Рымжан Сейфуллина. Естелігінен
Сәкен Сейфуллиннің туған інісі Мәжиттің қызы Рымжан Сейфуллинаның естелігінен:
1991 жылдың март айының бір күндері республикалық радиодан бізді елең еткізген бір хабар берілді. Хабарда белгілі бір радиожурналист Торғай облысы, Арқалық ауданы, Қайыңды кеңшарының тұрғыны Мырсалық Исмайлов ақсақалдың Сәкен (Сейфуллин) туралы әңгімесін таспаға жазып алған екен. Сол ақсақалдың сөзі бойынша Сәкенмен лагерьде Құлымбетов, Жансүгіров, Майлин бәрі бірге болған. Сәкен есі ауысыңқырап, дауыстап әр нәрсені айтып жүреді екен. Бір күні жоқ болып кетеді. Содан Құлымбетов ақсақал іздестіріп, сұрау салып, өліп жатқан Сәкеннің денесін тауып алады, бірақ жерлеуге қатыса алмайды. Сол Мырсалық ақсақалға хат жазып мынадай жауап алдық. Хат мәтінін ешбір өзгеріссіз толық келтіріп отырмын:
Қарағым, Рымжан!
Сенің жазған хатыңды алдым. Мен қазір 88 жастамын. Көзім көрмейді, құлағым естімейді. Өзім 18 жыл түрмеде отырып келдім. Менің Сәкен туралы білетіндігім төмендегідей: Алматыда 1937 жылдың декабрь айынан бастап 1938 жылдың март айына дейін ГПУ-дің "сосновый парктің" астындағы түрмесіне отырдық. 1938 жылдың март айында ату жазасына бұйырылдық. Атылды деп хабарлады. Бірақ біздерді (Сәкен тірі) жабық машинамен, жабық поезбен Игарка деген жерге апарды. Одан Бодайбо деген жерге апарды. Солопкіге апарды. 1942-нің аяғы 1943 жылдың басында сол лагерьде Ілияс Жансүгіров өлді. Өлген адамдар көп болды. Көбі өлген жерінде қалды. Сәкенді, мен бір орыс жігітімен, шұқыр ойып көмдік. Содан кейін мен ол жерден кетіп, бізді қайтадан Бодайбоға әкелді. Бейімбет Майлин Бодайбода қалды. Ол жерде отправление болады деп, ол жерді улаған. Ол жерге бару қауіпті. Ол кісінің сүйегін тауып алу мүмкін емес.
Сәкеннің еңбектерін толық шығарып, игілігіне ұсынсаңдар үлкен ғанибет сол ғой. Менің ақылым: Сәкеннің сүйегін іздеп текке әуре болмаңдар, табу өте қиын.
Сәулем Рымжан! Үлкен талабың бар екен, орындалуы екі талай, өздерің шешіңдер. Сау бол, бақытты бол! Үй-ішіңе тегіс сәлем.
Тілектестік ниетпен Исмайлов Мырсалық ақсақал.
7.04.1991 жыл.
Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды