Бүгін Әбділда Тәжібаевтың туған күні
112 жыл бұрын (1909-1998) ақын, драматург, әдебиеттанушы, филология ғылымының докторы, профессор, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбділда Тәжібаев дүниеге келді. Қызылорда қаласында туған.
Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
1932-1948 жылдары Қарсақбайдағы «Қызыл кенші», республикалық «Жас алаш» газеттерінде редактордың орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, төрағасы, Қазақстан ҒА Тіл және әдебиет институты Жамбыл бөлімінің меңгерушісі болды.
1948-1958 жылдары шығармашылықпен айналысты.
1959-1984 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Қазақстан ҒА Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, театр өнері бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
ӘбділдаТәжібаевтың «Жүректілер» пьесалар жинағы, «Халқым туралы аңыз», «Жомарттың кілемі», «Көтерілген күмбез» атты драмалық дастандары, «Майра», «Жартас», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Қыз бен жігіт», «Монологтар» атты драмалық шығармалары жарық көрген. «Дубай Шубаевич», «Той боларда» атты комедиялары бар. Ол әдебиеттану саласында да өнімді еңбек етті. Оның «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» атты зерттеуінде қазақ драматургиясының күрделі мәселелері жан-жақты қарастырылған. Ақынның «Жылдар, ойлар», «Жаданның хаттары», «Хаттар сөйлегенде», «Өмір мен ерлік» деген сын, эссе, проза кітаптарында әдебиет пен өнерге қатысты жайлар жөнінде толымды пікірлер айтылады. 1954 жылы Ә.Тәжібаевтың сценарийі бойынша «Жамбыл» фильмі түсірілді. «Қазан төңкерісі», 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.