Ханс Кристиан Андерсен. Шынайы шындық (ертегі)

Oinet.kz 28-07-2020 1127

image.png

– Сұмдық оқиға! – деді оқиға болған жерде емес, тіпті қаланың екінші шетінде тұратын мекиен. Тауық қорада сұмдық оқиға болды. Қазір мен түнде жалғыз жатудан қарап отырып қорқамын. Бақанда қонақтайтын біздің көптігіміз-ақ жақсы!

Сөйтіп ол әңгімеге көшті. Бастан-аяқ баяндап бергенде барлық мекиендердің қауырсындары тік тұрып, ал әтештің айдары қоңырайып кетті. Иә, иә, шынайы шындық.

Біз бірақ бәрін басынан бастаймыз. Ал бұл өзі қаланың екінші шетіндегі тауық қорада болған оқиға.

Күн ұясына енгенде, мекиен біткен түгел бақанға қонақтап үлгерген еді. Олардың бірі тиісінше ретімен жұмыртқалап жүрген, барлық жағынан да, барлық жағдайда да өнегелі және қадірлі қысқа аяқты ақ сирақ мекиен, жайғасып отырған соң, ұйқы алдында тазаланып, тұмсығымен қауырсындарын жазып жатты. Осы кезде кішкене қауырсын ұшып кетіп, еденге түсті.

Қалай ұшады, қараңыз! – деді мекиен. Ештеңе етпес, неғұрлым көп сыналсам, соғұрлым сұлулана түсемін!

Мұны ол жай әшейін әзілдеп айта салған. Мекиен жалпы көңілділікті ұнататын. Оның бұл мінезі жоғарыдағы өзіміз айтқандай, оның өте-мөте сыйлы мекиен болуына титтей де кедергі болған жоқ. Осы оймен ол ұйқыға кетті.

Тауық қора тас қараңғы еді. Мекиендердің бәрі қатар қонақтаған, біздің мекиенімізбен іргелес отырған көршісі әлі ояу. Ол көршісінің сөзін әдейі естігісі келмесе де бәрібір оны құлағы шалып қалды. Егер көршіңмен тату тұрғың келсе, бәрі нақ осылай болуға тиіс. Енді ол шыдай алмай, өзінін өзге көршісінің құлағына сыбыр ете қалды.

− Естідің бе? Атын айтпай-ақ қояйын. Әйтсе де біздің ортамызда тек қана көрікті болу үшін қанатындағы қауырсындардың бірін қалдырмай жұлып тастауға да даяр мекиен де бар. Егер әтеш болсам мен оны барынша жан тәніммен жек көрер едім.

Тура осы мекиендердің үстіндегі ұяда күйеуі мен балаларымен жапалақ отырған. Ал жапалақтар мейлінше саққұлақ, сондықтан да олар айтылған сөздің бірін қалт жіберген жоқ.

Олардың бәрі де осы мезгіл мейлінше көздерін дөңгелетіп отырса, ал жапалақтың келіншегі нақ бір желпуіші сияқты қанатын қақты.

− Тс-с! Балалар, тыңдамай-ақ қойыңдар! Айтқандай, сендер, әрине, естідіңдер ғой. Мен де. Уһ! Тіпті құлағың сарсылады! Мен де. Жай әшейін құлақ тұнады! Бір мекиеннің есінен танғаны соншалық, тіпті әтештің көзінше өзінің қауырсынын жұлуға кірісіп кетті.

− Байқаңыздар, мұнда балалар бар! – деді әке жапалақ. Мұндай әңгімені балалардың мүлде естімей-ақ қойғаны жөн!

− Қалай болғанда да бұл жайлы көршіміздегі жапалаққа айтуымыз керек шығар. Ол бір өзі сүйкімді келіншек.

Сөйтіп ол жаңалығын жеткізу үшін көршісіне ұшып кетті.

− У-гу, у-гу! Содан кейін көршідегі көгершін ұясының үстінде отырған екі жапалақ уілдей жөнелді. Сендер естідіңдер ме? Сендер де естідіңдер ме? Масқара! Әтештің әлегінен бір мекиен өзінің күллі қауырсынын жұлып тастады! Ол тоңып, жаурап өлер-ақ! Ендігі өліп те қалған болар-ау! У-гу!

− Құр-құр! Қайда, қайда? – деп көгершіндер гүрледі.

− Көрші аулада! Мұны мен өз көзіммен көрдім десем де болғандай! Бұл туралы айтудың өзі ұят, бірақ бұл шынайы шындық!

− Сенеміз, сенеміз! – деді көгершіндер және төменде отырған мекиендерді әңгімеге тартты:

− Құр-құр! Бір мекиен, елдің айтуынша, тіпті екеуі, әтештің алдында көзге түскісі келіп, өздерінің үстіндегі күллі қауырсындарын жұлып тастапты! Қауіпті іс! Суық тиіп, өліп қалу да қиын емес қой, иә олар ендігі өліп те қалды!

− Кукареку! – деп шақырды әтеш шарбаққа қонақтап жатып. Ояныңдар. Өзінің көзі жұмылып, ұйқысын аша алмай отырса да ол айқайға басты: Әтешке деген сәтсіз махаббаттан үш бірдей мекиен мерт болды! Олар өз қауырсындарын түгелдей жұлып тастаған! Қандай жиіркенішті оқиға! Оны елге естіртіп айтпай тұра алман! Мейлі күллі әлемге тарасын!

− Мейлі, мейлі! Жарқанаттар шиқылдап, мекиендер қыт-қыттап, әтештер шақырып жатыр. Мейлі! Мейлі!

Сөйтіп оқиға ауладан аулаға, тауық қорадан тауық қораға тарап, ақыры әуелгі әңгіме басталған жерге де жетті.

− Бес мекиен, – деп есті бұлар, қауырсындарының бір талын қалдырмай жұлып тастаған. Сондағы мақсаттары әтешке деген махаббаттан кімнің көбірек жүдегенін көрсету! Содан кейін олар бірін-бірі шұқылап өлтірген. 

Әлбетте мұны олардың өз тұқымдарын масқаралауы және өз қожаларына зиянын тигізуі деп бағалаймыз!

Әлгі бір тал қауырсынын түсіріп алған мекиен, әрине, мұның өзі жайындағы әңгіме екендігін сезген де жоқ. Сондықтан болар, барлық жағынан да құрметті мекиен айтты:

− Ол мекиендерді сұмдық жек көремін. Ал мұндайлар өте көп қой. Алайда, бұл сияқты оқиғаны құлаққа аспай, үн-түнсіз қалуға болмайды! Осы себептен де, бұл оқиғаның газетке жариялануы жолында қолымнан келген істен аянбаспын! Күллі әлемге жария болсын. Аталмыш мекиендер мен олардың тұқымдары түгелімен осылай жасауға әбден лайық!

Сөйтіп, шынында да, газеттерде болған оқиға бастан-аяқ жазылды және бұл шынайы шындық: тегі, бір тал қауырсынның бақандай  бес мекиенге айналып кетуі онша қиын емес екен ғой!

Аударған Қ. Құрманғалиев

Парсы ертегісі: «Айлалы қайыршы»
Ханс Кристиан Андерсен. Не қылса да көн, күйеуіңдікі жөн (ертегі)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу