Балалар әдебиетінің ардақтысы

Oinet.kz 01-12-2023 343

Соғыс уақытымен тұспа-тұс туылып, балалықтың бал күндерін қиындықпен өткізген тағдырлар талай кездескен. Сол қиындық пен қасіретті көріп өсіп, сұм күндерді қаламына арқау еткендер де аз емес. Соның бірі Насреддин Серәлиев.

Screenshot_9.jpg

Жазушы: «Проза сырына қаныға келе бір шындыққа көзім жеткен: басымнан кешкен оқиғаларды, балалық, жастық шағымда көргендерімді әңгімелеп бере алсам, дегеніме жетеді екем, байқап тұрсам, біздің балалығымыз өткен шақ ұрпаққа үлгі-өнеге болар оқиғаларға бай ерекше уақыт екен. Ұлы Отан соғысы тұсында біз бұғанасы қатпаған бала едік. Үлкендер майданға кеткен, үлкендер істейтін шаруаны біз істедік: егін салдық, астық бастырдық, шөп шаптық, масақ тердік, сөйтіп еліміздің фашизмді тізе бүктіруіне болыстық. Біз балалық дегеннің не екенін білмей өстік, ойнайтын ойынымызға дейін сол кездегі жұмысқа, жағдайға ыңғайлас болатын, біріміз колхоз бастық, біріміз бригадир, біріміз озат колхозшы, енді біріміз жалқау болып ойнайтынбыз, оның бәрін ауылдағы оқиғаларға ұқсататынбыз. «Соғыс» ойынын ойнап, фашистер жағын «қырып-жойып», кейде «тұтқындап» мәз-мейрам болатынбыз», - деп еске алады. 

Қаламгер бала кезінен бастап балалар әдебиетіне үлес қосты. «Ұшталмаған қарындаш», «Намыс», «Ақ лақ пен қара лақ», «Ақбөпе»,  «Ақ қайың», «Ыстық күлше», «Қарақыз» атты кітаптары жарық көрді. Оның шығармалары қысқалығымен ерекшеленіп тұрады. Қысқа ғана қайырымдарымен-ақ балалар іздеп жүріп оқитын шығармалар жаза білді. Шет елдік қаламгерлердің туындыларын қазақшаға аударып, оқырмандарына рухани сыйлық та жасады. Өнегелі өмірінің мәнін қалам мен қағаздан тапқан қаламгер «Ақмаралдың өтініші» атты еңбегінде былай дейді: 

«Екінді кезі еді. Ақбота әлдекімнен қорқып қашқандай артына алақтап, екінші қабатқа жүгіріп шықты. Аптыға кеп есік тұтқасына жармаса бергенде, мектепке бара жатқан апасына қарсы ұшырасты.

— Ақмарал... Ақмарал!— деді көзі жыпылықтап. Ар¬тына бір қарап алды:— Дина сұраса, мені жоқ деші.

— Неге?

— Мен онымен ойнағым келмейді

— Жоқ деп өтірік айта алмаймын. Мен пионермін,— деген апасы мектебіне кетіп қалды. Ішке кірген соң столда сабағына дайындалып отырған ағасына кеп жалынды. — Әнуар... Әнуар!— деді столға асылып.

— Әрі тұр. Қолымды бұзасың,— деп ағасы қабақ түйді.

— Дина келсе, мені жоқ деші.

— Неге?

— Мен онымен ойнағым келмейді

— Мен өтірік айтпаймын.

— Сен де пионерсің бе?

— Жоқ, мен октябрятпын.

Ақмарал бұртиып асханада шай ішіп отырған әжесіне барды.

- Әже, - деді еркелей асылып. – Дина келсе, мені жоқ деші.

- Неге , боташым – ау?

- Мен онымен ойнағым келмейді. Ол жаман, үйіңнен конфет әкелмесең, ойнатпаймын деді.

- Ойнатпаса ойнама, - деді Айымкүл әжей, - жоқ жоқ деп өтірік айтудың қажеті қанша?

- Сен де пионерсің бе, әже?

- Жоға...

- Сен неге өтірік айта алмайсың?

- Үлкен басыммен өтірік айтып не көрініпті маған?

- Мен көзімді жұмып жатайын, әже... Сен мені ұйықтап қалды дейсің бе? - деді амалы таусылған Ақмарал.

Немересінің қылығына мәз болған Айымкүл әжей:

- Айтайын... Айтайын, - дей берді».

Бұл – Насредин Серәлиевтің балалр әдебиетіне қосқан үлесінің бір шеті ғана. Ол өзінің «Әрдайым алда бол, құлыным!» атты туындысында бүй дейді:

«Күлән әже әлдеқандай бір дүрсілден оянып кетті. Күн шығыпты. Үй іші жап – жарық. Ашық терезеден қоңыр самал еседі.

Әлгі дүрсіл тағы да қайталады. Күлән әже жастықтан басын көтерді. Дүрсілді ат тұяғының дыбысына жорып, Қарақұмда мал басындағы баласын келіп қалғандай көріп, төсегінен дереу тұрып, тысқа шықты.

«Жан тобам келді ме екен!» - деп күбірлеп есік алдына шығып еді. Бұрын – соңды болмаған бір көріністі көріп, аң – таң тұрып қалды.

Төртіншіде оқитын немересі Бисен аулада олай – бұлай зыр жүгіріп жүр. Бір сәт қоянша шоқиып бүгіле қалады. Екі қолын жерге тіреп, аяғын қайшыға ұқсатып, тізесін бүгіп тұрады да, бір мезетте табанына әлдекім шоқ басып алғандай секіріп түсіп, зыта жөнелді. Сәлден кейін жүгіруін тоқтатты. Бір орында тұрып алып, сан түрлі қимыл жасап жатты. Екі қолың аспанға көтере ме, бүйірін таянып, екі жағына кезек бүгіле ме, еңкейіп, екі қолын башпайларына тигізе ме, жұдырығын тас түйіп алып, әлдекімді сабап жатқандай құлшына ма, әйтеуір, істемегені жоқ. Немересінің мына қимылдарын көрген Күлән әже жағасын ұстады. «Япыр – ау, не болған мына Бисенжанға! Әлдененің салқыны тигеннен сау ма өзі?!» Біраз сол дағдарғанқалпында, нұры тайған көзін одан тайдырмай тұрды да, бір кезде есін жиғандай тіл қатты.

- Бисенжан!

Бисен бұрылып қарады. Күлән әже немересіне таянып:

- Не болды, жаным, әйтеуір... – деді де, сөзінің аяғын айта алмай, оған тесіле қарап қалды. Кішкене көкірегі көрікше көтеріліп – басылып, ол алқынып болып тұр. Жеті – с егіздерінде Бисеннің елірме боп ауырғаны бар-ды. Ауруы ұстағанда еліріп, қолды – аяққа тұрмай далаға қашатын. Бірақ ол сырқаттан әлдеқашан айыққан еді. Күлән әже:

«Немеремнің сол ауруы қайтадан ұстады ма екен», - деп те қауіптеніп қалған-ды. Бисен:

- Ештеңе болған жоқ, - дегенде барып, жүрегі орнына түсті.

- Не істеп жүрсің, ендеше?

- Жаттығып жүрмін.

- Жаттыққаның не, құлдығым – ау!

- Мектепте жарыс болады. Сонда жүгірем...

- Жүгірем?! Не дейді, бәтір – ау! – деп таңданған Күлән әже кенет қатулана сөйледі. – Қой, шырағым, бүйтіп еріккенше, құдықтан су әкел.

Осыны айтты да, үйге кіріп кетті. Бисен әжесіне мынандай бір сырды айта алмай қалды. ... Дене шынықтыру сабағы спорт алаңында өтіп жатқан. Балалар екеу – екеуден жүз метр қашықтыққа жүгірген... Бисен де жүгірді. Бірақ ол өзімен жарысқан Ислам деген баладан қалып қойды. Көмбеге бір секунд кеш келді. Бисен қызба, намысқой еді, мына жағдай оған бірден әсер етті. Қабағы түйіліп, ұнжырғасы түсіп кеткен. Басы салбырап, балалардың бір шетінде тұрған оған бір кезде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сәрсенбай келіп:

- Қапаланба, Баянов, - деген, - сен әлі мың метр қашықтықта алдыңа жан салмайтын боласың. Маған адымды кең, алшақ алып жүгіргенің ұнайды. Бірақ көп жаттығуың керек. Содан бері Бисен күнде жаттығатын болған.

***

Мектепте жеңіл атлетикадан жарыс өткізілетін. Бисен соған асығып, апыл – ғұпыл киініп жатқан. Енді тысқа беттегенінде төргі бөлмеден Күлән әже дауыстады.

- Бисенжан, бері кел!

- Әже, асығыспын, - деді ол есіктен басын сұғып.

- Асығысыңды қой. Мәгәзінге барып, маған қант әкеп бер.

- Жоқ – жоқ, әжетай, жарыстан қаламын.

- Сенің жарысың – ақ таусылмады – ау. Бар, өзім – ақ барып қайтармын.

Дүкенге баратын жол мектеп жанынан өтетін-ді. Мектеп тұсына келгенде Күлән әже еріксіз кідірді. Алаңды адам ығы-жығы. Үлкен де, бала да баршылық. Ортада қызыл жалау желбірейді. Ақ майка, көк трусилі бір топ бала жаратқан аттай ана бір шетте кезіп жүр. Жұлқынысып, бір орында секектеп-секектеп алысады. Ортаға таяу екі бала жіп керіп тұр. Мектеп алдындағы бір ұзын жігіттің қолында кішкентай қиықша қызыл жалау желкілдейді. Ауылдың біраз адамы осы арада жүр. Әлгі селеудей ақ сақалды Әбіш қарт бүкіл топтың алдына шығып, малдастап отырып алыпты. Оның артындағы орындықта Өсербайдың қара кемпірі отыр. «Бәтір-ау, мыналарға не жоқ», - деді Күлән әже бұларға көзі түскенде. Осыларға қарап тұрғанда өзіне қарай жүгіріп келе жатқан он шақты баланы аңғармай қалған екен. Дүрсілдеп жақын келгенде, сәл шеттеп жол ашты. Осы кез топ ішінен суырылып шығып, оза жүгірген екі баланың бірі өзінің немересі Бисен екенін таныды. Бисен, неге екені белгісіз, жанын сала, ышқына жүгірмей, бір қалыпты екпінмен келеді. Алдында – қамшыдай қатқан қара бала. Ол зырқырап барады. Бисенді маңайлатар емес.

- Күлән әже мұны көріп: «Неге қатты жүгірмейдімына Бисен, ә?» - деп алға ентелей түсті. Шыдамады білем, айқайлап та жіберді.

- Бисен, қалма деген соң қалма, оз анадан!

- Бисен дауыс шыққан жаққа жалт етіп бір қарады да, ширай түсті, аяғын алшақ тастап, зымырай жөнелді. Әжесінің сөзі қанат бітіргендей құсша ұшты. Көзді ашып – жұмғанша, әлгі қара баланы басып озды. Күлән әже көмбе басына: «Баянов бірінші келді!» - деп жариялап жатқанда жеткені. Балалардың арасында тұрған немересін әй-шай жоқ келе құшақтап, маңдайынан сүйді:

- Әрқашан алда бол, қатарыңның алды бол, құлыным!

Бисен жолдастарынан қысылып ұялды ма, әжесінің құшағынан бұлқынып шығып, қалың топ ортасына сүңгіп жоқ болды.

Күлән әже ақ сақалды Әбіш қарттың қасына жайғасты. Дүкенге баратын жұмысын ұмытты».

Осы сынды еңбектерін өмірге әкелген Нұрғали Сердәлиевті өсірген өзінің адал еңбегі мен қуатты қаламы. Қорыта келгенде, қуатты қалам иесі туралы жазушы, аудармашы Әбілмәжін Жұмабаевтың пікірін оқырман назарына ұсынамыз.

«Нәсіреддин Серәлиев – Сыр өңірінің өз перзенті. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының Қашқансу деген ауылы – оның кіндік кесіп, кір жуған жері. Алғаш есігін ашқан мектебі де өз аулының Абай атындағы жетіжілдіқ мектебі. Сол мектеп қабырғасында жүргенде – ақ әдебиетке бейімділілігі байқалады, қабырға газетіне үзбей өлең жазып, тіпті «ақын бала» аталады. Он үш жасында аудандық ақындар айтысына да қатысады, бірақ өзі жеке айтысқа түспейді, Үбісұлтан деген ақынның хатшысы болады, ол кідіріп қалғанда, жанынан бірер ауыз қосып жіберіп, айтар өлеңін өңдеп – жөндеуге атсалысып, кәдімгідей шалымдылық та көрсетеді. Шамасы, қаршадайынан – ақ Сыр сүлейлері атанған – Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп сияқты ақындардың өлеңдерін жинап, дәптеріне жазып алып жаттап жүретіні әдебиет табалдырығынаттауына бір себеп болғанға ұқсайды, Қанша айтқанмен, халықтың өлең – жыры бала бойына ана сүтімен бірге дарыса, ол тегін кетпеске керек.

Нәсір жетінші класты бітірісімен, үй іші Сырдарияға салынып жатқан Тасбөгет плотинасы басына көшіп келуіне байланысты, жақын жерден Қызылорда педагогтік училищесіне түседі. Оны тауысқаннан кейін, сол ауданның Калинин атындағы колхозына барып, бастауыш мектепте мұғалім болады. Ол мұнда өмірдің ащы – тұщысын татып, жақсылық пен жамандықтың жарық пен көлеңкедей қойындасып жүретінін көріп, оны өз басынан өткереді. Нәсір кейін мұны өзінің «Мен баламын ба?» повесінде мейлінше шынайы көрсетті.

Қызылорда педагогтік институтының тіл және әдебиет факультетінде оқып жүрген кездері Н.Серәлиевтің әдебиетке, қаламгерлік өнерге деген құштарлығы арта түседі. Оған, сірә, А.Тоқмағамбетов, Ә.Оңалбаев сияқты ақын – жазушылардың институтке жиі келіп, студенттермен кездесіп тұрғаны біраз әсер еткен тәрізді. Институтты бітіретін 1952 жылы «Пионер» журналында Нәсірдің «Кішкене үйшілер» атты әңгімесі басылады. Оның әдебиетке келу жолындағы алғашқы жемісті қадамы осы шағын әңгімеден басталады. Бірақ іңкәр көңілмен балалық бал дәурен қызығын өз творчествосына өзек еткен талантты жастың алғашқы шағын жинағы шығам дегенше де арада ұзақ төрт жыл өтеді. Қазақ көркем әдебиет баспасынан шыққан бұл жинақ «Ұшталмаған қарындаш» деп аталды...

Институттан кейін Н.Серәлиев облыстық «Ленин жолы» газетінде, «Үгітші блокнотында», сосын республикалық «Пионер» және «Балдырған» журналдарында еңбек етті. «Оңтүстік Қазақстан» өлкелік газетінің меншікті тілшісі болды. Мұның бәрі оның өмірмен, халықтың күнделікті тіршілігімен жан – жақты танысуына, журналистік шеберлігін аттыра түсуіне себін тигізді. Бірақ редакция жұмысы – кісінің күллі күш – жігерін, білім – қабілетін сарқа пайдалануды қажет ететін аса қиын жұмыс. Дегенмен Нәсір осынау жылдары балалар үшін жазуды әсте ұмытып көрген емес. Ұдайы көңілінің бір түпкірінде аяулы бір қазынасындай болып, бала әлемі өздігінен өмір сүріп жатар еді. Үй ішінің абыр – сабыры басылып, сәбилері ұйықтағасын, бұқпа шамын жағып, стол басында оңаша отырар кезі оның ғұмыр-тірлігінің ең бір ыстық сәттері болатын. Кейін алпысыншы жылдардың аяқ кезінен бастап, қашан ақтық демі үзілгенше, Қазақстан Жазушылар Одағының Шымкенттегі облысаралық бөлімшесінде секретарь болып істеп жүрген кезінде де ол осы әдетінен бір айнып көрген емес..

Елуінші жылдардың екінші жартысында, Нәсірдің бірінші жинағына ілесе шыққан «Намыс (1959), «Ақ лақпен қара лақ» (1961), «Әңгелек» (1964), «Ақбөпе» (1966), «Ақ қайың» (1967), «Ыстық күлше» (1969), «Қаңтар (1971) секілді жинақтарын қалың жұртшылық жылы шыраймен қарсы алды.»

Әрине, жоғарыда аталған кітаптарының кейін де Нәсір әдебиетіміздің ең бір шұрайлы беттерінен саналатын «Зеңгір аспан», «Махаббат туралы хикая», «Құм адамдары» сияқты тамаша туындыларын жазды. Тіпті «Көлбақа мен еңлікгүл» телефильмінің сценариі де Нәсірдің талантты қаламынан туды.

Нәсірдің «Ыстық күлше» мен «Қаңтар» повестері бал дәурен балалық шағын таршылық-тораппен, қайғы-қасіретпен өткізген балалар мен жасөспірімдер жайындағы, өн бойы нәзік лиризмге, адам көңіл-күйінің мұңына шүпілдеп толып тұрған туындылар.

Жазушының «Ыстық күлшемен» тетелес туған повесінің бірі - «Қаңтар». Мұнда ол Алданыш, Айман, Балабек, Дүйсен атты жас өспірімдердің «жарты бидайды жарып жеген, бүтін бидайды бөліп жеген» қимас ыстық шағын суреттейді.Шығарма өзегі – достық. Және ел ішін қайғы – қасірет, аштық – жалаңаштық жайлаған қатал да қаһарлы жылдардағы достық. Дүниеге көзін ашып, оңсолын енді ғана тани бастаған жас жеткіншектердің жан берісер нағыз достыққа өресі жете қоя ма?Жазушы бұл арада да өзінің қарапайым реалистік жазу мәнерінен айнымайды. Оқиғаны қолдан қоюландырып, кейіпкерлеріне «жасанды ерліктер» жасатпайды. Сол жаралы жылдардың өз қиындығы да жетіп жатыр. Бас көтерер ер – азаматтардың бәрі майданда. Үй-ішінің хал-ахуалы нашарлағасын, шиеттей бес іні-қарындасының қам-қарекетін реттеуді шешесі Қарашашпен бірге қолына алған Дүйсен қатты ауырып, төсек тартып жатып қалған. Сонда достары оны көз қырынан таса етпейді. Солардың бірі Балабек: «Дүйсендікіне біз қол ұшын бермесек болмас... Қырман қақсақ та, аң ауласақ та, бір нәрсе етіп тарықтырмаспыз...» дейді. Олар уәделерінде тұрады да. Не керек, әйтеуір, жазушы шағын ғана повеске сол қатал кездегі ауыл өмірінің, іске адал, дос-жарандарына мейірімді жастардың нанымды бейнелерін жасады. Повестің «Қаңтар» деген ызғарлы атынан соғыс ызғары анық сезіледі.

Нәсіредин Сералиевтің «Жеңешем, жорға және мен» повесі де соғыс жылдарындағы халық тұрмысынан хабар береді. Әдетте біз соғыс елдің – елдігіне, ердің – ерлігіне сын болады дейміз. Рас Ол кісінің қадыр-қасиетін де безбендейді. Сонда жақсының – жақсылығы, жаманның – жамандығы анық көрінеді. Колхоз бастығы Оқас майдангер әйелі – Ақзирадан күйеуінің көзіндей болған жорғаны алғысы келеді. Повеске арқау болған осы тартыс бірте-бірте ширап, шиеленісе түседі. Өжет мінезді, өрттей лапылдап тұрған әйел мен өзімшіл өркөкірек Оқас. От пен судай шарпысқан екі характер қақтығысы. Бірі – қарапайым колхозшы әйел, екіншісі - әкім. Әрине, әмір жүргізу әкімшілік қолында. Ақзира еркінен тыс еңбек майданына жөнелтіледі., бір кездегі тыныш күндер бейнесіндей болған жорға озбыр Оқас тақымының астында зорығып өледі. Міне, осындай қым-қиғаш тартыс арасында шымшықтай шырылдап, кішкентай да болса қиянатқа төзбейтін намысышыл, пысық Кәрім жүреді. Қатыгез кездің қатал шындығы осындай. Осының бәрін Нәсір шынайы шеберлікпен, кмеліне келтіре бейнелейді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Н. Сералиев қазақ балалар әдебиетінде өздері өмір сүрген кезеңнің шындығын көрсетіп, балалар мен жасөспірімдердің қайталанбас характерлерін жасаған жазушы». 

Фантастика жанрының жампозы
Детективтің дарабозы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу