Дарыны даусыз Дәркен

Oinet.kz 21-09-2023 375

Қарымды қаламгер Сәрсенбек Сахабат: «Дарыны даусыз Дәркен бауырым сыпайы бауырмал мінезімен Күнгейдің әдеби ортасына тез сіңіскен лирик ақын. Балаларға арнап жазған жыр жинағы да жарық көрген. Жалпы, өз басым оның үш кітабымен таныспын.

Screenshot_23.jpg

Туасы бір біріне ұқсамайтын дарынды ақындар шоғыры пайда болғанда қай әдебиет те, қай қоғам да өсу мен өрлеуге аяқ басарын бізден бұрын бұрынғылар да айтқан. Соның растығына көзіміз жеткендей», - деген. Ол бұл сөзін көркем мінезімен, сыпайы болмысымен, лирикаға толы өлеңдерімен қалың жұртшылыққа танылған Дәркен Танабаевқа арнаған. 

Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қалалық филиалының директоры, айтулы ақын Дәркен Танабаев 1968 жылы 17-қаңтарда Түркістан облысының Қазығұрт ауданында дүниеге келген. 1974-1984 жылдар аралығында Төлеби ауданы Абай орта мектебінен білім алған. 1984-1990 жылдары ҚАзПТИ «мұнай» факультетін тәмамдап, жоғары білім алған. Алғашқы еңбек жолы 1990-1992 жылдары «Құмкөл мұнай қазу экспедициясында» бұрғышы болудан басталған. 1992 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Шымкент мұнай өңдеу» зауытында насос қондырғыларының машинисі қызметін атқарып келеді. 2022 жылы 28-ақпанда Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қалалық филиалының директоры болып тағайындалды.

«Қызға ғашық жүрегім» (1999), «Ана-жер ана» 2001), «Қазығұрт» (2003), «Таңғы шуақ» (2010), «Мәуелі бақ» (2017) атты өлеңдер жинағы жарық көрді. 2006 жылы «Абай оқулары» байқауында Алматы қаласы әкімінің арнайы жүлдесін, 2007-2008 жылдары Астанада өткен «Астана-Бәйтерек» балалар әдебиеті бойынша республикалық байқауының жүлдегері, 2011 жылы Алматы қаласында өткен «Алтын қалам» балалар шығармасы бойынша «Жылдың үздік жүлдегері» атанған. 2012 жылы драмалық шығармалардың республикалық байқауында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің арнайы жүлдесін иемденді. 2021 жылы «Бір қала-бір кітап» акциясына Дәркен Танабаевтың жыр жинақтары енді. Ақын Дәркен Танабаевтың «Шым қалам», «Айзерем», «Ұялы телефон» өлеңдеріне әнші-сазгерлер Ержан Серікбаев, Өмірзақ Оспанов, Бағдат Алтай әндер жазған.

Әр қазақтың ауылдан шыққаны рас. Дәркен ақын да солай. Оның туған жеріне, ауылына арнаған өлеңдерін оқи отырып топырақты кешіп, тау-тасқа табаныңды тілдіріп қозы баққан, шарқ ұрып тары қорыған кездерің есіңе түседі. Асық, шілдік ойнаған, қозықұйрық теріп, көкорай шалғынына аунаған, өзеніне шомылып, балығын аулаған балдәуренді сағынасың. Делебең қозып, жүрегің шымырлап атқа қонып шапқың келеді. Қиялыңа қанат бітіп, көгіңде қырандай қалқығың келеді. Сарқыраған өзеннің, сыбдыраған құрақтың, сылдыраған бұлақтың үні естілгендей болады. Тіпті, меңіреу далаға тіл бітіп, жайдақ белдерге, бедеу қырларға үн бітіп-сені өзіңе шақыратындай күй кешесің.

Көктем туралы жыр жазбаған, оны аңсамаған ақын жоқ шығар, сірә... Дәркен ақын да көктемді жып- жинақы етіп былайша суреттейді.

«Күркіреп бұлттар өткенде,

Ақ жауын селдеп төккенде.

Көк майса дала жамылып,

Сағынып құстар жеткенде.

Қызғалдақ толы бөктерге,

Оралсам мен де көктемге..»

Ал мына бір өлеңі жастық шаққа деген сағыныш көңіліңді аласапыран күйге бөлейді.

«Өткен күндер оралмайды қарасам,

Бүршік атып гүлге оранды дала сан.

Алтын тұсау аяғыма салғалы,

Тоғыз көктем жүзі өтіпті санасам.

Беу, шіркін-ай!..

Жастық шаққа оралсаң...»

Лирик ақын табиғат пен ақын мінезінің ұқсастығын, бұған қоса өмірдің жалғандығын, әр көктемнің өзіндік орны барын мына өлең шумақтарымен өрнектеген.

«Еңсемді бір езгендей боп ауыр мұң,

Шымқаладан мезі болып, ауырдым.

Қайдасың деп, Қазығұртқа тартып ем,

Рахаты-ай! Рахатын-ай ауылдың!

Төркіндетіп қуанып жүр көктем кеп,

Жоталар да, сайлары да көкпеңбек...»

... «Бармақтай бақтың бағасын,

Түсінбес құнын кей кісі!?

Бақытың кетсе басыңнан,

Қонады келіп қайғысы»,- дейді.

Айтары жоқ... Өмірдің өзегінен суырып алғандай шымырлаған шындық. Адам баласын терең ойға шомдыратын пәлсапа, ақынның махаббат тақырыбына жазған өлеңдері де кісіні бей-жай қалдырмайды. Оның Төлеген болып шарқ ұрып Жібегін іздегені, Мәжнүн болып Ләйліге сүйіспеншілік назы, мұңы көңілге қонымды. Шынайы сезімін Фархат болып та сездіретін тұстары бар:

«Қара түндей бұрымыңды,

Қиялымда тарқаттым.

Келші жаным,Шырын болып,

Мен аңсаған Фархатпын»,- дейді.

Шынайы сезіммен жазылған шумақтар! Ақынның өмір бойы сұлулыққа сүйсініп, ғашық болып, өз қиялымен сомдап алған «Музасын» аңсап өтуі жазылмаған заңдылық. Ақынның жүрегі қоғамның барометрі болса, ақын жүрегінің соғысына бағдар беретін компасы – Муза. Ақынның аяғына тұсау салуға болатын шығар, бірақ жүрегіне салуға болмайды. Сезіміне, қиялына, еркін ойлау қабілетіне шектеу қойған күні оның ақындық қасиеті де жоғалмақ...

Дәркен ақынның «Бөрі ана» атты аңыздың желісімен жазылған поэмасындағы «Бөрінің жоқтауы» да нанымды берілген:

«Бөлтіріктерімді қайда деп,

Көк тәңірден сұраймын.

Рахымы түссе айтар деп,

Аспанға ұлып жылаймын»,- немесе:

«Жаныма жара салғанның,

Алдына ісін келтірем.

Күшіктерімді алғанның

Әулетін түгел өлтірем»,- деп кектенеді.

Қанды қырғыннан аман қалған, жаралы сәбидің жарасын жалап, аналық мейірімі оянып, сүт кернеген емшектерін емізіп бәйек болғанын:

«Қайғырған кекті мұңымен,

Жібітті сәби жанары.

Қорған боп бөрі түнімен,

Жарасын ептеп жалады»,- деп суреттейді.

Бүгінде өз баласынан өзі жеріп,құйтақандай сәбиін көшеге тастап кетіп жатқан қатал қоғамда, бөлтіріктерін алған адамдарға кектенсе де, адамнан туған қорғансыз сәбиге бөрінің қамқорлық жасағаны сенімсіздеу көрінсе де, тәрбиелік мәнін жоғалтпайды.

Баланың өсу кезеңінен хабар бере келіп:

«Тағдырдың жүрді жолымен,

Өткен соң күндер ағылып.

Жігіт боп өсті Көкбөрі,

Кешсе де ғұмыр тағылық»,- дейді.

Жемтік іздеп шыққан Көкбөрінің бұлақтан су алуға келген сұлу қызды көрген сәтін:

«Жүрегін кетті от қарып,

Сезімге бойы шырмалып,

Дауыстай жаздап Көкбөрі,

Көзімен салды шығарып»,- деп ғашықтық сезімге берілген, бөріше ұлығанымен адам екенін сезінген сәті суреттеледі.

Баяғы бөрінің бөлтіріктерін, ауылды қырғынға ұшыратқан жау қайта шапқанда, қолбасшысы:

«Құрығым менің ұзынды,

Шапқанмын талай даласын.

Анау бір нәзік қызыңды,

Қойныма қақпас саласың»,- деп қыздың әкесіне дөң айбат көрсетеді. Оның айтқанына көнбеске әкесінің шарасы болмайды, бірақ жауыздың да ойлағаны іске аспайды:

«Бөрі ана келіп жетті енді,

Жауызды жайпап матауға.

Көкбөрі кіріп кеткенді,

Қыз кірген үлкен отауға

Қандырмақ нәпсі құмарды,

Қолбасы соны тұрды ойлап

Умаждап әлгі тұмарды,

Шыққан соң салмақ жын ойнақ.

Далада тойлап қол жатыр,

Ешкім де сырын ұқпады.

Кіргенмен үйге қолбасы,

Далаға қайтып шықпады.

* * *

Жұмбаққа мына қаралық,

Кетіпті біреу пышақтап.

Көздері ашық аларып,

Өз басын жатыр құшақтап».

Немесе:

«... Көкбөрі сұлуы қасында,

Асыпты таудың шыңынан.

Жалаңаш құздың басында,

Бөрі ана отыр ұлыған»,- деп оқырманның ойын сонау ертедегі ғұңдар мен сақтар дәуіріне жетелейді.

Қорыта айтқанда, Дәркен Танабаев қаламы қарымды лирик ақын. Ғажабы мен азабы қатарласқан ақындық жолды таңдаған сыршыл жанның жазары таусылмай, тамыры тереңнен тартар шынайы да сырлы, жемісті жырлары молая бергей.

«Mecenat.kz» әдеби байқауының III маусымына романдарды қабылдау басталды
Бүлдіршіндерге арналған жыр-жинақ шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу