоқ. Қалыптасу жүріп жатыр. Ол міндетті түрде болады. Ендігі кезең – тәуелсіздік кезеңі. Оған кім ілінеді? Белгісіз. Алмас қылыштай қаламдар әр жерден-ақ жарқылдайды. Бірақ тарих пердесі толық түрілмей тұр, әзірше», – деген тұжырым айтады. Осы тұжырыммен келісе отырып, әлі «толық түрілмеген тарих пердесінен» Дәурен Айманбеттің шығармашылығына үңіліп көрмекпіз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әдебиет әлемі тоқырауға ұшырағандай көрінгені рас. Бірақ Оңтүстік өңіріндегі әдеби процесс толастаған емес. Соңғы жылдары шыққан Мархабат Байғұттың «Ақтолғайын», Зылиха Жантасованың «Жанымның жаз ғұмырын» ерекше бөліп атар едік. Осы қатарда Бақытжан Алдиярдың «Қазығұрттың қоңыры» да бар. Сағыныш сыздатқан жүректі шайыр Дәурен Айманбет туралы жырынан ғасырлар иісі аңқыған Алтайдың мұзбалағы Ұларбек Дәлейұлы былай депті: «Атасы Альпі тауында ат шалдырған, арғы тегі ардагер далалық көшпендінің бүгінгі тұқымы ақын бейнесіне еніп, мына жауыр әлемді қайта шарлауға келгендей, Айманбетов поэзиясы тұтас бір тұңғиық әлемге сапар шегіп барады. Әлем болғанда қандай, көңіліне әртүрлі сезім сыйлаған өмір құбылыстарын бір жүрекке жинақтап, өр рухымен, нәзік жанымен ертеңгі өмірге сағына сапар шеккен әлем. Кірбің түспеген алуан жырдың құдыреті өз оқырманын біртіндеп тереңіне сүйреп, мезгілдер бағына апарады. Ұзаққа шұбалған керуенге еріп, поэзияның сағыныш сапарын бастайды». Жап-жақсы-ақ айтқан Ұларбек. Дәуреннің шығармашылығында табиғат лирикасы ерекше көзге ұрады: «Қара албасты сұр реңді, Қара көбең іңір енді. Қара қағаз хат алғандай, Қаратау жақ күңіренді», немесе, «Қыс емес пе? Ендеше, жаумай ма қар, Анау тауға өң беріп, баурайға бар. Бәрінен де бақтағы талдарды айтшы, Жамылмаса ақ көрпе жаурайды олар!». Сөз жақсысы атануға үмітті жырларынан «Асық жайлы», «Ар жайлы өлең», «Аяулы адам», «Нөсерлі қаңтарды» бөліп атар едік. Осы жырларынан адамдықтың, қазақылықтың, ауылдың исі бұрқырап шығып тұр. «Нөсерлі жаңбырындағы» мына жолдарды жазу үшін, табиғаттың тілін дәл осылай түсіну үшін іштен ақын болып туу керек шығар сірә: «Қара желді, нөсерлі, күн тұманды, Қақпас желің талдарды сілкіп алды. Қолшатырсыз малмандай болған бақтың, Көк тұман да сүйкеніп шырқын алды. Сан бұтақтар жалына құдайға енді, Соққан желден иіліп құлай берді. Жапырағын үзсе де күз келгенде, Жек көрмеген шығар-ау, бұлай желді». «Сары жапырақтар», «Үзілген жапырақтар» – тек табиғат лирикасы емес, жүрегін сағыныш сыздатқан ақынның ішкі әлемінің суреттері.
Дәурен ұлт тағдырына қатысты істерде үнсіз қалмайды. Ол жер тағдырына, ел тағдырына алаңдайды. Осы алаңдаушылық оның өлеңдерінен де көрінеді. Айманбеттің шығармашылығына тән тағы бір ерекшелік – оның өлеңдеріне форманы мазмұннан жоғары қоятын түбі еуропа жұрттарынан бастау алатын әдеби бағыттардың салқыны тимеген. Содан оның жырларынан сыртқы форманы мазмұннан жоғары қоюшылықтың әуресі, екеуінің парқын білмей шатастырудың әлегі көрінбейді. Отыздан асқан ақындар жайлы талдау жасаған Муәлліф Айманбетов туралы бүй депті: «Шайыр табиғатпен терең тіл қатысады екен. Өзі махаббаттың машақатын әбден тартқанға ұқсайды. Қара һәм сары түске малынған жырларына қарап, бояу палитрасы тым қою екенін байқадым. «Қараша. Қара...», «Күзді әлі сүйеді екенмін...», «Сары мұң ол – сағыныш саған деген!», «Атырау-Шымкент... Ақтөбе вокзалы» жырлары – Дәуреннің көркемдік табыстары. Шырайлы Шымкентте тәтті шерге оранған бір шайыр шығыпты деуге болады». Осыған қосып аларымыз жоқ. Айманбетов расында, осындай ақын.
Иә, Аймантовтің аға-досы, айтулы ақын Абай Қалшабек осылай пікір білдірген. Дәурен ақын туралы, оның өлеңдері туралы айтатындар, жазатындар аз емес. «Аяулы адам», «Аялдама» атты каітаптардың авторы атанған ақынның туындыларына, ерекше сезім сыйлайтын әсерлі өлеңдеріне тоқталып өтпеу, әсте мүмкін емес.
САРЫ ЖАПЫРАҚ
Сары жапырақ – сарғайған жүрек,
Келгендей ұшып шалғайдан жүдеп.
Тентек жел оның тағдыры шығар,
Араша сұрап талды айналды кеп.
Сары жапырақ – тал мұңы бәлкім,
Неге онда жерде қалды бұл алтын?
Көнбеске бар ма шарасы шіркін,
(Таңдап алмаған тағдырын әркім.)
Сары жапырақ, кәрі жапырақ,
Қартайды күз кеп тағы да атырап.
Бір кезде балғын жүрек-ед жасыл,
Жатқандай бүгін зарыға құлап.
Сары жапырақ – өрнегі зерлі,
Айналды-ау тентек ермегі желдің.
Қыс келіп ертең қар асты оны,
Шірітер ащы кермегі жердің.
Сары жапырақ – дір етер қыз мұң,
Мен-дағы сондай суреті-ем күздің.
Алай да дүлей шыр айналдырған,
Тағдырымыз да бір екен біздің.
АНА
Ана, жылайсың кеп,
«Оңбадың» - деп...
«Мен меңзеген биікке қонбадың» - деп.
Сен аңсаған жақсы адам болмадым кеп,
Тіліңді алмай сорладым көп.
Ана, ренжімесім!
Демегенсің, білемін, мен жүдесін.
«Тағдыр салса басыңа» - деген сөзді,
Сен білесің.
Жылайсың енді несін?
Ана, сен әкелген,
Ұнайды өмір.
Маңдайыма жазған сын құдай небір.
Сәл шыдашы, шыдасаң жанымды ұғар,
Жақсылары көп мына шыдайды өңір.
Ана, мәпе көрген,
Ұнайды өмір «құдайлап» сен әкелген.
Тағдырыңа бас иген жоқ па ең сен де,
Айырғанда «тас жүрек» мені әкемнен?
Ана, аң екеш те,
Қорғайды ғой баласын әр егесте.
Мен жеңілсем түседі әкем еске,
Өмір дейтін төбелесте.
Ана, жылайсың кеп,
Іштің деп те.
«Қызылдардың» үйіне түскім кеп пе?
Тартып едім «нәлеттен», білмедім ғой,
Жайыларын өсек боп істің көпке.
Ана, жыламашы!
Қатып кетті балаңның мына басы.
Жолы болмай онсыз да мұңға батты ұл,
Сырласатын сұм болып сыраласы.
Ана, сен ұғасың,
Жарып алса жақсы ұлың мына басын.
Тұрып кетем мен әлі, уайымдама,
Тұрады ғой, кез келген құлағасын!
Ана, отбасыма,
Шаңырақтың иесі боп басына,
Жүретұғын жан едім жұрт секілді,
Күлкі болдым дұшпан мен көп досыма.
Ана, жаным, ана!
Жаралғаным – сорыңа, бағыңа ма?
Сенің әрбір жасыңа жауаптымын,
Сенің балаң негізі әлі «бала»!
Жаным, уайымдама!
АЯЛДАМАДА
Көңілде ешбір әлденедей жоқ кірбің,
Аялдама астында үнсіз көп тұрдым.
Қай автобус күткенімді білмеймін,
Қай жақтарға кеп тұрғанын кеткімнің.
Бірі кетіп, бірі келіп бір жақтан,
Қолдарында әрбірінің бір заттан.
Сағат сұрай қалсаң жауап берместей,
Бәрінің де көкірегі зіл батпан.
Орыс келді мойнына асып мысығын,
Кәріс келді қойнына сап күшігін.
Аялдама мал мен жанды бөлмейді,
Қазақ келді сүйреп титтей үш ұлын.
Жолды кесіп барады бір мас бері,
Жол патрулі тоқтай қалды – «аш бөрі».
Масханада қонақ етер кімі бар,
Есін жинап, мас ағайдың қашты өңі.
Такси ұстап, бір ару тұр көрікті,
Менсінбестен қайтарды ескі көлікті.
Ханзадасын күткендейін етегі,
Желп-желп етіп, күллі еркекті елітті.
Қанша тұрдым, зерттеп елді, білмеймін,
Өзіме іштей үйге қарай «жүр!»- деймін.
Неше автобус өтті қысып көздерін,
Адамдарды зерттеудемін, мінбеймін!
8-НАУРЫЗ
Бірің өтіп біріңнен, байқайм анық,
Кеткенсіңдер құлпырып, пай-пай, нағып?
Гүлдей жайнап, қыздар-ай, кетесіңдер,
Көктем келсе кезекті, қайта айналып.
Екінші атын қыздардың – гүл дер-ем мен,
Гүл сыйлар-ем бәріне, үлгерер ме-ем.
Сегізінші наурызда ғана бермей,
Гүлді оларға жарасар күнде берген.
Қара торы, ақ құба, түрлі ажары,
Бәрі керім, бәрі әсем бір ғажабы.
Гүлдер-дағы түр-түрлі, қырға шықсаң,
Қайнағанда көктемде гүл базары.
Ортақ атын қыз бен гүл – көктем дер ме-ек,
Көктем еді екеуін төккен зерлеп.
Біріне оның ғашық боп, жүрекке ексең,
Екіншісін ол жүріп кеткен жерге ек!
Мейлі, сүйіп ұтайық, түк те ұтпайық,
Қыз құлпырып, гүл өсіп, шықтық байып.
Арулар мен гүлдердің маусымы ғой,
Қәне, тұрмай, жігіттер, құттықтайық!
Бола ма?
Ақты – қара, қараны – ақ деп тануға,
Бола ма екен аққа күйе жағуға?
Бола ма екен қараны ақтап алуға?
Болады екен.
Ар сондықтан налуда.
Қазiр менiң iшiм толы наз, өкпе,
Осы бiзге шындық заты қажет пе?
Өтiрiктi жұқтыртыпты кей арна,
Жұқтыртыпты анау тәуiр газет те.
Шындық шықса өтiрiктiң жағына,
Ақ, Қара ма, қалмайды ғой мағына.
Жұғып кетiп жүрмесе екен сол iндет,
Бiр күндерi менiң ғазиз жаныма!
АСЫҚ ЖАЙЛЫ
Ауыл жақты отырмын, досым, ойлап,
Тартып кетер едім-ай осы бойда-ақ.
Жиып қойып қаланың шаруасын,
Балалармен жүретін асық ойнап.
Ертіп алып бір-екі жолдасымды,
Топыраққа малып-ап қол-басымды,
Ауыл жаққа кетер ме-ем сақамды алып,
Құйып алып ішіне қорғасынды.
Қалада үнем жатады соттасып ел,
Жүргендеймін адасып жақта осы мен.
Атам да жоқ ауылда мені күткен,
Асық аршып отырар шаппасымен.
Асық атқан алаңсыз бал шағым-ай,
Уақытты артқа біреу кеп, қалса бұрай.
Асық көрсем, бұл кеуде, неге екенін,
Ауылға ауып тұрады аңсары ұдай.
Бұл қаланың ақшалы көп қулары,
Талай қудан жеңіліп, кеттім ары.
Надан көрсем алыстан адамға үрген,
Сақа болып атылғым кеп тұрады.
Адал болып қалу да қиын міндет,
«Арам» көріп нешеме күйіндім көп,
Қорғансыз боп қорланған кей асыққа,
Қорғасын боп салмақты құйылғым кеп...
Таға берсем қалаға мін көп өте,
Жақсылары жоқ емес құрмет етер.
Құлжа болар, ауылда емеспіз ғой,
Сақа болу қалада міндет екен.
Болмасты айтып, таппаспын ашына түк,
Көп сөйлеуді тұрғам жоқ осы ұнатып.
Өмір атты ойынды қоя тұрып,
Ойнайық кел, кішкене асық атып.
8
Жиып қойып аруларын бар елдің,
Театрлар, сəн үйлері, гаремнің,
Көздерінше танытсам ғой өзіңдей,
«Сегізінші кереметін» əлемнің.
Жеті-ақ нота бар болғаны, о, тоба,
Шығып едім əн дейтұғын жотаға.
Есіміңнің алғашқы екі əріпін,
Баладым мен сегізінші нотаға.
Шектелмейін, жеті деген аз-ақ тым,
Бұл əлемде өзге сендей ғажап кім?
Маған қымбат жанның қате болмауы,
Сегізінші қазынасы боп қазақтың!
Қайда барсам жетіменен шектелген,
Сегіз саны – шексіздік қой, деп келгем.
Сен сүйетін мерекеден басталар,
Əз наурыздың сегізінен көктемдер.
Ал, көктемде талдар атар бүршігін,
Тіршіліктің қайта естисің дүрсілін.
Шексіздікті шексіз сүйем, себебі,
Сен туған соң – сексен сегізінші жыл!