Бүгін Әбділда Тәжібаевтың туған күні
04-02-2021
Жылдар өткен…
Жазғытұрым
Басталды бір жаман ырым,
Жаумай жауын жалғыз тамшы.
Ерте солды гүл-бәйшешек,
Еркін өспей, қурады шөп,
Етке тиді ауыр қамшы.
Еккен егін өнбей жерге,
Еткен еңбек ұшты желге,
Ел күйзелді ем таба алмай.
Жабырқаған жарлы қауым
Жалбарынды тілеп жауын,
Көкжиектен көзін алмай.
Сезген мұны Толағайда
Сабырсыздық болды пайда,
Ойланады ұзақ күндер:
«Қайтсем жауын жаудырамын,
Ел сусынын қандырамын,
Адал ақыл айтар кімдер?»
Көп өтпеді. Бір күндері
Шешесіне еркеледі.
Отыр сұрап әр нәрсені…
– Тағы да бір бар сұрауым:
Көп жауады қайда жауын?
Білсең, апа, айтшы, – деді.
Айғақ ете үлкендерді
Апатайы жауап берді:
– Деген сөз бар: «Тауда тандыр».
Қарлы, шыңды тау жерінде,
Тарбағатай өңірінде
Үзілмейді жылда жаңбыр.
Толағайың тыңдап алды,
Екі беті гүл-гүл жанды.
Кідірмеді, жүріп кетті.
Кеудесімен бұлт бөгеген,
Бұлттан жаңбыр себелеген
Асқар тауға келіп жетті.
Таңдап жүріп тау жотасын,
Талғай қарап орман, тасын,
Тарбағатай өңірінен.
Көңілі сүйген бір шатқалды
Ұзақ ырғап бөліп алды
Өркештенген түйінінен.
Басындағы қарын қоса,
Бауырындағы аңын қоса,
Шайқап бұлақ, көк орманды,
Күшпен әрең алды-дағы,
Арқасына салды-дағы,
Келген ізбен қайта оралды.
Арқалады ауыр тауды,
Жаншып бара жатыр жанды,
Маңдайынан тер көл боп ақты.
Жеткенше дем алмайын деп,
Жарты жолда қалмайын деп,
Шаршаса да, тоқтамапты.
Тау жақындап қалды келіп.
Бұйраланған бұлт еңсеріп,
Таңданысты көрген адам.
Әлден кейін танылды анық.
«Толағай!» – деп шулап халық,
Қуанбаған қалмады жан.
Құйды жаңбыр, сел боп ақты,
Күн күркіреп шатырлатты,
Күйген жердің кірді жаны.
Шөлдегендер суға қанды,
Ауыл қайта ажарланды.
Тарқады елдің бір құмары.
Талған дене, жанған өкпе,
Келген шыдап сонша көпке,
Ұзақты күн сыр бермеген.
Жетеріне жеткен кезде,
Күн еңкейіп шөккен кезде,
Сүрінді алып әлденеден.
Кетті құлап, тұра алмады,
Қайта қару қыла алмады.
«Апа!» – деді жалғыз ғана,
Тау да басып, шөге берді,
Апасы жас төге берді,
Отаны үшін өлді бала.
Кім қалды екен егілмеген,
Кім қалды екен төгілмеген,
Көз көргеннен Толағайды.
Күңіренді де анасындай,
Күн де батты шарасыздай,
Түн қап-қара шашын жайды.
Ауысыпты заман талай,
Аталғалы тау – Толағай…
Соны үлкендер ертегі еткен.
Алыпты тау басып жатқан,
Ана сүтін тас боп қатқан
Көреді әлі өткен, кеткен.
Толағайдың төңірегінде,
Толқындаған желмен бірге
Көк теңіздей көк шалғыны.
Алыпты жұрт ардақтайды,
Алып атын бір атайды
Жылда жаңбыр жауған күні.
Әбділда Тәжібаев