Үсібәлиев алдыңғы басшылардың қателіктерін қайталап жатыр

Oinet.kz 26-06-2025 53

Screenshot_4.png

«Рейтинг» газетінде бұған дейін де облыстағы ауыз суға қатысты бірнеше мақала жариялағанбыз. Атқамінерлердің берген есебіндегі қарама-қайшылықтарды, көзбояушылықтарды жаздық. Осы тақырып төңірегіндегі  мәселеге қайта оралуға тура келіп отыр.

 2025 жылдың соңына дейін еліміздегі елді мекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтылуы тиіс. Бұл Президенттің берген тапсырмасы, арнайы мемлекеттік бағдарламамен бекітілген меже. Алайда Мемлекет басшысының тапсырмасын түркістандық атқамінерлердің қағаз жүзінде іске асырып жатқаны байқалады. Ресми мәлімет пен шынайы жағдайдың арасында жер мен көктей айырмашылық бар.

Дәл қазіргі уақытта облыстың бірқатар аудандарында ауыз суға қатысты проблемалар жетерлік.

Басқасы басқа таулы аудан, жер асты суы мол деген Төлеби ауданында осыған қатысты шу көп. Жуырда ғана Көксәйек ауылдық округінде 300 отбасының ауыз суды арықтан ішіп отырғаны республикалық телеарналардан көрсетілді. Тасарық, Қаратөбе ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерге бірнеше жыл бұрын жүргізілген ауыз су жүйесі тиімсіз болып шықты. Жауын-шашынды күндері тұрғындар құбырдан лай су ішеді. Себебі ауыз судың басына тазартқыш қондырғылар орнатылмаған. Оның үстіне жоғарыдан келетін судың қысымы да есепке алынбаған. Қысымның күштілігінен су есептегіш құралдар, құбырлар жарылып жатыр. Осы тиімсіздіктен кейбір ауылдар, көшелер орталық су құбырынан ажырап, бұрынғы жүйеге көшіп жатқан көрінеді.

Ал енді осы жүйені жасау, жобаны іске асыру үшін  бюджеттен миллиардтаған қаражат жұмсалды емес пе?! Қазынаның қайран есіл қаржылары-ай, десеңізші.

Өткен аптада редакцияға Жетісай ауданы Ш.Ділдәбеков ауылдық округіне қарасты Сырабат елді мекенінің тұрғыны Камалбек Ортаев есімді азамат хабарласты. Ауылдағы бірқатар әлеуметтік мәселелерді қозғады. Осы жөнінде облыс басшысына жолдаған хаттарымен де таныстырды. Біз соның ішінде ауыз суға қатысты жағдайға арнайы тоқталғанды жөн санадық. К.Ортаевтың айтуынша, ауылда ауыз суға қатысты ешқандай проблема болмаған. 2012 жылға дейін.

– Сол жылдары қазынадан 50 млн теңге қаражат бөлініп, ауыз судың ұңғымасы қайта қазылды. Осы кезде ұңғымадан ащы су шықты. Ол ішуге жарамсыз болған соң  жабуға тура келді. Ауыл сол кезден бастап көршілес Бірлік ауылының ауыз су жүйесіне қосылған. Бірақ бұл су да таза емес, ащы. Жалпы біз тұратын Ш.Ділдәбеков округіндегі ауылдардың бәрінде осы жағдай. Ішетін судың сапасы нашар. Ауылға қойылған су тазартқыш «Омега» қондырғысынан шыққан судың көлемі мардымсыз. Ол суды тұрғындар 2 теңгеден (литрін) сатып алады. Қазір  көлігі барлар тіршілік нәрін басқа жақтан тасып ішеді. Мен өзім Жетісайдан барып әкелемін. Сырабаттағы 1400-ге жуық тұрғынның көрген күні осы болып тұр. Ал көлігі жоқтар амалсыздан ащы су ішеді. Бұл жағдай қашанға дейін жалғаса береді? Жаңа ұңғыма қазу үшін арнайы жер бөлінген болатын. Бірақ аудандағы атқамінерлер мен мердігер ұңғыманы мүлдем басқа жақтан қазып, жұмыстарын дұрыс жүргізіп жатқан жоқ, – деді арызданушы.

Біз мәселенің мән-жайын білу үшін Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің әкімі Қанат Тілеуовке хабарласқанымызда, ол халыққа беріліп жатқан суға тиісті органдар «ішуге жарамды» деген қорытынды бергенін алға тартты.

– 2012 жылы ауылдағы ауыз су ұңғымасын қайта қазу туралы шешім қабылданған. Бұл жұмыстар «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жүргізілген. Қазылған жерден ащы су шыққан. Осыдан кейін Сырабат көршілес Бірлік ауылының ауыз су жүйесіне қосылған. Яғни, дәл қазір ауыл ауыз су жүйесімен қамтылған, есептегіш құралдар орнатылған. Су тәулігіне 24 сағат бойы ағып тұр. Тұрғындардың судың сапасына көңілі толмайтын шығар. Бірақ біз үшін ащы су, тәтті су деген ұғым жоқ. Судың сапасына СЭС «ішуге жарамды» деген қорытынды берген. Сырабатта жаңа ауыз су ұңғымасын қазу жұмыстары басталып кеткен. Бұған тапсырыс беруші – аудандық энергетика, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі. Мердігер мекеме  300 метрдей қазып қойды. Шыққан су сараптамаға жіберілген,– деді әкім.

Сырабат пен оған жақын орналасқан ауылдардағы ауыз судың проблемасын аудандық мәслихаттың депутаты Марат Ділдәбеков те көтерген екен. К.Ортаев  халық қалаулысының аудан әкімі Серік Мамытовқа жолдаған депутаттық сауалымен де таныстырды. Онда 2024-25 жылдарға арналған бағдарламаға сәйкес Достық, Алпамыс, Сырабат, Жамбыл, Зерделі ауылдарының ауыз су жүйелерін жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінгені, бірақ жөндеу жұмыстарының әлі басталмағаны келтірілген. Күрішті және Кемер елді мекендеріне жаңа ауыз су ұңғымасы 2022 жылы қазылғанымен ол әлі күнге ауыз су мұнараларына жалғанбаған. «Аяқсыз қалған жұмыстар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің үлкен шикілігі, жауапкершілік жоқ, жұмыстар нөль», делінген депутаттың аудан басшысына жолдаған сауалында. 

Осы жерде айта кетері,  жуырда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тоқтар Үсібәлиев облыстық мәслихат депутаттарына өңірдегі ауыз суға қатысты есебін берген болатын. Осы есеппен біз де танысып шықтық. Басқарма басшысының мәліметіне қарағанда, Түркістан облысы қалаларының ауыз сумен қамтылуы 100 пайызды құраса, ауылдық елді мекендердің қамтылуы 98 пайызға жеткен (өңірлер ішінде Түркістан облысы 9 орында тұр).  Нақтырақ айтқанда ауыз сумен облыстағы 7 қалада тұратын 528,1 мың адам-100%, 760 ауылдық елді мекенде тұратын 1 582,0 мың адам 98,1 пайыз қамтылған. 

Тіршілік нәрімен қамтылу деңгейі төмен аудандар – Сарыағаш (11 ауыл),  Келес (19 ауыл). Жалпы облыс көлемінде 40 ауылдық елді мекен (халық саны – 31,4 мың) су құбырымен қамтылмаған. 

Соның ішінде 30 елді мекен бойынша мердігерлер толық анықталған, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қалған 10 елді мекен қолданыстағы су көздерімен (ұңғымалар, құдықтар) қамтылған. «Шардарада – 3  ауылдың, Мақтааралда - 1 ауылдың, Келесте – 4 ауылдың, Сарыағашта – 2 ауылдың тұрғындары кешенді блок модульдерін орнатуға қарсы болуда, осыған байланысты тұрғындардың келісімі алынып, тиісті хаттама түзілген. Министрлікке хаттамалар толық ұсынылған. 2025 жылы жалпы ауыз сумен қамтамасыз ету саласына 47 жобаға 14,9 млрд теңге қарастырылған. Бекітілген бюджет бойынша  9 жоба ағымдағы жылы аяқталса, 38 жоба құрылысы 2026 жылға өтпелі»,– делінген мәліметте. Яғни, Үсібәлиевтің қаптаған цифрларына қарағанда, облыста ауыз суға тапсырмалар ойдағыдай орындалып жатқан сияқты. Бірақ мәселе оның қаншалықты сапалы жүзеге асқанында болып тұр ғой.

Жоғарыда келтірілген Жетісай ауданындағы Сырабат ауылы Үсібәлиев басқаратын басқарманың есебі бойынша ауыз сумен қамтылып қойылған елді мекендердің санатына кіреді. Бірақ арызданушының айтуынша, құбырмен келген суды көп тұрғындар ащы болғандықтан ішпейді. Сонау аудан орталығына сабылып, тұщы су тасиды. Сонда бұл қалай? Яғни, Үсібәлиев те өзіне дейінгі басшылар сияқты жауырды жаба тоқып, қателіктерді қайталап жатыр деген сөз.

Ауыз судың есебі тұрғындардың берген бағасымен өлшенеді ме, әлде СЭС-тің берген қорытындысымен өлшене ме? Сіз қалай ойлайсыз?

«Рейтинг» газеті, 25 маусым 2025 жыл.


Перизат Қайраттың ісі Бас прокуратураға берілді
Нұралхан Көшеров: Қажетсіз жобаларға қаржы шашу тоқтатылсын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу