Ахмет Байтұрсынұлы. Жанша Сейдалинге жазған хаты
Құрметті Жанша мырза! Сіздің де, біздің де ойлағанымыз қазақтың азып-тозбас қамы. Сіздің де, біздің де ниетіміз қазақтың азып-тозбасына қызмет ету.
Тілегіміз қазақ халқы басқа халықтармен қатар жұрт қалпында ғұмыр шегуге басқаларға теңелсе екен деген. Сол үшін әркім білгенін, қолынан келгенін істеп жатыр. Сіз сиез жасаймын деп жатырсыз, біздер "Домострой"… кәкір-шүкірді қазақшаға аударып, арзан рисалалар жазып, газета-мазета шығарған болып тырбанып жатырмыз. Соның бәрін қазақтың көзі ашылып, көкірегіне сәуле кіруіне себепкер бола ма деп істеп жатырмыз. Орыстың мақалы айтқандай "ұжмаққа барғым келсе де күнәләрім жібермейді" деп, қазақ үстіне ұжмақты бір күнде-ақ орнатқым келеді, бірақ қолымнан келмейді. Арзан рисалалармен қазақ жұмысы бітті деп, "гүл жастанып" көсіліп, рақаттанып қарап жатқаным жоқ, білгенімше, қолымнан келгенінше істеп жатырмын. Бірақ ұсақ іс істеп жүргеніміз зор іс істеп жатқан сізге айып көрінетін шығар.
Ахмет
Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды