Шымкент әкімдігі: Руслан Берденовке қатысты шешім қабылданған жоқ
Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақпаратты партияның баспасөз қызметі растады. 2025 жылғы ақпанда Руслан Берденов Шымкент әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғаны атап өтілді.
"Мемлекеттік қызмет туралы" заңның 10-бабы 5-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер өз лауазымдық өкілетін жүзеге асыру кезінде саяси партиялардан, қоғамдық және діни бірлестіктерден тәуелсіз және бейтарап болуға міндетті. Бүгінде Берденов Р.А. Respublica партиясының құрылымында қандай да бір басшылық лауазым атқармайды. Бұл ретте партия мүшесі ретінде қала береді", – деп мәлімдеді партия.
Бұған дейін Шымкент әкімдігі редакцияның ресми сауалына берген жауабында 2025 жылдың 11 маусымындағы жағдай бойынша Берденов қала әкімінің орынбасары қызметін атқарып жатқанын және денсаулығына байланысты демалыста екенін хабарлаған еді.
"Аталған жағдайға байланысты кадрлық немесе әкімшілік шешімдер қабылданған жоқ", – деп қосты әкімдік.
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.