Айтыстың аққуы
Сырыма бүкпей сыр қостым,
Жырыңа титтей жыр қостым.
Шынайысын тапқан ешкім жоқ,
Анадан артық шын достың - деп жырлаған екен Ақмарал өзінің «Анама» атты кезекті бір жырында. Ия, анадан артық шын достың жоқ екеніне еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінгі кеудесінде жүрегі бар, әрбір адамзаттың көзі жеткелі қашан. Біз сөз еткелі отырған Ахметқызы Тойтан Тойбала Леубай келіні аналардың ішіндегі ең бір ақылдысы, ең бір ажарлысы еді. Жаратқан Ием, Тойтан апаның жүзіне нұр, тіліне жыр, бауырына ел мақтаған қыз бен ұл берген жан еді.
Бүкіл облыс, республика ғана емес шетелдегі қазақтар айтысын құмары қана отырып тыңдайтын Ақмарал Леубаева осы Тойтан анамыздың бес баласы, бес жұлдызының ішіндегі жарық жұлдызы десек артық айтқандық емес. Белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбековтың өзі: «Біз Ақмаралды мақтамауымыз керек, біз Ақмаралмен мақтануымыз керек» - деген еді ақын қызымыздың белгілі бір айтысынан соң. Қазақ айтысының туын биікке көтеріп жүрген Ақмаралдың өзі: «Ақындық маған ана сүтімен келген», – дейді ағынан жарыла. Ел еркелеткен Ақмаралымыздың өзі өмірге қапа болып, жазған жырына көңілі толмай анасынан ақыл сұрағанда:
«Өмір қиын, қызым жеңіл ойлама.
Қадамыңды абайлап бас, ойлана,
Өлең дейтін өлмейтұғын қазына,
Киесі бар ойнама.
Даңқ, дәреже бәрі болар, тілегім.
Бағың жансын, құлыным», – деп жауап береді екен Тойтан ана.
Азғантай ғана өмірінде аурудың азабын қанша тартса да, қайсар ана еш қаймықпады. Қашан көрсең кеудесін тік ұстап, әрбір сөзін шегедей нық сөйлеп, әулеттің ақылшысы бола білді. «Менің өлеңімнің құдіреті, сенің өлеңіңнің құдіретінен күштірек. Сенің айтыстарыңа мен барсам сен айтыса алмай қаласың» - дейді екен Ақмаралға әзіл-шынын араластырып. Соңғы кезде өмірден өтетінін сезді ме, бұрын-соңды ең жақын адамынан айрылып көрмеген ұл-қызыма ауыр тимесін де деді ме Ақмаралды қасына алып, қазақтың дәстүрінде кісіні соңғы сапарға жөнелту жөніндегі жөн-жоралығыларды айта отырып, өзінің жерленетін жеріне дейін айтып кеткен анаға қалай таң қалмассың. Елу алты жасқа қараған шағында өмірден өткен асыл ананың аруағына бас иген ағайын-жегжаттар мен жан жары және бес перзенті бейітінің басына күмбез орнатты. Күмбезге ойып тұрып:
Алладан тілек тіледік,
Алдыңды жарық етсін деп.
Артыңда қалған бес балаң,
Арманыңа жетсін деп, –
Тілек жазыпты. Ия, ананы ардақтаған ел әрайым арманына жетпек.
Бұл - айтыскер ақын, Батырбек Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған өнер мектеп интернатының директоры Маржан Есжанованың айтыскер ақын Ақмарал Леубаева туралы жазған лебізі. Леубаеваға лебіз айтқандар аз емес, әрине. Ол өзін айтулы ақын ретінде таныта білген тұлға.
Ақмарал Леубаева айтысқа 1988 жылдан қатыса бастады. Ақын Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығына, қоғам қайраткерлері Ахмет Байтұрсыновтың 100 жылдығына, Сұлтанбек Қожановтың 150 жылдығына, Тұрар Рысқұловтың 100 жылдығына, ұлы Абайдың 150 жылдығына, жыр алыбы Жамбылдың 150 жылдығына арналған және батыр Б.Бейсекбаевты еске алуға арналған айтыста, Қарасай батырдың 300 жылдық және көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерейтойларына орай өткен республикалық, халықаралық айтыстарда жүлделі орындарды иеленген.
2004 жылы «Ақмарал» атты авторлық әндер жинағының аудиотаспасы жарыққа шықты. Сондай-ақ, «Қазіргі ақындар айтысының» 2 томдығына айтыстары енген Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының қолдауымен Түркия, Германия, Қытай мемлекеттерінде қазақ өнерінің насихатталуына кеңінен үлес қосты. 2007 жылы «Қазақ шешендік өнерінің көркемдік-тағылымдық мәні» атты ғылыми диссертация қорғап, «филология ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесі берілді. Ал, енді ақынның туындыларына тоқталсақ.
Біреудің аспандағы асылымын,
Біреудің жұртта қалған жасығымын.
Қ.АМАНЖОЛОВ
Ақылға салған адамдар,
Алақан тосты жолыма.
Жара салған жарандар,
Қиқуын қосты соңыма.
Күндестік дейтін қоңырау,
Қазақтың біткен сорына!
Жаныма жақын жақсы еді,
Танытты жаман жат қылық.
Алды-артын ойлап қойғаны,
Көрсетті көпке сақ қылық.
Қақ ортасында теңіздің,
Кемеден кетті лақтырып.
Етіме тісі өтпейтін,
Епсіздерге қойды қаптырып.
Өзі кем ғана көре алмас,
Өзгенің мысқал артығын.
Жасырып әуре жақсының,
Тот баспайтын «алтынын».
Қайталай алмай құр сүлде,
Жем ілген қыран қарқынын.
Қызыл ет көрсе қарғалар,
Күшейтеді қарқылын.
Көкірек көзі ашылмай,
Көрсоқыр болған көп пенде.
Кімнің дос, кімнің дұшпаны,
Білінеді екен өткелде.
Өзгенің халін түсінер,
Өз басынан өткенде.
Көл екеш көл де мұңаяр,
Аққуы ұшып кеткенде.
Ғазиз басымды «хан» дерсіз,
Қадіріме жеткенде!
Бірі боп кетпесеңіз көп пенде.
***
Сен де мен де ақын дейтін елденбіз,
Аш болып та, тоқ болып та көргенбіз.
Қайрат дейтін қылыш ойды құшақтап,
Намыс дейтін найзағайға сенгенбіз.
Өлеңімді алмаса тек болды деп,
Көген алсақ бәрін жұртқа бергенбіз.
Жарамызды жалап жазып қасқырдай,
Қайғыны да күліп тұрып жеңгенбіз.
Біздер, біздер ақын дейтін халықпыз,
Жарқ ететін қараңғыда жарықпыз.
Бүкіл елді аузымызға қаратып,
Бір күйеуге жалтақтайтын ғаріппіз.
Біз басқаның тыңдамаймыз әмірін,
Біздер жайлы аңыздардың бәрі мұң.
Бізді солай бақытты етіп жаратты,
«Өлең» дейтін өмір беріп, Тәңірім!
ӨЗІМ ҮШІН
Маңдайыма қадап ап ұлық күнді,
Айдан ұрлап сімірдім тұнық мұңды.
Сыбағамды даулап дала заңымен,
Әрі-бері шайқадым тұнық түнді.
Адамдардан алыстап мүлік құнды,
Асау көңілім
Күреңдей күлік мінді.
Дөңгелегім өзімнен озып кетіп,
Шебер Құдай екенін шын ұқтырды.
Енші сұрап барғанда жалғыз үйдің,
Есігінде дәу қара құлып тұрды.
Кедергінің өзенін кешіп өтіп,
Қолдан қайық жасадың қырық түрлі,
– Сіз үшін, – деп сыртымыз күліп тұрды.
Жасыра алмайтындай бұлт күнді,
Бірақ бәрін ішіміз біліп тұрды.
Өзім үшін.
БІРАҚ ЕНДІ
Адамдар!
Менің мәңгі бір ғана серігім бар,
Өлең дейтін жетімек елігім бар.
Сендер жүрген жолменен жүргенім жоқ,
Ешкімде жоқ ерекше өмірім бар.
Адамдар!
Қара түндей тұмшалап тұрса қайғым,
Етегіне қонады шық самайдың.
Сендер өткен өзеннен өткенім жоқ,
Тағдырым бар, басқаға ұқсамайтын.
Адамдар!
Мейлі бірің кінәлап, өшігіңдер,
Жоқ, – деп бірің атымды өшіріңдер.
Бірақ, ешкім қайталай алмайтұғын,
Махаббатым үшін, тек, кешіріңдер.
ОЛ – СЕН
(циклді өлеңдер)
Қайта таптым өмірдің ғажап әнін,
Бұл дауылдың қай шақта басыларын.
Мен білгенмін әйтеуір ертелі-кеш,
Сезіміңнің қақпасы ашыларын.
Жүрегімнің саған барар жолдары,
Неше мәрте адастырды, алдады
Неше мәрте тым тереңге сүңгітіп,
Неше мәрте ту биікке самғады.
Көкіректеу екеніңді білемін,
Біліп тұрып өршелене күлемін.
Ыза аралас өкпеңді де ысырып,
Еніп барад жүрегіңе жүрегім!
Менде де мол аппақ арман, тілек бақ,
Ар-намысқа адал өмір сүрмеу дақ!
Жұрт айтатын түрлендіріп түгендеп,
Бақыт деген, Мен санасам біреу-ақ.
Ол – сен!
АЛҒАШҚЫ СӘУЛЕ
Алдамшы ма, рас па сезінбеуің,
Ойлап-ойлап ұзақ түн көз ілмедім.
Жүрегіңнің ашпастан сыр сандығын,
Кете бардың не деген төзімді едің.
Сыр сандықты ашпастан құлыптадың,
Шыныменен рас па, ұмытпағың.
Сен кетсең де жалықпай құрастырдым,
Саған деген сезімнің сынықтарын.
Келген ойдың санама ізгі бәрі,
Көкірегімді өкініш сызғылады.
Мен өзім-ақ айтар ем бар сырымды,
Жібермейді бірақ бұл қыздың ары.
ҚЫЗ МҰҢЫ
Ауыр ойдан шайқатылдым,
Тұнығыма қайта тұндың.
Маған жазған әндеріңді,
Түн ауғанша айтатынмын.
Арманның да, үміттің де,
Сырын сенен бүгіппін бе?
Ақылымның арбаушысы,
Сен екенін біліппін бе?
Бақытымнан кешіктім бе,
Шешіміңді айт кесіп мүлде.
Сен екеуің ән салғанда,
Жылап тұрдым есіттің бе?
Кінәмшілдеу қыз демегін,
Осы үміт үзбегенім.
Күнәсізбін, кінәсізбін,
Менен айып іздемегін.
АДАЛДЫҚТЫҢ АУЫЛЫ
Жұрттың сөзі көңіліңді етіп пе алаң,
Сен одан да ұрысшы жекіп маған.
Шын ойыңды айтпасаң бүгіп қалып,
Бұрылып кетіп қаламын!
Бақытымның баратын жолы төте,
Мекенжайым басқадан ала бөтен.
Қалайсың ба, мен сені адалдықтың,
Ауылына ала кетем.
Ол жақта жоқ сен айтқан ақымақтар,
Екеумізге арналған бақыт-ақ бар!
Қабырғасы үйінің тастан емес,
Жап-жасыл жапырақтар.
Біз боламыз сезімге шалықтаған,
Жүрек мұңын тыңдаудан жалықпаған.
Шындық – ата, адалдық – ана ұнатса,
Жібермей алып қалам!
АСАУ ТАҒДЫР
Есімнен шығар емес,
Мейірім мәуелеген.
Шапағат арай-нұрың,
Сезімім әуелеген.
Алады қалай тыным,
Тұр, міне терезеден,
Келер деп елегізіп,
Күн батса қарайтыным.
Жарық қып дүниені,
Тағы да күлетінің.
Қайтсем деп бұл жігітті,
Өкпемді төгетінім,
Бәрінен бұрын сенің,
Қасыңда жүретінім,
Есімнен шығар емес!
Есімнен шығар емес,
Кеудемнің жыр ұшқынын,
Болашақ ұлыс күнін,
Сенсің деп сезген дара.
Сыртыңнан көзбен ғана,
Аймалап тұратыным.
Ойымның мөлдіріне,
Мұң болып тұнатының.
Тағы айтып өтетінім:
Көргенде жаным қыспақ,
Жаураған қолымды ұстап.
Жып-жылы ететінің,
Мендегі үмітті ұрлап.
Сен, тіпті жігіт тұрмақ,
Үп еткен самалдан да,
Жарқ еткен жанардан да,
Қызғанып кететінің.
Әйтсе де күдік бұрып,
Кей-кейде сенбейтінің.
«Үлгерген сыр ұқтырып
Бар дейсің сендей кімім,» –
деп қайта күліп тұрып,
Кінәсін сезінгенін.
Мойындап сезімдерің,
Құшақтап сүйгеніңде,
Кездерің жіберетін,
Барлығын ұмыттырып,
Есімнен шығар емес!
Есімнен шығар емес,
Жаңбырда күнә жуып,
Күндерім қыдыратын.
Бақыттың жүдә жуық,
Тұрғанын ұғынатын.
О, менің асау тағдырлы көсемім,
Бірақ менің айтайын дегенім,
Тіпті бұлар емес,
Сенің кісендеулі тұлпар екенің,
Есімнен шығар емес!
ҰЯЛТА АЛМАЙДЫ ЕШКІМ МЕНІ
Сезем...мүлдем бəрінен бейхабарсыз,
Ары кетсе, ел айтқанды айта аларсыз.
Жауабын да күтпестен қайта – қайта,
Көп сауалды тек іштей қайталарсыз....
Жас адамның көрсетпесе заңдылығын,
Кінəсі жоқ Ақмаралдың жаулығының.
«Еңсесін көтерсін», – деп ескерткенің,
Есіме көп жағдайды салды бүгін.
Елден ерек күйім емес дараланған,
Жаным аулақ жұрт ойлар жорамалдан.
Арымның адалдығын қорғау үшін,
Орамалмен осылай орап алғам.
Мүмкін жанға айналғанмын басқа, білем,
Жұмбақ болып барамын досқа кілең.
Бір тал шашым секілді көрінбейтін,
Құпиямды жасырдым ақ шəлімен.
Адамды адам ар керек сүймегі үшін,
Тура жолды табу мендік күйдегі сын.
Ұялта да алмайды ешкім мені,
Ұятымның кимешек кигені үшін.
Бəрі тозар, өзгертер түсін, мейлі,
Тек орамал тозбайды, кішірмейді.
Абыройдың аманат бұл пердесі,
Ешқашанда еңсемді түсірмейді!