Детективтің дарабозы
Көптің жүрегі даулап, қалам тербей бермейтін қиын жанрдың бірі – детектив. Журналистикамен бірге жазушылықты қатар алып жүрген жерлесіміз Шойбек Орынбай сол қиын жанрдың үдесінен шығып, оқырмандарының сүйікті жазушысыныа айналғалы қашан.
Шойбек Қоңысбайұлы Орынбаевтың шығармашылық қарымы туралы алғаш рет «Жалын» журналының 1986 жылғы 2-ші номеріндегі «Арман жүгі – ауыр жүк» деген сын мақалада былай деп тұжырымдалып еді: «Образ толыққандылығы – жазушының жеңісі. Жинақтағы ұнамды, ұнамсыз характерлері біршама ашылып, саралана бастаған кейіпкерлерге Шойбек Орынбаевтың Бекданын жатқызуға болады. «Қымбат дәрі» әңгімесіндегі Бекдан «күйдім-сүйдімнің адамы емес, өзіндік кісілік келбеті бар. Сырын тереңге сақтайтын жайсаңдығымен танылып, ісімен сүйсіндіріп, сенімді жар бола алатындығын дәлелдеген жан.»
«Қазақ әдебиеті» газетінің 1987 жылғы сәуірдегі №14 номерінде сарыағаштық қаламгерге мынадай баға беріліпті. «Жас автор өмірді білетіндігімен, сол өмір шындықтарын қою сюжет, шытырман тартыс, ширыққан драматизм арқылы жап-жақсы бере білуімен тартады. Жинаққа енген бір повесть, алты әңгімеде табиғилық бар. Туындыларының тілі де таза.» Ал 1989 жылы жазушылар Одағының ұйымдастыруымен өткен жыл қорытындысында Шойбек шығармалары туралы пікір айтылып, ол «Қазақ әдебиетінің» 21 сәуірдегі номерінде жарияланды. Онда мынадай түйінді ой айтылған. «...Шойбектің әңгімелері қай жағынан болмасын әдеби талғамнан шыққан, композициялық құрылымы жинақы, тілі шұрайлы, оқиғалары нанымды көрінеді. Қаламгер қарымын да осы әңгімелері анықтаса керек.»
Автордың есімі 1985 жылы жарық көрген Қазақстан жас жазушыларының «Арман қанатында» атты бесінші кітапқа енген әңгімелерімен белгілі болды. Одан кейін «Өмір деген осындай» атты повесть және әңгімелер жинағы жарық көрді. 1987 жылы «Жалын» журналы мен республика Ішкі істерр министрлігі бірігіп жариялаған жабық бәйгеде «Қателік» атты детективті повесі жүлделі орынды жеңіп алды. Ол «Төле би – қарлығаш әулие» атты көркем тарихи пьесаны белгілі жазушы Мархабат Байғұтпен бірігіп жазды. Соңғы жылдары «Тозаңды терезе» повесі жазылды.
Қаламгердің қарапайым болмысы мақтағанды ұнатпайды. Сондықтан оқырман назарына өзінің сонау бір жылдары «Евразия» газетіне берген сұхбатынан үзіндіні ұсынамыз.
«Біз оқыған мектепте Ермек Керімбаев дейтін әдебиет пәнінің тамаша мұғалімі болды. Әдеби үйірмелерді ұйымдастырып, өлең, әңгіме сынды шағын туындыларды бізге талдап үйрететін. Ермек ағайға еліктеп әңгіме жазып жүрдім. Кейін сол кісінің «мақала жазып көр» деуімен ғана газетке қарай бейімделіп көргенмін. Шағын хабарларым сол кезде «Қазақстан пионерінде», аудандық газеттерде жарияланып тұратын. Бірақ, мен жастайымнан әңгіме жазумен айналысқанмын. Алғашқы шағын әңгімемді «Көрінбейтін жұлдыздардың сәулесін» Ермек ағай үйірмеде талдап, «Лениншіл жасқа» жібертті. Сол туындым тоғызыншы сыныпта жүргенде жарық көрді. Жазушы бола алмасам да, Ермек ағай секілді жақсы ұстаз болуды армандадым. Алайда, тоғызыншыны бітіргенімде мені аудандық газетке жұмысқа шақырды да, ешқайда бармастан журналистикаға араласып кете бардым. Солай аудандық газеттің корректорынан бастап, редактордың орынбасарлығына дейін қызмет атқардым. Рас, арасында үзілістер де болды: әскерге бардым, оқу бітірдім, Көкшетауда да газетте істедім. «Оңтүстік Қазақстанда» да істедім, Сарыағаш аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болдым. Ал Шымкентте Төрегелді Байтас екеуміз «Жібек жолы» дейтін тұңғыш тәуелсіз журнал шығардық. «Жібек жолын» біз облыстық «Қазақ тілі» қоғамының жанынан Жазушылар Одағының сол кездегі облыстық филиалымен бірігіп шығардық. Мен журналдың жауапты хатшысы, әрі редактордың орынбасары болдым.
Көкшетауда облыстық газетте істеген кезімде «Қазақ әдебиетіне» «Қымбат дәрі» деп аталатын әңгімемді жолдаған болатынмын. Ол әңгіме «Арман қанатында» атты жас қаламгерлердің жинағының 5 санында жарық көрді. Содан кейін «Өмір деген осындай» атты кітабым жарық көрді. Бірақ, мен сол кездің өзінде көп уақытымды Төле би туралы деректер жинауға арнадым. Ұлттық кітапхананың сирек кездесетін кітаптар қорына Бейсембай Кенжебаев ұстазымның көмегімен кіріп, М. Әуезовтің редакторлығымен 1933 жылы шыққан «Билер әдебиеті» атты кітапты зерттедім. Омбы мұрағатымен де жұмыс істедім. Ол жерден Төле би мен Абылай хан туралы құжаттарды зерттедім. Көкшетауда жүріп Төле би туралы үзік-үзік әңгімелер жариялап жүруімнің сыры осында.
Бидің туған жері – Шу өңірінде Жайсаң жайлауында болып, Төле би отырғызған ел« Төле би талдары» деп атап кеткен талдарды көрдім. Алакөл маңындағы Төленің әкесі Әлібек бидің жайлауында болдым.
Кейіннен «Сана», «Шапағат пен мейірім», «Қайғы мен күлкі» атты ертегілер жаздым. Менің ертегілерім ересектерге арналған. Оның астарында түсінікті, жеңілдеу пәлсапа жатыр. «Алтын мен дән» де солай. Ондағының бәрі бүгінгінің экологиясы, мейірімсіздік, қатыгездік, қайғының көбеюі, күлкінің азаюы деген секілді дүниелерге құрылған.
Ішкі Істер Министрлігі мен Қазақстан жастар комитеті бірігіп, «Жалын» журналының қолдауымен «Лениншіл жас» газеті арқылы, шытырман оқиғаларға бәйге жариялапты. Шытырман дегенде Кемел Тоқаевтан өзгені оқып көрмегем. Қалай жазуды да біле бермеймін. Газеттегі бәйгеге қызықтым да, өз білгенімше жазып, Алматыға жолдадым. Жиырма күн ішінде жазылды. Бұл менің ең алғашқы шытырман повесім. Ауылдағы болған оқиғаны «Қателік» деп атаған едім. Кейін бәйге қорытындысында менің туындым үшінші орын алыпты. Содан детективке деген құлшыныс пайда болды. «Жалын» баспасының келесі шытырман оқиғаларға арнаған бәйгесіне «Әміршінің әлегі» атты повесімді жіберіп, бас жүлдені алдым. Кейін «Түрмеге түспейтіндерді» жаздым. «О дүниеден соғылған қоңырау» деген фильмге шытырман сценарий жаздым».
Қаламгер өзінің шығармашылық жолын осылай баяндап берген болатын. Оның «Жүректегі жәдігөй» атты детективті хиякаяты көпшілік оқырманының сүйікті шығармасына айналған. Ендеше, қарымды қаламгер хикаятында бүй дейді:
ЫЗАҚОР
– Жек көремін, сені. Не десе, сол де... Нені айтсаң, соны айт... Шыны сол, кешеден бері жек көремін, сені... Жек көремін... Жек көремін...
Ақсары өңді, нұрлы жанарлы, топ-томпақ бала өксіп-өксіп жылады. Күнәсіз, мөлдір қара көздерін жасқа шылап тұрып: «Бұрын жақсы көретін едім ғой, жақсы көретін едім, сені», дейді әлдеқандай қасірет көрген ересектерше басын шайқап... Одан төрт-бес жаз ғана ит көйлекті бұрын тоздырса да бойжеткеннің салтанатын құрып қалған қыз ызақор жасөспірімді жұбатып әлек.
– Ой, Әлім! Сен әлі бөбексің ғой. Үлкендер сендейлерді уыз сүті аузынан кеппеген дейді. Ал, Назар – сақа жігіт. Джентельмен! Жақында ғана білдім, шет елдерде жігіттің сұлтанын солай атайды екен. Білесің бе, ол маған көп көмек көрсетеді. Түсін соны. Атақты әнші болуыма жәрдемдеседі. Ол маған қонған бақ. Бірақ, бұл сөзді түсінуге саған әлі ерте. Бақ дегеннің не екенін түсінбейсің. Қой өкпелеме. Жылама. Өзім белгілі әнші болып алған соң бар ғой, саған қамқор боламын. Екеуміз қайтадан бірге ән шырқаймыз. Қайда дейсің ғой? Үлкен сахналарда. Берісі Ташкент, Алматы... арысы Мәскеу, Лондон, Париж, Нью-Йорк... Сөйтіп, кете береді... Түсінемісің? Міне, сол кезде бақ құсы саған да қонады. Әй, түсінбейсің ау, түсінбейсің.
– Түсінбеймін. Түсініп керегі жоқ. Бөбек дейсің, мен бөбек емеспін. Кемсітпе өйтіп... Айттым ғой, кешеден бері сені жек көремін деп. Жаман қыз екенсің, өте жаман қызсың. Келісті жігіт көрсең дереу қылмыңдап шыға келесің. Мен үлкендердің әңгімесін көп естігенмін.
Қыздың бетіне қызылы шауып, ызаға булығып, шапалақпен шарт еткізіп жасөспірімнің жағынан тартып жіберді.
– Ақымақ бала екенсің!
Әлім өксігін тия қойып, бедірейіп безерді де қалды. Бала емес бәле дерсің.
– Құндыз! Сен оңбағансың көресің, мен де анау бар ғой, сол сияқты сәнденіп киінетін жігіт боламын, әлі. Сонда осыныңды алдыңа келтіремін.
Кербезсініп кеудесін керген қыз, бәрібір баланы менсінбеді. Сазарып тұрған балаға сумаң еткізіп тілін шығара кекетіп, кердеңдей басып, сыртқа қарай жөнеле берді.
Жасы он екіге енді қадам тастаған ызақор бала еденге отыра қалып, қос жұдырығымен тізесін тоқпақтады. Бір жапырақ жүрегі жарылып кетердей тарсылдай соғып тулады. Балғын жүйке үзіліп кетердей шамадан тыс созыла керіліп, өте қатты ызаланды. Лықсып тұрған ызасы біртіндеп бәсеңсіп барып басылды да, артынша көкірегі қарс айырыла қайғырды.
Жас жапырақ жүректің сол қайғысын өзгелер-өзі құралыптас құрбылары да, ересектер де түсіне алмайтын еді. Түсіну қайда? Жан шырылы өзінде, мұнартқан мұңы көзінде-тін.
ЖӘДІГӨЙЛІК
Гармоншы бұл маңайдағылардың бәрінен өзін жоғары санайтын. Ешкімді менсінбейтін. Сөйтіп, жүргенде мына жағдайға тап болды.
Су құятын шағын зауыт іске қосылғалы оның көңіл-күйі күрт өзгерді. Қызғаныштың қара мысығы мияулап кеп, тыным таптырмай ішін аямай-ақ тырнады. Апырай-ай десеңші, бойына біткен кекшілдіктің, шынашақ айналмайтын іштарлық қашан пайда болғанын өзі де аңғарған емес. Ана сүтімен келген өзімшілдік пен тәкәппарлық өрши келе осындай жаман қасиеттерге ұласты ма екен? Әйтеуір, қаншама әрекеттеніп өзін тәрбиелеймін десе де кекшілдік пен іштарлықтан арыла алмай-ақ қойды.
Бұл ретте де тағат таппай інісі Муканы Келестің бойындағы саяжайға шақырды.
– Аға, айтыс-тартысты қойып осы мәселені доғарсақ қайтеді?-деді түрме көрген інісі.
Гармоншы айтқыштығына басты.
– Әй, бауырым-ай! Тап қазір сен менің көңіл-күйімді сезіне алармысың, ұғына алармысың. Сыпатай батыр былай деп айтыпты ғой, сен соны зерделеп, тыңдап көрші.
Ақ қаптал ағайыннан арқам жауыр,
Өкпем жоқ, кеудемдегі бәрі бауыр.
Дұшпанның сүңгі найза сұққанынан,
Туыстың саусағымен шерткені ауыр.
Сен де сөйтіп отырсың. Қысылғанда қолтығымнан демер деп дәмеленсем, етегімнен тартып, «қой» дейсің. Қайтейін, өз қолымды өзім кесетін ақымағың мен емес. Өзіңнен болмаса өзгеден көмек болар. Жігіттер баршылық қой.
– Аға, мен сізге көмектеспеймін деп отырмын ба? Әлде, айтқаныңызды құп алмаған кезім бар ма? Тек мыналардың тірегі өте мықтылығын естіген соң арандап қалмайық деп сақтанғаным да.
– Жә, жә, сақтанғаның дұрыс. Бірақ, «Торғайдан қорыққан тары екпестің» керін келтіре берме. Біз бұққан сайын мыналар сұға бермек. Сондағысы жоғарыдағы алдамдардың атымен бопсалау ғана. Әйтпесе, ойлап қарасаң ақылға сыймайтын нәрсе. Бір біз ғана емес бәріне солардың атын атап қорқытатын көрінеді. «Қорыққанға қос көрініп» жүр де. Соның бірі сенсің.
– Енді бұлай демеңіз. Су жүрек емес екенімді білесіз. Тапсырмаңызды айтыңыз.
– Е,бәсе, солай десеңші,-деп Гармоншы аяқ астынан жайдарланып қалды.
– Маған анау серіктерің туралы мінездеме берші.
– Біреуі машинаның рулінде ойнайды. Түрмеге дейін біраз автожарыстарға қатысыпты. Әйтеуір, автомобильдің білгірі. Лақабы-Шырылдауық. Екіншісі – Сүңгуір. Ұлты татар. Судан құтқарушы болып жүргенде бірнеше адамды тереңге тартып әкетіп, су түбіне байлап қойған. Содан әлгілердің туыстары: «Кім бауырымыздың денесін су түбінен тауып берсе, пәлен ақша береміз», демей ме? Сол кезде Сүңгуір өтірік іздегенсіп жүріп құрбандығының денесін алып шығады. Алғыс естиді, ақша алады. Сөйтіп жүргенде, бір кілтипан болып түрмеден бір-ақ шыққан.
Гармоншының іші шиткіді. «Аһ, жауыз!Жазықсыз жанды өлтіреді. Оған ақша алады тағы. Алғыс естиді. Аһ, сыпайы жауыз?»
– Сүңгуір бір күні өзіңді өкіндіріп кетпей ме? Ақша үшін ол бәріне баратын секілді.
– Сондықтан да таңдадым. Ақша берсең қандай тапсырма болсын орындауға бар.
– Жарайды, сақ бол, әрқашан.
– Аға, құрғақ ақылдан гөрі тапсырмаңыздың тоқ етерін айтсаңызшы.
– Онда мұқият тыңда. Мен олармен кездеспей-ақ қояйын. Менің атымнан топты басқара бересің. Қалай болғанда да анау боқмұрынның көзін құрту керек.
– Ім, түсінікті. Бірақ, біріншіден бізде қару жоқ. Екіншіден оларға, Шырылдауық пен Сүңгуірді айтамын, төлейтініңізді нақты атауыңыз қажет.
Гармоншы інісіне тесіле қарап тұрды да, кілт бұрылып бұрыштағы сейфке барды. Құпия нөмірлі құлыпты әрі-бері бұрап, сонан соң кілтін салып, сырт еткізіп ашты. Ішінен «Макаров» пистолеті мен оқшантайларын және машинаның кілтін алып шықты. Оларды жазу үстелінің үстіне бір-бірлеп қойды.
– Мына пистолеттің екі оқшантайында он алты оқ бар. Жетеді. Ал, мынау кілт әлі мінілмеген, майымен тұрған соңғы маркалы «Жигулидікі». Тапсырманы орындауға сонымен барасыңдар. Оларға басыбайлы бердім.
– Ондай тапсырма үшін «Жигули» аздық етеді.
– Асықпа, білемін. Пысықсынған күшіктің көзін құртқан соң әрқайсысыңның қолына көк қағаздың он бес мыңын ұстатамын. Өз үлесің менің мойнымда.
– Мұныңыз жақсы болды, аға. Үй-жай болса үйленбек ойдамын. Сонан соң мені де жаяу жүргізбессіз деймін.
– Әрине, әрине. Тілегіңді мүлтіксіз орындаймын ғой. Тек қана істің бәрін аналарыңа орындат. Өзің сырттай бақыла. Жалданды ма, таз а орындасын. Далада жатқан дүние жоқ.
– Ұқтым, аға.
Мука пистолет пен кілтті алып кетуге ыңғайланған сәтте:
– «Жигули» біздің үйдің гаражында тұр, -деді Гармоншы жылы күлімсіреп. Алматыға барып, серуендеп қайтыңдар. Айтпақшы, ол маған достық ниетпен өз қолымен мекенжайын жазып берген. Мә, ала кет.