Гессе Герман өмірбаяны, шығармашылығы

Oinet.kz 06-01-2020 755

Гессе Герман (Эмиль Синклер) Гийом (Вильгельм) Аполлинердей "Ұлылардың аспанына оқ атпады".  

"Түс - туғаныңнан бүгінгіңе дейін, Гомерден Генриx Маннға, Жапониядан Гибралтарға, Сириустан Жерге, Қызыл Телпектен Бергсонға дейінгі жаныңның тұтас әлеміне (үлкен де, кіші де емес) үңілтетін саңылау". Бұл - жер басып жүргендердің барлығы мән-маңызын ұғуға талпынатын құбылысқа берген анықтамасы.

Өте зерек өсті. Александар Науменконың айтуынша: "Үш жасында оқуға талаптанды. Бес жасында төрт жол өлең, он жасында әпкесі Маруллаға арнап "Ағайындылар" атты әңгіме жазды. Жылдар жылжыған сайын күйгелектенуі көбейеді. Ата-анасы апарған "есерсоқтау" балалар тәрбиеленетін интернатта алғашқы махаббатын кездестіреді. Гессе қыздан жеті жасқа кіші. Сезіміне жауап ала алмайды. Бірінші рет өз-өзін өлтіруге бел байлайды. Бұндай шешім қабылдауы сан мәрте қайталанған. Он жеті жасында шығармашылықпен еркін айналысу үшін әкесінен үйден кетуге рұқсат сұрайды. Күніне 10-12 сағат жұмыс жасады. Он сегіз жасында Тюбинген университетінің табалдырығын аттайды. Жоғарғы оқу орнында өткізген уақытында дүниежүзінің әдебиеті мен философиясының тең жартысын оқып үлгергенін тілге тиек етеді. Жиырма бір жасында "Романтика әуендері" атты тұңғыш өлең кітабын шығарады. Осыдан соң да кесек-кесек еңбектерін дүниеге әкеледі. Герман кітап саудасымен айналысқан Эмиль Золядан кейінгі әдебиеттегі екінші есім."

Оны беллетристтердің туындыларын келесі дәуірге апаратын жәдігерлердің иллюстрациясы алаңдатты. "Неліктен жиһаздарды жобалаумен шұғылданатын, түсқағазға, үй әбзелдеріне өң кіргізетін суретшілерге кітаппен айналыспасқа?!" дейді. "Раритеттер" тоғысқан жинақтардың сапасын арттыруға талпынады.

...Пайымдауынша, "газет - кітаптың қауіпті жауларының бірі".

Тізілген томдардың экслибрисінен Гётені көп кездестіргені анық. Неміс әдебиетінен аталмыш тұлғаны, сосын Жан Польді биік қойды.

"Адамға әлемді таңғалдырғаннан не опа, егер жанын кірлетіп алар болса?!". Күні-түні мазасын алған мына сауалға жауап таппай қатты аңтарылады. Алайда, ол "жүріс-тұрысы мен іс-әрекетінің дұрыс, я бұрыстығын ажырату қолында еместігіне" және "адамның өлмейтініне" иланды.

Оның "Оқымыстысы" кім еді?! Алақаны мұқаба сыртын сипаудан босамайтын әлдебір кеміргіш жайлы эссесіндегі бар ғұмырын оқу-тоқудың жолында сарп еткен, сарғыш парақтардағы кейіпкерлерді сүйіп, жыласа, егіліп, қуанса, шаттанып, тереңнен сыр шертетін романдармен, хикаяттармен өмір сүргенін татар дәмі таусыларда ғана түсініп, түңілген Гессенің өзі шығар дейсің кейде... Маңдайына бұйырған жазу сол ма, әлде?!

            "Кітаптар – қаншама, самсаған...

            Қаншалық көп болса, соншалық аз бақыт.

            Жанында жұмбақ бар аңсаған,

            Жетелер құпия әлемнің жарығын маздатып.


            Жол бойы кезіккен сезімдей жүрекке байланар,

            Ертегі желі ескен ел еді.

            Күн күлер. Жұлдыз жүр. Ай да бар,

            Осы ма санаңа керегі?!


            Сен одан дараны іздедің, дананы,

            Неліктен езілдің, шаршадың?!

            Нұрлы ойдан парағы жарқырап барады,

            Қалтырап қалды ма саусағың?!"

            Аңсар... Алпауыт құмарлық...

...Түпсіз қиялға беріліп, айна алдында "айналысып жүргендерінен түк те шықпайтынын білсе де, аңсары ауған ісімен шұғылдануын тоқтатпайтын адам осы емес пе?!" деп өз-өзімен неше рет сөйлесіп тұрды екен?! "Жаныңды қинайтын құрбандықтарға бару және оны бағалау арқылы мүддемізді тапқанымыз" рас. "Ешкім ешқашан жазбағанды жазамын". Серті! "Суретші өнерге қашу арқылы қоғамнан қорғануға міндетті емес". Бірақ, негізгі "борышын" атқара алды ма, білмеймін... "Мен жазушы атандым. Адам болған жоқпын. Жеке басымның қалағанына қол жеткіздім. Дегенмен, басты мақсатым орындалмады. Менің өмірім – тек қана әдебиет". Соңғы сөзі бұл...

Ал, Өлеңнің, Поэзияның не екенін білгіңіз келсе, осы мақаланы оқығаныңыз жөн!     

Герман Хессе. Жанайқай
Түркістан: Агенттіктің департамент басшысы Отырар ауданының активімен кездесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу