Сөз құнарына қанықтыратын қаламгер
Түркістандық қаламгерлер қатарында Сәрсен Бек Сахабат дейтін елге танылған есім бар. Қаламгерлігі бір төбе, Нәзіртанушылығы бір төбе, адамдығы мен адалдығы тағы бір төбе. Шығармашылық жолын ақындықпен бастаған Сәрсен Бек Сахабат өзінің әмбебап әдебиетші екендігін ерекше таныта алған өнер иесі.
Бірнеше жыр жинақтарының авторы бүгінде әдебиет сыншысы, тәржіман, нәзіртанушы, түркітанушы, лингвист, мәдениеттанушы ретінде жан-жақты танылған. «Сөз мүсіні», «Назымгөй нақыш Нармахан», «Қаратау қаламгерлік қазынасы», «Сағындырған саңлақ Сәттар» атты еңбектерінде Т.Әлімқұлов, Т.Тоқбергенов, А.Сүлейменов, М.Байғұт, Н.Бегалыұлы, Ә.Шілтерханов, С.Ерубаев шығармашылық портреттерін сомдап, мәшһүр «Қаратау мектебін» теориялық тұрғыдан тұжырымдаған.
«Йассауийа тариқаты», «Данышпан Ата», Отырар, Түркістан, Сайрам бабтары һақындағы зерттеулерінде түркілік тариқат мәселелерін сөз етеді. «Шәмшіғұмыр», «Қынсыз қылыш Құрманбек» зерттеулері өнер тақырыбына арналған. Бұдан тыс «Төреғұлдың Нәзірі», «Қажы Ыбырай» еңбектері ғұмырнамалық үлгіге негізделген. Өз басы ешкімге еліктемей-солықтамай бір арнаға бірнеше жанрды тоғыстырып тың стиль қарастырады.
Тәржімандық шеберлігіне көне түркі мен өзбек тілдерінен Қ.А.Йассауи һикметтерін, С.Бақырғани һикметтері мен Нәзира дастандарын, Йуғнақи, М.Хорезми, Қ.Кәтиб, Байқара сұлтан, Ә.Науаи, Ә.Рудаки, замандастары М.Юсуп, И.Түркиді, құмық халқының қазақы жырларын мөлдірете аударғаны дәлел. Орыс тілінен Федор Тютчев, Александр Блок, Анна Ахматова, Х.Р.Хименес жырларын тәржімелеп «Жазды аңсаған жүрек қағысы» кітабын шығарған. Қажы Ыбырай Исмаилұлының ұйымдастырушылығымен Алаш қайраткері Нәзір Төреқұлұлының шығармашылық мұрасын архивтерден жинастырып орыс және өзбек тілдерінен тәржімелеп төрт томдық құрастырды. Нәзір көсемсөзін «Нәзірге нәзіл нәзіктік» деген атпен Шымкент пен Алматы баспаларынан шығарды. ОҚО қазақ драма театрында «ТурЦИК төрағасы», «Кеме қалған» поэтикалық драмалары сахналанған.
Қаламгер туралы академик Рахманқұл Бердібай: «Түркі әлемі, Таным жағалаған ғалымдарды білуші ек. Ақындардың арасынан Сәрсен Бек Сахабат осынау нәзіктікті нысанаға дөп алыпты. Дегдар тым намысқой. Қайтер екен деп ақырын күттік. Шайырымыз алқына қоймапты. Керісінше көптеу таңырқатты. Түркіге тым бойлап тіл ұстартқаннан көбіне түсіне де қоймадық. Қаріп қуалайды, жаңылтпаш па дедік. Сөйтсек, бұл да түркілік үрдіс, бүгінде ұмытылған дәстүр екен. Түркіні әркім өзінше қабылдайды, өзіне икемдейді – өзгеге қимайды. Сахабат ешкіммен салғыласпайды. Қисын қуалап шығыстың, Батыстың дәлел – дәйегін өз өресімен өлшеп таразылағаны әуесіңді келтіреді. Өгей өреге бағынбайды, өктемді басындырмайды. Түркіні тарының қауызына сыйдырған қараулыққа жан-тәнімен қарсыласқан пайым-парасаты бөлек. Поэтиканы ақылға бағындыру, ғылыммен ұштастыру елеңдетерлік еңбек. Көк Тәңірі көсегесін көгерте алмаған өгей өремен таласқа түскені де өнеге. Сахабаттың өлеңде өретіні де, этномәдени пайымдауларында пәлсапаның буына бөгетіні де – Көк Тәңірінің осынау танымы. Ересек естіге – ойлы оқырманға берері мол. Сондықтан оны оқитындар әсте өкінбесе керек. Тұран (Түпкістан) – жақ тартқан жауынгер елдің садағын кезегеннен сағымда көрінгенді мүлт жібермейтін мерген ерлердің атақонысы. Түркістанның төл перзенті Сахабат та сағымға садағын ілген, сөз өнерінде жақ иген бір бейнеткіш. Төл атасын төбесіне көтерген кішіпейіл ұл», - деп, пікір білдірген.
Ендеше, Сәрсен Бек Сахабаттың тың туындыларын оқырман назарына ұсынамыз.
ЫМЫРТ
Бұйра самал аймалап омырауын,
Бұйғады салқынға қоңыр ауыл.
Батар күннің ең соңғы жолақтары,
Көкжиекке қалбақтап қонақтады.
Жусан иісі бұрқырап шаңға батқан,
Асығады салғырт кеш хжарқабақтан.
Құлаққа ұрған танадай жым-жырт қана
Бесіндегі шөл қысқан қызғылт дала,
Тыным таппай тыныстап алып төсі
Қимылдайды күңгірт көз ымыртта да.
ТАҢ
Жылыстайды жым-жылас қараңғы үркіп,
Құзар шыңда шаңқылдар бала бүркіт.
Үйірінен адасқан шағаладай
Ай қалыпты, жұлдыз жоқ баданадай.
Шырынынан келмейді тартынғысы,
Шын тамсанса шамалар парқын кісі.
Ойды түрткен көңілде жарасымда,
Уыз тартқан өмірде жарасымды.
Таңнан тұрып тырбанса талабы артық,
Тәңірім иіп бола гөр қарасымды.
Ай да тозып барады,
Көп ұсталып кетілген...
Күндер озып барады,
Келім және кетіммен.
Жетекке еріп жетілгем,
Тік бойладым ұйыққа.
Қайтем, кері шегінгем,
Тіркелген соң тұйыққа.
Қинай берер мұнша бұл,
Тірлік мені кемірдің.
Құрдым түбі құр шағыл,
Келе қоймас еліргім.
Енді алаңсыз бөстің-ау,
Езілме тек, ес қайда.
Тәнім аман, денім сау
Есіркеді ескі айда.
Қит еткізбей қалайда,
Құтырынды жел үдеп.
«Жарылқа,-деп –жаңа айда,»
Қойдым сосын күбірлеп.
ШІЛДЕ
Жегіп алған күймесіне жарау ат,
Шілдедегі күннің көзі ғаламат.
Тас төбеден шаншылғанда жойқын от,
Көзге терің құйылады домалап.
Шалжимайды сәскелікте жай тұрып,
Шаруақор жұрт ерте өреді қайқиып.
Қанша тілде қаншама аңыз келеді,
Күн туралы жер бетінде айтылып.
Талма түсте естілмейді ән тіптен,
Өң қашыпты өсімдіктен, жәндіктен.
Шілдеқоңыз шырылдайды шаршаусыз,
Шықпай үйден бұғып қалған жан біткен.
Шілде күні – оттан шыққан таба нан,
Терді сүртіп, шаңды сілкіп жағадан.
Ұлан – асыр ұлы көшті ұзатып,
Сезіп тұрмын жер ыстығы табаннан.
БАЙТАҒЫМ
Басылды ыстық күйдірген,
Тағы бір күнім ұзады.
Сүріндіргін де сүйдірген,
Тәтті екен тірлік дұзағы
Самалы бойда шымырлап,
Алшаңдай басты қараңғы.
Жапырақ жасыл сыбырлап,
Зорайды мүлдем қарамы.
Жамылып түнді қаракөк,
Жамырап жұлдыз барады.
Желпінем туған далам деп,
Бір ұлым десең жарады.
Көзімнің ағы-қарасы,
өзің деп сірә айтамын.
Аспан мен жердің арсы,
Қазақстаным, байтағым.
ШЫНДЫҚ ЕМЕС
Болмасын деп қылаудай жалған мұнда,
Ақтамаққа өзімді алдандым ба?
Қайрылмадың, құлқым жоқ артық сөзге,
Жабырқаймын жанымда қалған мұңға.
Жақыныңнан күтпеген тосын қылық,
Бастапқыда үркесің сосын бұғып.
Маза бермей тырналап, кейде осқылап,
Көңіліңді қояды шошындырып.
Алау – жалау сезімнің басы қатып,
Сап көңілім сен де енді тасыма түк.
От көңілім білмедім сол қашанғы,
Мұңмен сені қоямын асыратып,
Таба да алмай ойыңның түпкі арнасын,
Білгем, білгем: бұл мұңның құтқармасын.
Кінәнің де ауырын маған аудар,
Мен татпаған тірлікте түк қалмасын.
Кермекті мен өшігіп қоймай татқам,
Қалып қойдым ұмада бойлай тартқан.
Жалғаны жоқ, бірақ сол үрпек сезім,
Шындық емес, оны өзім ойлап тапқам!
ЖУСАНЫ ЖҰПАР ЖАЗЫҚЖҰРТ
Тәңірлік атауларға қайдан жетсін.
Текті демек жергілікті-бұндағу/байырғу/байырғы. Тура сілтейді жүрер жолымызды, қысқа-нұсқа, ойға-бойға қонымды да жарасымды. Тәңі-эллин тілінде «тоес», осыдан Батысқа сіңіскені – тео. Тағы бір термин «палео» - археологияның сөздік қорынан. Туғанымның мыйын ашытып, санасын сапырмау керек. Тәңірі десем дөп түсінер. Тұра қашатын қожа-молданы қайдам, ол енді бұлардың бас ауруы. Тілеуімізді Тәңірі берген һәм тойымызды тарқатпаған, төбемізден өпкен елміз. Тегінен қашқанды тексіз дер. Тырп еткізбейді, зыр жүгіртеді. Танымның тұғырын айтам. Тәңірлік жер-су атауы Йасы қалай Түркістанға айналды? Төбемізден тоқпақ кетер емес. Тарихи хронология Ер Тәуекел, Ер Есім заманынан әріге бастырмаса, сапырма сопылық сарын Йассауи заманымен шеңгелдейді. Тәңіршілдікті – Көк Түркіні, Көк Өкүзді тағылыққа жатқармақшы кім? Тоңқылдаған өңкей өзім білермен Бұқар-и шәріп, Қоқанд-и латиф, Сайрам-и сарнауық, отаршылдық оқпаны- түркітану (шығыстанудан бөлек енші алған саласы) білімі.
Турк-и стон. Талай жерде турасын айтып елді көндіре алмай келем.Таптаурын мағынасы - бодан түркілер. Түтіп жемекші кім Керей мен әз-Жәнібек керген керегелі Қазақ Ордасын? Тепсініп 1500 жылы жеке шаңырақ көтерген Бұқар әмірлігі, М.Шайбанды ақ киізге салмаса да нақ шпандийа шайқылары жалған сәйид шапанын әмірінің иығына жапқан. Түрікті бодан етеміз деп Қорасан, Ғазна дін иелеріне пәтуа шығартып қазекемді «айкәпір» жариялатты. 1509 жылдың қақаған қаңтарында Арқұққа тарпа бас салды. Түркістан, әлбетте, жалғыз Йасы яки оның төңірегіндегі бекініс қамалдары ғана емес, бүгінгі жағрапия тіліндегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Тараз төңірегі, Ферғана облысы – Қазақ Ордасының күнгейі. Талай қателігіміздің, жаңсақ жорамалымыздың түбірі неде? Тәңірден қорықпайтын болдық: өткеннің өрелі өтмұшін бүгінгі ұлттық, жүздік-рулық, тілдік сипаттамамен сыдырта жазып месқарын сылдырға сеніп семіріп жүргенімізде.
Текемет тілгілемек тасыр ойдан аулақпын. Талабымды тасқа шабылдырғанды да бастан кештік. Тәңірінің төл ұрығынан қалған Қазақ рухына бола, әрине.
Йасы-түйетабан тегіс һәм дөңгеленген жазық.
Йасықалға – жазықтағы қалға (қорғаныс қамалы), араб емлесіне ауысқалы тәңірлік «ғ» литургын мүлдем сыпыра салдық яки парсылық «х», араби «һ» протезелеріне айырбастап жібердік; қалға-қала, ғырат(қырат) – герат, һират т.б; бұл да болса неокипчак Олжас көкемнің баур, таур (тәуір), саур (сауыр, сәуір) дегені сияқты құры жаңғалақ. Йасы – политонимге (саяси атауға) айналса Субғанақ (Сығанақ) та, тіпті аз уақытқа орталыққа таңдалған Сауран да Йасыма кротопонимінде орналасқан. Алайда Ақ Орда (Жошы ұлысы) мен Қазақ Ордасынан бөлек Орда яки хандық құрған емес. Тәңірлік жер-су атауына (теотопоним) әр нәрсені жылтырақ деп таға беруга сірә болмайды. Тұран қаласы – Йасы. Турасы осы. Түп-тұқияннан. Тәңірінің түзу назарындағы жазық (йасы). Түркі қаласы Йасы, академик Веселовскийдің «Афрасиаб қалалары», академик Бернштамның «Оғыз қалалары» теорияларын жаңаша тұжырымдау керек – ақ. Тәңірі алқаған ел екенімізге, бәлкім, сонда көз жеткізерміз:
Йенжу – Мәру (Марв), бүгінгі Байрам Али
Нұһқалға – Нуджикент, Байкент/Пайкент, Бухор – ишариф
Сақ Мараканд – Афросиаб/Самарқанд
Сақ Дағоазисі – Согдиана; Сақтауы
Қара қол – тау өзенінің қолтығы (саласы, қол); Зар (зер алтын) – об(су) – шан(тау)
Таштқалға – таштақ; Таш/Чач/Шаш-Биноканд-Ташкент
Үкүзкент - өзен бойындағы атақоныс; Үзкент – Ферғана
Өгізкент - Өкүз атақонысы
Хоу(өгіз, парсыша) канд-Коканд-Қоқан
Саққалға – Са(сақ)рийам(қамал, пехлеви) – Сайрам
Тәңірлік қалға мен қанды айырмасын ежіктемей тағы болмас, қан-ата, қанды (канд) – атақоныс, мұнан ешқандай «иран» тілінің «хош иісі» бұрқырамайды. Тәңіржазығы – Йасы. Тәңір суы - Өкүзсуб (Сырдария). Тәңіртауы - Өкүзғарда (Егізқара, Қаратау). Теоним Узлағ/ Созақ – Көк Өкүз елі, Құмсаба (Жаңақорған), Құм елі (Құм-и-ан) де өз мәртебесіне қайтар еді-ау.
Түркітанудың теміртақымы, Қоқан кустаршинасы, сарпай-шапан шығыстану шымшымасы бас көтеретін емес. Танауын көтере – көтере тым дандайсып алған мардым немелер. Тұмауын жұқтырған культравирус. Түкпен ісі жоқ. Тоңмойындар Йуғнақты сонымен йүгінек/жүйнек, Қарнақта қар қазып кеткен. Тұнып жатқан жер-су атауларының тәңірлік қаймағын сыпыра соғып жегеннің аузы май, ұрты қан.
Түркістанды бодан етпекші Бұқар, Қоқан, Ресей Сырдаң басынан аяғына дейін сылдыр су, сасыған лайқыға айналдырды, ең көне қалалық мәдени аймақты әркім өз біленінше табанына таптады. Турк-и стон 1500-1598 жылдар арасындағы Сыр бойына таласқан жүзжылдық соғыс, жеңімпаз қазақ ордасы жарқын беттері. Ел еңбегін өтеген өрөтүміш.
Түркістанға мәдени әлімжеттікке сілтедік.
Турк-и стонға шапқыншылық (1799-1815) орыспен қолтықтасқан үр жаңа Қоқан хандығының (1799-1876) татымсыз тауарих-намасы, шалағай (кустарщина) шапшаң шежіресі. Туасы қоқанның ханы болмасын, жергілікті бегі – қаратәжік шаһы болмасын Йасыны «Еси/Яси» дегені болмаса Түркістан атауын бас-көзсіз ешкім тықпаламаған.
«Турк-и стон» сандырағының қала атауы – Туркестанға айналғаны 1864 жылғы ақпатшаның отаршыл жорығынан кейін. Түркістан облысы оның ізінше Түркістан жандарал-губернаторлығы құрылғаннан бастап. Тым бертінде, демек жер-су атауларына орыс үрдісі енгеннен соң. Ташкент-жандарал-губернаторлық орталық.
Төлтаным – Көк түркі. Түп-тұқиян – Көк өкүз – Көк тәңірі. Тілім таңдайыма жабысып кеуіп барады. Тұщынбағасын, әрине. Ташқанақ, Шорқанақ, Субғанақ, Ғарқанақ т.б. теотопонимдері бас-көзсіз өзбек тілінің қойын-қонышына қойып кете беретін болғасын. Тәңірге қайтсем тұщынамын. Тұран замандығы. Тоңғарқият дәуреніме. Толағай эпос «Ар Алпамысты» аңыз деп, өтірік деп, өмірде болмаған деп танытып белінен сызылған. Тапырақтап келеміз. Таңсық көреміз біреудің қаңсығын. Тұран заманын орта жолдағы оңғақ Оғызға шідерлеп матай салдық. Түркі жазғанның ата тіліне (праязык) қайтқаны жөн, сонда ана тіліме қан жүгірер, көзі де шырадай жанар.