Ұлттық рухты оятқан шығарма

Oinet.kz 24-10-2023 451

«Қаһар» романы – Ілияс Есенберлиннің трилогиясының үшінші кітабы. Бұл роман – қазақ әдебиеті тарихындағы үздік туынды, шоқтығы биік тарихи шығарма. Қазақ халқының басынан кешкен тарихи оқиғаны, ондағы ел тағдырын шыншылдықпен бейнелеген көркем де, аса құнды шығарма екені даусыз. 

Screenshot_18.jpg

Романда Кенесары  ханның 1837-1847 жылдар арасындағы Ресей  империясының отарлау саясатына қарсы күресі туралы айтылады. Сонымен қатар, шығармада басқа да тарихта болған ұлы қайраткерлер мен дара тұлғалар туралы шынайы суреттеледі. Ал романның басты кейіпкері – Кенесары Қасымұлы. 

Кенесары Қасымұлы – қазақ халқының мемлекеттігін қалпына келтіру, халқын бодандықтан құтқарып, басын біріктіру, тәуелсіз ел ету жолында аянбай еңбек еткен ірі қайраткер, дарынды саясатшы, әділ мәмілегер және ержүрек қолбасшы ретінде ел есінде мәңгі сақталатыны айдан анық. Кенесарының өмірі мен азаттық, тәуелсіздік жолындағы күресі көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болғаны белгілі.  Соның бірі Ілияс Есенберлиннің  «Қаһар» романы . «Қаһар» романында ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы Кенесары Қасымов бастаған Ресей отаршылдығына қарсы күрестің жай-күйін, егжей-тегжейлі баяндайды. Мұнда жазушы халыққа бұрыннан белгілі тарихи оқиғаларды ретімен жеткізе  отырып, ондағы қарапайым халықтың  арман- мұратын,  күйініші мен сүйінішін, азаттыққа деген ұмтылысын кейіпкерлер тағдыры арқылы байытып көрсете  білген.

Сондай-ақ  романда  қазақ даласында тәуелсіз хандық орнатуды мақсат еткен, мемлекет қайраткері,  әскери қолбасшы,  қазақ халқының 1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, қазақ хандығының соңғы ханы Кенесарының  қол жиып күреске шығуы, тәуелсіздік үшін күресті қолдамаған сұлтандарға және патша бекіністеріне шабуыл жасауы, Кенесарының билікке  қол жеткізу үшін патша өкілдерімен келісөздер жүргізуі, талабы орындалмаса  халық ханының төгілуімен есептеспей күш қолданылатын істерге баруы шынайы түрде баян етіледі. Романды оқи отырып, Кенесарының бостандық үшін өз жанын құрбан етуге дейін барғанына куә боламыз. Осы жолдағы ханның қаталдығы, елдің күйзеліске ұшырауы,   Кенесары дұшпандарының  ұйымдасқан іс-әрекеттері, сан алуан адам мінездері көрсетіледі. Романда Кенесары ханның бейнесі тарихи толық мазмұнда көркем сомдалған. Автор оның жеке басындағы ерлік пен парасаттың үйлесімін шебер бейнелейді, сонымен қатар түрлі қиыншылықтарға  қарамастан шыдамды, төзімді болғанын айқын көрсетеді.

Романда Ресей патшалығының өр дәрежелі өкілдерінің  бейнелері де бар. Бұл романда адамның барлық түр сипатын көруге болады. Роман ішінде сатқындық та, адалдық та, сенімділік те, тәкаппарлық та сипатталған. Адам өміріне сабақ болатын жайттар көптеп кездеседі. «Қаһар» романын оқи отырып,  бүкіл қазақ елінің сол кездегі тұрмыс-тіршілігін, күй жайын, арман-мақсатын  көруге болады.

Бір отаршылдан екінші отаршылдың артықтығы жоқ екені, бәрінің көздеген мүддесі қазақ елінің тарихын, тілін жойып, халықты  күйзелтіп, қансыратып, талан-таражға салу, өз билігін жүргізу екенін жазушы ашып көрсетеді. Мәселен, Қоқан, Хиуа хандықтарына ұзақ уақыт  тәуелді  болып  тұрған  оңтүстік  қазақтарының  ауыр жағдайы,  Ташкенттің  құшбегі  Бегдербектен  жәрдем сұрап  барған  Есенкелді,  Саржанды  қасындағы  нөкерлерімен  бірге  опасыздықпен  өлтіріп, жіберетін суреттер тарихи шындыққа негізделіп жазылған.  

Кенесарының  Ақмола  бекінісін  алғанда  көрсеткен ерлігі де өте әсерлі суреттеліп оқырманның жүрегін тебірентпей қоймасы анық. Кенесары бастаған  қозғалыстың  белгілі батырлары – Ағыбайдың,  Иманның,  Төлебайдың,  Басықараның,  Жанайдардың,  Бұхарбайдың  эпизодтары да қазақ батырларының бейнесін айқындай отырып, Кенесары тұлғасын толықтыра түсері хақ. 

Жалпы  алғанда,  Ілияс  Есенберлиннің «Қаһар»  романы – қазақ халқының азаттық,  тәуелсіздік  жолындағы күрес  шежіресіне негізделген, оның  Кенесары  қозғалысы  сияқты аса ірі кезеңінің  ішкі  сырларын  көркем түсінуге  көмектесетін шоқтығы биік, тарихи көркем шығарма. 

Кеңес дәуірінің  қылышынан қан тамған кезеңінде ұлт санасын оятқан «Қаһар» романының құндылығын  дәріптеп  ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу әрбір азаматтың парызы деп білемін. 

Омарова Сабира

«Ұлпан» туралы бір үзік ой
Шығармалар сөйлесін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу