Голощекин жолдастың Сталинге берген 5 сұрауы

Oinet.kz 05-05-2020 942

image.png

Көптен бері 1920-1930 жылдар арылығында Оралдан шығып тұрған Орал губернесінің өлкелік газеті «Қызыл туды» қарап шығып едім. Мақсатым: Оралда туылып, кейіннен Құлжаға мұғалім болып барып тұрақтап қалған, Алашорданы қолдаушы белгілі журналист, тілші Молдағали Бектұрлин туралы дерек іздеу болатұғын. Гәзеттің тігінділерін парақтап оқу барысында – батыстағы «Алашорда» және қазақ зиялыларын жайында, жергілікті өлке тарихына да қатысты құнды деректер мен жазбалар кездесті (Ол деректер туралы алда тағы жазармыз). Маңызды хабарлар арасында партия қаулылары мен үндеулері де жетерлік. Соның бірі «Голощекин жолдастың Сталинге жолдаған 5 сұрауы» еді.

Төменде сол хаттың баспасөзде жарияланған нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз! Бас мақала «Голощекин жолдастың Сталинге берген 5 сұрауы» деген атпен басылған.

***

Голощекин жолдастың Сталинге берген 5 сұрауы

image.png

(6-партия канперенсесінде жасаған баяндамадан)

Мен өзімнің хатымда Сталин жолдасқа бес түрлі сұрау қойып, соған жауап беруін сұрадым.

Бірінші мәселе

Кеңес құрылысы жөнінде өлкелік, губернелік кеңес мекемелерін бекіту, олардың басына дұрыс жолбасшылық қыла алатұн күш жинап алу, бүджетті түзеу, шаруашылық мәселелерін ілгері қозғау (мал шаруашылығы, өнерлі кесіп, жерге орналастыру, жер суландыру, мақта өсіру) сияқты табыстарымыздан басқа. Біз 5-інші канперенседе, «ауылды кеңестендіру» деген негізгі жол ұстағамыз.

Бұл ұранның «бетті ауылға бұру» деген ұраннан аз-ғана айырмасы бар. Үйткені, біз бұл мәселеге, басқа Республикелерден гөрі, екі жыл соң кірістік.

2-Мәселені «кеңесті жандандыру» деп қоймай, әуелі кеңесті шын еңбекші елдікі етіп алуды мақұл көрдік. Үйткені ауылдағы осы күнге дейін дәуір сүріп келген, кәзірде де болып отырған кеңестерімізді шын еңбекшілердің кеңесі деп айтуға болмайды.

3-Біз көшпелі, жарты көшпелі қазақ ауылы мен орыс деребінесінің арасындағы ру сезімі, ру таласы, рушылдық көз қарастар сияқты айырмалардың барлығын ескердік.

4-Қазақ ауылының әлеумет шаруашылығы жөніндегі өзгешеліктерін ескердік. Орыс деребінесімен қазақ ауылының айырмасы. Қазақ ауылында төңкеріс толқыны жүрген жоқ. Ауылдың ескі әдеті, ескі ғұрпы жылжымай төңкеріске дейінгі күйінде тұр. Солай болған соң шаруашылық және саясат жөніндегі өктемдік бай қолында, күшті рудың қолында қалып отыр. Ауыл – кедейі кәмитетін, орталандыру дегенді көрген емес. Бай – тек шаруашылық күші мен пайдаланып қойылмайды. Ру қатынасы, ру күші мен де пайдаланады.

5-Қай құрылысты алсаңда, 5-канперенсеге дейін еш біреуі ауылға қол сұқпай бетіне жүріп отырған. Бұл күндегі құрылыстар ұлт ішінде тап міндеттеріне қол сұқпай, біріңғай ұлт міндетін шешумен болған.

Біздің жолымыз – 5-канперенсе мен 2-3 інші пленом айтып кеткен және біздің күнделік жұмысымыз да істеліп отырған «ауылды кеңестендіру» жұмысы:

1) Ауылдың әлеумет, шаруашылық қатынасын өзгерту; бұған төмендегі шаралар кіреді:

А) «Жер мен пайдалану тәртібін өзгерту, бұл өзгертудің Орта Азиядағы жер мен пайдалану тәртібінен өзгешелігі – егістік, шабындық жерді бөліп беру реті. Жаппай қоныстандыру жұмысы аяқталып болғанға дейін жер мен пайдаланудың жалғыз-ақ тәртібі осы болмақ. (Орталық камитетке бұдан 4 ай бұрын тапсырылған).

Б)Ауылдың мәдени керегі үшін байларға айрықша салық (ауылдағы жалпы жиналыс арқылы) салу, (бұл орталық камитеттен бекітіліп келмей жүзеге асырылмайды).

Т) Кеңестер одағындағы елдердің төлеп отырған шамасы мен ауыл шаруа салығын. Бірақ, мал жасырғандарды шығару жөнінде (50 пұрсент мал жасырылады. Мұны шығару қосшы одағы мен кедейлердің мүддесі) жалпы заңға түзету кіргізіледі (бұл әлі жоба түрінде).

2) Сайлауды ұйымдастыру, ауылдағы кеңес жұмысы.

А) Қазақ ауылының жағдайына, түрлі өзгешеліктеріне үйлестіріп, сайлау, сайлануға еркі жоқтарды айыру.

Б) Әкімшілік ауылдарының жанында ұсақ танаптар ұйымдастырып, ұсақ рулардан өкілдер енгізу.

Т) Сайлау кездерінде өз мүддесі үшін ру таласын қоздырып, ру таласына басшылық қылған адамдарды қылмыс жөнінде жазаға бұйыру үшін заң шығару.

П) Ауылдық кеңеске жол-жоба түзегенде, осы сияқты керектерді есепке алу.

Кедейлерді «қосшы» одағына ұйымдастыру жұмысын жүргізу сияқты ұйымдастыру жұмыстарында «ауылды кеңестендіру» жұмысы өз өзінен ақ біздің жұмысымызбен байланып тұрады. Дұрыс, ауылдың түрлі өзгешеліктері мен байланысқан сан рет қиындықтар ұшырайды. Бұл туралы бөлек сөйлесермін.

Біздің ұйымның 10 бөлгенінің 9 ы осы көзқарасты қуаттайды. Ал енді, ауылда тап күресі деген мәселені қойсаң, қарсы болып ауылда «октебір» болмаса, «азамат соғысы» болды; бұларың 14 сиездің жолына қайшылық қылады – деп айқай салатұн азшылық – Садуақасұлы, ауылға аттаныс жасап, байлардың артығын күшпен алуға мүмкіндік тауып, алып жүрген Жандосұлы Ораз.

Міне, өлкелік партия камитетінің осы негізгі жолдарына жауап керек.

Екінші мәселе – партия құрылысы

Біздің 35 мың мүше кандидаттарымыз бар (37 пұрсенті қазақ). Бұл жөніндегі жақсы жаман жағымызды бірдей тексере келіп 5 інші канперенсеге «ауыл коменесін» шығару жөнінде мәселе қойдық.

Ел ішінде құрылыс жағынан дұрыс жолға қойылған ұя – әлі шамалы, коменестеріміздің көбі сауатсыз. Сауатты, саяси жөнінен азда болса білімді коменестер болса, партия нұсқаулары орындалып отырған болар еді. Рушылдық салдарынан байлардың ықпалынан аулақ болған болар еді, бұл қалып болыңқырамай отыр. Ел ішіндегі ұя жұмысын дұрыс жолға қойып, белсенділерді коменестер дайындау ісі өлкелік партия камитетінің екпінді жұмыстан саналып отыр. Бұл міндеттерді іс жүзінде жүзеге асыра алмасақ ауылда басшылық жұмыстары дұрысталмайды; басшылық жұмыстары дұрыс жолға салынбаса партия жұмысына кедергі болмақшы. Бұл жұмыстарды жүргізудің керек екендігін 2 інші пленум айтып өткен. 2 інші пленум мен 3 інші пленумының арасында өлкелік партия камиетінің қолға алғаны жергілікті ұя жұмыстарын тексеріп жәй-жапсарын білу болды. 3 інші пленумде толық деректер бойынша тиісті нұсқаулар берілді (қаулыны қара) қаулының 5, 10, 13 және 19 тармақтарында жазылған.

Үшінші мәселе

Біздің Қазақстан партия ұйымдарындағы ауыру жаман қалыптар  - бұл ұлттың арасындағы қатынас мәселесі мен қазақ коменестері арасындағы топтар. 5 партия канперенсиесінен бері қарай осы ауыру қалыптар мен күресті бастадық. (5-канперенсиенің қаулысы, партия ұйымдарына жазған ерекше нұсқаухат, жергілікті тәжірибалар бойынша қаулылар. Орал губкомының пленумына хат, Адай ұйымдарына хат, Қарақалпаққа хат, Сырдария туралы екі қаулы, бюро ішіндегі алалықты жою). Қазақстанның 6-кеңестер тобына дайындық жүргізген қарсаңда партия жолына қарсы шыққан топтар (Қожанұлы, Садуақасұлы, Мыңбайұлы)дың барлығы сезілді. Бұларды бюро ішінде ғана шешіп құртуға мүмкіндік болмаған соң 3 інші пленумның қарауына салдық; үйткеніміз – топтардың шалығының губернелерге де жайылып кеткені байқалды. 3 інші пленум бір ауыздан тиісті қаулысын шығарды.

3 інші пленумның қаулысы бойынша наразы топқа қарсы күрес жұмысын іске асыра бастағанда біз не істедік, нелерді еске алдық?

1) Партияның 5 інші канперенсесінен кейін Қазақстанның шаруашылық, саясат жағы өсумен қатар орта коменестер шықты. Бұлар жікшіл топтардан қол үзіп, партия жолына түсуге бет алды. Бұл арада, жікшілдерге қарсы күресті нығайтып орта коменестердің бет алыста жәрдемдесу біздің негізгі міндеттеріміз болды.

2) Жалпы жікшілдерге қарсы күрескенде бұрынғы жалпы әдісті қоя тұрып (бұл арада қиын халде қалып тұрғандар орта мен төмендер) ең алдымен, әйгіленіп шыққан жіктер мен күрестің, белгілі көсемдеріне қол салдық.

3) Егер біз қазақ коменестерінен партия қызметкерлерін дайындаймыз десек, Қазақстан жағдайына қарай қолданатұн негізгі әдістеріміздің бірі – жікшілдерге қарсы қазақтың өз коменестерін күреске салуымыз керек. Оларды партия құрлысы жұмыстарына белсендіре қатыстыру керек.

4) «Алаш Ордашылар» ықпалын жүргізетін бір бол бар. Ол тесік осы жікшілдер. Сондықтан жікшілдердің пікірін біліп алмай тұрып алысудан нәтижелі іс шықпайтұн болды.

5) Жікшілдіктің мәселесін бүкіл Қазақстан партиясы алдына салып өттік. Жікшілдердің көсемі партияның жергілікті ұйымдарының қаулы қарарларына бойсұнбай орталық партия камитетіне шабулдаушы еді.

Бізге ашық жауап керек. Мұнымыз дұрыс па, бұрыс па?...

Төртінші мәселе – қазақыландыру жайында

Қазақыландыру жұмысында қаншама олжамыздың барлығы баяндамада айтылған. Қазақыландыру жұмысы бастапқы дұрыс жүргізілмеген. Мекемелерге сауатты, шала сауатты адамдар отырғызыла беріпті. Бірақ, бұл әдістен еш нәтижелі іс шықпаған. Біз алды мен жоғарғы басшылық орындарды қазақыландырып отырмыз. Орта дәріжелі қызметтің көбі қазақыланып жеткен жоқ. Бұған себеп: қазақтан маман, қызметкерлердің жоқтығы болып отыр. Мысалы, есепші, машина басқыштар, іс жүргізушілер – тағы тағылар. Аграном, доқтыр, фелшер, мал дәрігері, техниктер болса, болмаса жоқтың қасы. Егер мекемелердің бәріне де 100 пұрсентке толтырып қазақ қызметкерлерін отырғызсақта, бәрі бір, еуропалықтарсыз қызмет жүргізе алмас едік.

Ескі әдіс пен әрі кете беруге болмады. Қазақ қызметкерлерінің тобы кем. Қызметкер дайындап шығару жұмысына көңіл бөлінбеген. Оқу жұмысына қаншама қаражат шығарсақта, онан пайда көрмедік. Жұмысы нашар сауатты қызметкер дайындап шығарған жоқ. Техникомдерге кіргізу үшін дайындық бөлімін ашып отырмыз. Мектептердің ашылғанына 5-6 жыл болса да, әлі техникомдерге кірушілер дайындап шығарған жоқ. 5-6 жылдың ішінде дайындалмаған оқушыларды бір жылдың ішінде дайындық деп отырмыз. Жоғарғы оқу орындарына 100 адам жіберсек, 15-і әрең кіреді. Ал енді, жоғарғы мектептерге кіргендер оқуды бітірмей Қазақстанға қайтып келеді. Бітірсе, бірлі жарымдысы ғана бітіреді, ода болса партиясыз, оқудың керегі не. Елімізде  қазақ қызметкері жетіспей жатыр. Ізі орынға тұрсақ көп еңбек ақы аламыз, бәлен түген деп қайтып келеді. бұл қалыптардың бәрін де өзгертіп отырмыз, мекемені іс жүзінде қазақыландыру жұмысын қолға алып отырмыз. Қазақтан қызметкер дайындау жұмысын қолға алдық. Кеңселерде қазақ тілін қолдандық, қазақыландыру жұмысын жүзеге асыру міндеті түрлі кемесиелерден алынып, жұмыскер қара шаруа бақылау орындарына беріліп отыр; тиісті жоспар бойынша қазақыландыру жұмысын бақылау орындары жүргізбекші. Қызметкер дайындап шығармай қазақыландыру жұмысы көңілдегідей орындалмайды. Сондықтан қызметкер дайындау жұмысы үлкен міндеттің бірінен саналып отыр. Алды артымызға көз жіберіп қарамай, құрғақ қаулы шығарып, ретсіз қазақыландырудың пайдасы жоқ, ісімізге кесел болады. Құр аты қазақылану болмаса, қорытынды нәтиже шықпайды, пұрсент пен қазақыландырудың әдісі осы. Бұл әдісті қолданушылар Қазақстан жікшілдері. Қазақыландыру мәселесіне жете түсіне алмай жүрген еуропалық камунестерде жоқ емес, бар. Не бар мекемені қазақыландыру керек, жоғарғы орындарға қазақ отырсын деп жүрген қазақ коменестері де жоқ емес, бұлай деушілер белгілі жікшілдер тобы.

Міне, осы мәселеге ашық жауап керек.

Бесінші мәселе

Бұл мәселе – Қазақстанда саяси жұмыстың бет алысы қалай, қазақ көпшілігінің шаруашылық мәдени жұмыстары не халде, бұл жөнінде қолданылып отырған саясат қандай, міне, осылар. Бұл мәселелер туралы өткенде жүргізілген саясат реттен тыс ерте «Үлкен саясат» болған. (Мысалы: үкімет түзеу, шек ара үшін күрес, Мәскеу мен қатынас мәселесі, жалпы тегіс қоныстандыру тағы тағылар). Бұл жұмыстар уақытында дұрыс ақ болған шығар. Бірақ, көпшіліктің түсінгені де жоқ. Не істегенін сезген де жоқ. Қазақстан ұлт республикесі секілденіп құрылды. Бірақ, ауылдарда іс жүзінде кеңес жоқ.

Шаруашылық жөнінде біздің едәуір ілгері басқандығымыз бар. Бірақ, мал шаруашылығы мен айналысқан қазақ шаруаларына дұрыс көңіл бөлінбеген. Оқу жұмысына бұджеттен көп қаражат шығарып отырмыз. Бірақ, ауылда жөнді мектеп жоқ. Қазақ тұрмысында мәджениет кем. Жалпыны тегіс қоныстандыру жұмысында да ақсаған жеріміз жоқ еді, жүргізіліп ақ еді, бірақ кедейлерге келген-кеткен пайда жоқ.

Міне, осыларды қорыта келгенде «Үлкен саясаттан» олжамыз жоқ; қазақ көпшілігінің күнделік тілегін орындап отыратұн саяси жол қолдануымыз керек.

Біздің негізгі жұмыстарымыз – ауылды кеңестендіру, қосшы одақтарын қайта құру, шаруашылық жөніндегі жұмысының екпіндісі – мал шаруашылығын өркендету ісі. Кедей және орта шаруаларға іс жөнінде жәрдем беру (қарыз ақша беру, жерге тағайындау, мал дәрігерлігін күшейту, каперетсие ашу тағы тағылар), ұсақ мал шаруашылығының өніміне жәрдем ету, жерге орналастыру жұмысында елді өзара жерге орналастырып, алды мен кедей және орташаларға тәуір жер берілуге шаралар қолдану керек. Жалпылы қоныстандыру жұмысы жүргізілгенде оларға іс жүзінде жәрдем берілмесе, өткендегі жұмыстың пайдасы жоққа есеп. Кәсіп шаруашылығы жөнінде алды мен жергілікті ұсақ және орта кәсіп орындарына көңіл мықты бөлінсін. Неге десеңдер ауыл шаруашылығы мен ұсақ кәсіптің қатынасы үзілмейді. Мәдени жұмыс жөнінде жұмысты ең төменнен бастау керек болады; ауыл мектептерін дұрыс жолға салу, қазақ тілінде оқу кітаптарын шығару, мәдени қызметкерлер (мұғалім, учител) дайындау, қызыл отау бастықтарын даярлау тағы-тағылар. Сауат ашу жұмысына да тиісті шаралар істеліп, ауылда надандықты бітіруге тырысу керек; елдің әдет-ғұрыптарына ықпал салу керек. Тұрмысын оңдау жөн. Қысқаша айтқанда ауылды мәдениетке сүйреу екпінді, саяси жұмыстан саналсын.

Өлкелік партия камитеті бұл жұмыстарды жүргізіп отыр, қазіргі ұстап отырған жолы істеп отырған қызметі осы қызметтер. Бірақ, істің жүрісі шабан, алдымызда қайшылықтар көп, бұл мәселелер жөніндегі сіздердің пікірлеріңіз бізге үлкен қолғабыс болар еді. Коменестік сәлем мен « Б. Галашукин».

«Қызыл ту» газеті. Жетісіне үш рет шығатұн Оралдың губернелік партия камитеті мен атқару камитетінің тілі.

№ 136. 1927 жыл. 14 декабр. Сәрсенбі.

Уақытша редактыр: Тамимдар Сафиев. Тираж: 4500

Абай Мырзағали

20 жыл бұрын біздің «интерфейс» қандай еді?
Қазақ қозғалысының қайраткері Шәйке молда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу