Қазақ қозғалысының қайраткері Шәйке молда

Oinet.kz 05-05-2020 705

Шәймерден Қосшығұловың туғанына 150 жыл толуына орай

ХХ ғасырдың басында қазақ азаттық қозғалысы жаңаша тұтанып, империядағы революциялық қозғалыспен астаса, тез өрістеді. Оның бастауында діни қызметшілер тұрды. Солардың бірі әрі бірегейі Шәймерден Қосшығұлов еді. Оның азан шақырып қойылған есімі Шаһмардан болса керек, ел арасында құрметпен Шәйке молда деп аталады екен. Орыс дереккөздерінде Кощегулов (Кочегулов) Шаймардан түрінде таңбаланған. Шәймерденді кезінде Ақмола облысының сайлаушылары Ресей империясында революция толқынымен шаңырақ көтерген Мемлекеттік думаның алғашқы екі шақырылымына да депутат етіп сайлаған. Яғни ол қазақ қауымына танымал  қоғам қайраткері болған-ды.

Империядағы сол кезгі әкімшілік бөлініс бойынша Шәймерден Қосшығұлұлы Ақмола облысының Көкшетау үйезіндегі Қотыркөл болысы аумағында 1869 (1870) жылы дүниеге келген, яғни туғанына биыл 150 жыл толып отыр.  Шәймерден жас шағында ауыл молдасынан хат таныған екен. Одан оқуын Көкшетау, Қызылжар, Бұхара медреселерінде жалғастырған көрінеді. Шәймерденнің ұстазы Наурызбай Таласұлы 1886 жылдан бері Көкшетау қаласында имам ретінде мешіт ұстайтын. Ол ұзақ жылдар бойы Бұхара мен Бағдаттан білім алған, сол жақтарда діни ғылыммен шұғылданып жүрген, Арқа өңірі халқының арнайы өкілдер жіберіп, елге шақыруы  бойынша Көкшетауға келген ғұлама, діни қайраткер еді. Жұрт оны құрметпен Науан хазірет деп атап кеткен. Науан хазірет өлкедегі ел-жұрттың мұсылмандық негізін нығайтуға көп көңіл бөлді. Мешіттің жанынан мед­ресе ашты. Мед­реседе алыс ауылдардан келетіндер үшін жатып оқитын интернат салғызды. Шәймерден Қосшығұлов осы мед­ресенің мұғалімі әрі хазіреттің көмекшісі болып қызмет істеді.

Бұл қазақ жерінде Ресей патшалығының саяси үстемдігі толық ор­наған шақ еді. Ұлы даладағы шұрайлы жер-суды иемденіп алу өз алдына, оны мекендеуші ел-жұрттың санасын рухани тұрғыда отарлау жан-жақты жүріп жатқан кез болатын. Жергілікті әкімшіліктің рұқ­сатынсыз мұсылман мектептерін  ашуға қатаң тыйым салынған-ды. Сөйтіп үкімет жаңа мектеп-медреселерді қазақ ішінде іс жүзінде ашқызбады. Жалпы, бұратаналардың ислам дінін ұстануына шектеу қойылды. Олардың мұсылмандықтан іргелерін ажыратып,  христиан дінін «өз еріктерімен» қабыл алуын біртіндеп, айламен іске асыру көзделген-тін. Не керек, отаршылдардың ішкі саясатында қазақ­тарды шо­қын­дыру және орыстандыру жолдары мен шаралары жан-жақты қа­растырылды. Осы мақсаттағы негізгі рөл үкімет оқу орындарына жүктелді. Орыс-қазақ мектептерімен қатар қазақ қыз­дары үшін арнайы мектептер ашу уағыздалды. Осындай әрекет арқылы «оларды орысша оқытып, тәрбиелеу жолымен орыс мәдени­е­т­іне қарату» қажеттігі, сонда қазақ қыздарының «тұрмыс құ­рып, ана болғанда өздерінің күйеулері мен балаларына орыс мәдени­е­т­інің ықпалын тигізетіні» күмәнсіз екені ашық та анық түсіндірілді.  Жұмыс істеп тұрған, әзірге жабыла қоймаған қазақ мектептерінде балаларға орыс тілін оқы­ту мін­деттелді. Тіпті қазақ тілін­де сабақ беруге тыйым салынды. Ел ішіндегі молдалардың санын барынша азайту мақсат етілді. Оларды неке қию, ажыра­су, жаңа туған сә­би­лер­ге азан шақырып ат қою  рәсімдерін атқарудан қайткенде шеттету көзделді. Үкімет, ең арғысы, жерлеу рәсімдерін де бақылауға алуға тырысты. Қайтыс болғандарды жер қойнына беруге орыс діни қызметшісі рұқсат ету керек болды.

Ақмола облысының әкімшілігі 1901 жылы Көкшетау қаласындағы мешіттің имамы Наурызбай Таласұлының қыз­метіне ты­йым салды. Облыстағы болыстардың өкіл­­дері бас қосқан төтенше жиылыста «қазақтарда дін жоқ, бұдан былай шариғат жолын ұстауға рұқсат берілмейді» деп ашық жариялады. Мұндай ахуал отаршыл биліктің қазақ еліне қатысты жүргізіп отырған сая­сатына жаппай наразылық сезімін туғызды. Осы ретте Көкшетау имамы Науан хазірет пен оның көмекшісі Шәймерден Қосшығұлұлының аймақтағы көзі ашық, оқыған азаматтардың басын қосуға әрекеттенген себебін әбден түсінуге болады. Олар өкімет шараларының қазақ халқының діни-рухани тыныс-тіршілігіне қатты қысым жасап отырғанын айқын ажыратып, ондай саясатқа көндіге алмаған. Соған байланысты елдегі көкірегі ояу азаматтармен ақылдасуды қош көрген еді. Бірақ бұлардың белгілі тұлғаларды бір жерге жиналуға шақырмақ ниеттері әкімшіліктің құпия қызметі назарынан тыс қалған жоқ-тын. Тиісінше имам мен оның көмекшісі қудалауға түсті.

Жандармерия 1903 жылғы 2 сәуірде Көкшетаудағы мешітті, Науан хазірет пен Шәймерден Қосшығұлұлын жеке өздерін тінтті. Тінту нәтижесінде күдіктерін растайтын дәлел тауып, 3 сәуірде Қосшығұловты тұтқындады.  Аймақтағы ол хат жолдаған белгілі тұлғалардың аты-жөндері, мекен-жайлары анықталды. Бәрін де, соның ішінде Жидебайдағы ұлы Абайды да тінтті. Оның қасындағы адамдардың қойын-қонышынан дейін тіміскілей тексеріп жүріп,  Шәймерден жазған хатты тапты. «Қылмысты» хатқа байланысты олардың не ойлағандарын, не істемек болғандарын анықтауға тырысты. Назарларына алған зиялылардың үйлеріндегі түрлі қолжазбаларын, кітапханаларын тәркіледі.

Санкт-Петербургте отырған империя Ішкі істер ми­нистрі жергілікті әкімшіліктің материалдары негізінде Көкшетау мешітінің имамы Наурызбай Таласов пен оның көмекшісі, медресе мұғалімі Шәймерден Қосшығұловты «қазақтарды билікке қарсы қоюшылар» деп тапты. 1903 жылғы 17 шілдеде жаза ретінде хазіретке – 3 жыл,  оның көмекшісіне 5 жыл кесіп, Иркутск генерал-губернаторлығына жер аударуға шешім шығарды.

Халық арасында кең танымал діни қызметшілердің бұлай қудалануы ел-жұрттың ашу-ызасын тудырды. Содан, іс жүзінде Алаш қозғалысын ұшқындатқан алғашқы әрекеттер, оларды босатуды талап еткен қозғалыс басталды. Әкімшіліктің озбыр қылығын әшкерелеген жәйт 1905 жылғы әйгілі Қарқаралы петициясында да шегелеп айтылды. Сол жылы, Бірінші орыс революциясының дүмпуімен, Шәймерден Қосшығұлұлы айдаудан қайтты.  1905 жылғы тамызда жасырын жағдайда Ресей мұсылмандарының алғашқы съезі өткізілген, оның азаттық аңсаған идеясын Шәйке молда бірден қолдады.  Ұзамай ол кезекті ІІ Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегат болып сайланды. Бұл жиынға да билік рұқсат берген жоқ, сондықтан да съезд 1906 жылғы қаңтарда Санкт-Петербургте жасырын жағдайда өткен еді.

Екінші съезде Ресей мұсылмандарының мұң-мұқтажын қорғаумен шұғылданатын саяси партия құру мәселесі көтерілген-тін. Шәймерден Қосшығұлов осы бастаманы – мұсылмандардың халықтық саяси партиясын құру қажеттігін қолдап, қуаттады. Делегаттар оны партия бағдарламасын жасау үшін құрылған комиссияның құрамына  сайлады. Шәйке молда бағдарламаның оқу ісіне қатысты бөліміндегі шарттар мен міндеттерді тұжырымдауға өзіндік зор үлес қосты.  Осылай ол күлліресейлік мұсылман қозғалысының белсенді қайраткеріне айналды.

1906 жылғы 15 маусымда Ақмола облысының қазақтарынан Бірінші Мемлекеттік думаға депутат болып Шәйке молда сайланды. Алайда Ақмола облыстық сайлау комиссиясы «Қосшығұлов орыс тілін нашар біледі» деген желеумен, сайлау нәтижесіне қарсылық білдірді. Бірақ тым солшыл бағыт ұстанған Бірінші Дума 8 шілдеде тарқатылып жіберілгендіктен, облыстық сайлау комиссиясы сайлау науқанына кассация жасауға, яғни «орысша нашар сөйлейтін Шәймерден Қосшығұлов сайлауға заңсыз қатысқандықтан, сайлау науқанын заңсыз» деп танытуға үлгермей қалды.

Бұл науқаннан кейін Қосшығұлұлы 1906 жылғы 15 тамызда Нижний Новгородта болған  Үшінші Бүкілресейлік мұсылман съезіне делегат боп қатысты. Съездің төралқасына сайланды. Съездің барысында ағымдағы саяси ахуал, оқу және дін істері жөніндегі қаулылардың жобасын әзірлеуге белсене атсалысты. Съезде «Ресей мұсылмандар одағы» ұйымы құрылған,  Шәймерден Қосшығұлов осы одақтың Орталық Комитетінің мүшесі болды. Съезден еліне оралған соң Ақмола облысындағы өзінің үйін мектепке айналдырып, бала оқытты. Ағартушылық қызметін Ресей мұсылмандар одағы ұстанымдарына сәйкес жүргізуді мақсат етті.

1907 жылы халық Шәйке молда Қосшығұлұлын Екінші Мемдумаға депутаттыққа кандидат етіп ұсынды. Қосшығұловтың облыс қазақтары сайлаушыларының сеніміне ие болғанына қарамастан,   тағы да оның «орыс тілін білуі жетімсіз болғандықтан», сайлау нәтижесін заңсыз деп тануға әрекет жасалды. Дегенмен тілектес азаматтардың Ақмола облыстық сайлау комиссиясында белсенді де табанды, дәлелді күрес жүргізуі нәтижесінде, Шәймерден Қосшығұловтың Мемлекеттік думаның екінші шақырылымына депутат болып сайланғаны мойындалды.

Санкт-Петербургте Шәймерден Қосшығұлов ІІ Мемдума мүшесі ретінде Мұсылман фракциясы мен Сібір тобының жұмыстарына қатысып тұрды. Қазақ өлкесінен сайланған барлық депутаттармен бірге Бақытжан Қаратаевтың жетекшілігімен Дума қабырғасында, үкімет орындарында қазақ жер-суын қорғауды көздеп жүргізілген іс-шаралардың бәріне атсалысты. Санкт-Петербургте шығып тұрған татардың «Үлфәт» («Бірлесу») газетіне қосымша ретінде қазақша «Серке» газетінің шығуына  демеушілік жасады. Қосшығұлұлы қазақ қоғамдық-саяси ойының дамуына өзіндік үлес қосты, ол өлкеде үкімет сотының қызмет аясын шектеп, шариғат сотын енгізуді жақтаушылар жағында болған.

1907 жылдың 3 маусымында заң шығару ісіне бұдан былай Дала және Түркістан өлкелері тұрғындарын қатыстырмауды көздеген әйгілі патша манифесі шықты. Алғашқы шақырылымдағы тәрізді солшыл, үкіметке жақпайтын көзқарастарын өзгертпеген Екінші Мемлекеттік дума таратылды. Қосшығұлов Ақмола облысына оралды. Содан саясатқа араласқан жоқ. Туған өңірінде  діни және ағартушылық істермен шұғылданып, тыныш жүріп жатты. Бірақ совет өкіметі тұсында бала оқытудағы еңбегі дұрыс бағалана қоймады. Молда ретінде ұдайы қуғын көрді. Патшалық кезінде Думаға депутат болғандығы еске алынып, саяси қыспаққа ұшырады.

Шәймерден Қосшығұлов Алаш қозғалысына қатысушыларға қарсы жүргізілген саяси репрессияның алғашқы толқынында, 1931 жылғы 4 мамырда тұтқынға алынды. ОГПУ-дің Қазақстан бойынша  алқасы жанындағы Айрықша мәжіліс 1932 жылғы 14 қаңтарда оны үш жылға жер аударуға үкім етті. Бұл қазақ ұлт-азаттық қозғалысының бастауында тұрған діни қызметші, қоғам қайраткері Шәйке молда Қосшығұлұлын  бақиға аттандырған үкім болды. Қосшығұлов елді сұрапыл ашаршылық жайлаған сол 1932 жылы Ресейдің Омбы облысындағы Марьяновка теміржол стансасы маңында  дүние салған көрінеді.

Ескі өкіметтің Қайта құру саясаты өрістегенде, КСРО Жоғарғы соты Төралқасының 1989 жылғы 16 қаңтардағы Пәрменінің негізінде, Көкшетау облыстық прокуратурасы Шәймерден Қосшығұловты ақтады. Ақтау (реабилитация) 1989 жылғы  19 қыркүйекте болған еді. Тәуелсіздік жылдары Ақмола облысы Еңбекшілдер (қазіргі  Біржан сал) ауданының бүгінгі  Макинка ауылдық округі құрамындағы Қоғам ауылындағы орта мектепке Шәймерден Қосшығұлұлы есімі берілген.

Суреттерде:

ІІ Мемдума мүшесі Шәймерден Қосшығұлұлы

Сібірия мен Дала өлкесінен келген ІІ Мемлекеттік дума депутаттарының Сібір парламенттік тобы. Отырғандар (сол жақтан): 1) Торғай облысының депутаты Ахмет Бірімжанов; 3) Ақмола облысының депутаты Шәймерден Қосшығұлов; 4) Сібір тобының төрағасы, омбылық депутат Иннокентий Лаптев; 5) Семей облысының депутаты Темірғали Нұрекенов

ІІ Думадағы Мұсылман фракциясы депутаттарының бір тобы. Отырғандардың сол жақтан біріншісі – Шәймерден Қосшығұлов. Түрегеп тұрғандардың сол жақтан екіншісі – мұсфракция төрағасы Құтлұмұхамед Тевкелев

Бейбіт Қойшыбаев

Голощекин жолдастың Сталинге берген 5 сұрауы
Көшбасшы бола алмай кеткен «Көсем»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу