Жүсіпбек Аймауытов. Торғай мен жылан

Oinet.kz 23-09-2020 2984

 …Әне, алыста безек қағып бір бозторғай тұр шырылдап. Бейне әуеге шегелеулі тұрғандай, бір орнынан тапжылмайды қанаттары дірілдеп. Сол торғайдың шырылдағаны ащы тиді құлаққа. Өзгелерден үні өзгеше, не болды екен бейбаққа? Сол торғайдың маңайында жаны ашыған арашашы жандарша, төрт-бес торғай айнала ұшып, таяу-таяу бара түсіп, тиіп-қашып өтіп жатыр, о жаққа бір, бұ жаққа бір.

  Бір мезгілде әлгі торғай жансыз тастай, ағып түсті топ етіп. Ақбілек те оқ бойы жер кеп еді. Ол торғайдың түскен жері қалың шөп. Көз айырмай, қарап келеді Ақбілек. Әлгі торғай қалың шөпке түсті де, қалбаңдап, далбаңдап, шөпке таман аяңдады; шыр-шыр етіп, безек қағып, олай-бұлай шоршиды. «Бұл байғұсқа не болды?» деп, жетіп келді Ақбілек. Қалың шөпте жатыр екен білектей бір сұр жылан. Сұр жыланның найза басы қақшиған. Алмас көзі бозторғайға шұқшиған. Айыр тілін жалаң-жалаң еткізіп, ысқырғанда өңменінен өткізіп, арбап, буып, уытын жиып, торғай сорлыны қылқ еткізгелі тұр екен. Сұр жыланның оқ көзінен көз айырар бозторғайда дәрмен жоқ.

  Қалбаңдап, далбалаңдап, ыршып түсіп, тұмсығына тиер-тимес елбелектеп жүр екен. Бір «ап» десе, біткені ғой жұмысы. Торғай қашан аузына келіп түскенше, оқты көзін қадап қойып, айыр тілін жалақтатып жатады екен сұм жылан.

  Бозторғайды аяп кетті Ақбілек. Сұр жыланды сойылшамен салды келіп қақ бастан.   Жауыз басы астына келіп, солаң ете дүрс етті. Торғай сорлы есеңгіреп қалған екен: жылжып тұрып, жер бауырлап, қырындап-қырындап барып, шыр етіп, шыбын-шіркей болып, аспанға бір-ақ ұшты…

  «Жылан торғайды арбап жейді» дегенді Ақбілек бала кезінде естіген. Мынаны көрген соң, «құлақ естігенді көз көреді» деген осы-ау деп ойлады. «Бұл жауыздың көзінде не сиқыр бар?» деп ішінен таңғалды… Торғайды аман алып қалғанына қуанды…

Әбділдә Тәжібаев. Толағай
Қаскөй аңшы туралы аңыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу