Мирас Асан. Сөзжұмбақ

Oinet.kz 14-08-2020 845

Ойыңда тежеу көп, даму кем,

Жүретін кездер көп налумен.

Өмірдің былығы — у-заһар,

Баланың қылығы — дәрумен.

Жұмыстан келдің бе кешкілік,

Жетектеп алады ұл дос қылып.

Қояды жаңылтпаш жаттатып,

Алады сөзжұмбақ шештіріп.

Бүгін де екеудің жұмысы,

Сол болды ермектің ірісі,

Сөзжұмбақ шешуді бастадық,

Сөз бұйда деу керек, дұрысы.

Ақылың асса да зор мейлі,

О, мына сөзжұмбақ көнбейді…

Алғашқы сұрақ «Ұлт көсемі?»

«Әлихан» деп жаздық, келмейді?!

Сұрайды төпелеп ұл әрі,

Сұмдықтың бас жағы бұл әлі.

Қарашаңырақ деп едік, дұрыс емес

Қартайған ата-ана тұрағы.

Ұққаным – заманға жат екем,

Бас толған ми емес, тат екен.

Әріпті үйретер оқулық,

Әліппе деп едік, қате екен.

Бұл өзі кімдердің Отаны,

Деген ой қамады қапалы…

Кеңсенің тілі қай тіл деп тұр,

Кеңестің тілі екен, о пәлі…

Сөзжұмбақ сиқы осы ал кеп көр,

Қос көзді төрт қылды тор дәптер.

Шетелден келгендер – «моңғолдар»,

Шет тілін білместер – «мәмбеттер».

Өршіп тұр осы күн жаман дау,

Мына бір сұрақ та харамдау…

Ширкке жатады – «беташар»,

Көшеге көп шығу – «арандау».

Жылқы айдап Жайық көш, Іле көш,

Қазір де қазақ деу мұң, елес.

Қымыздың бұл күнгі иесі:

Бірінші әріпі «қ» емес…

Таусылып тынысым, айтарым,

Басымды қасыдым, шайқадым.

Әлімхан деп едім, қате ол да,

Қазақтың бекіткен байтағын…

Әрірек шешуге батпадым,

Жүйке де керек қой, тоқтадым.

Шайылып барады шындығым,

Былғанып барады аппағым…

Белшеден батқан көп қатеге,

Салбырап тұр басым бәкене.

Жаңылтпаш жаттайық дейді енді ұл,

Жаңылған жері көп әкеге…

***

Қаңтарылған ойлар,

Аңтарылған сөздер.

Тоқтатылған тойлар,

Киілмеген бөздер.

Дерт жұқтырған ендік,

Бетпердесіз ауа.

Қапастағы теңдік,

Табылмаған дауа.

Қорқынышты жөтел,

Қолғап киген қоғам.

Удай қымбат шекер,

Судай тегін адам.

Берілмеген қолдар,

Сұралмаған халдер.

Парақталған томдар,

Еске түскен әндер.

Кітапхана жым-жырт,

Экранда ыржың.

Терезелер күңгірт,

Қабырғалар мылжың.

Кіп-кішкентай әлем,

Аты дардай қатер.

«Түшкірігім – өлең»,

Кеңістігім – пәтер.

Іші пысқан қала,

Індет кезген желі.

Қол жумаған бала,

Құшақташы мені.

Мирас Асан. Ұлым Жалғасқа
Мирас Асан. Ақын зертханасы (Серік Ақсұңқарұлына)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу