Сәкен Иманасов. Томирис жайлы
Томирис — массагет патшасының жесірі, көшпенділердің парсы патшасы Кирге қарсы азаттық жолындағы соғысты басқарған. Ол соғыста оның Спаргапис дейтін баласы қаза табады.
Патшайым қиян-кескі ұрыста Кирді жеңіп, оның басын кесіп алады. Кесілген басты: "Қанішер Кир, саған керегі қан еді ғой, ал енді шөліңді қандырып ал", — деп, қан толы меске тастайды. (ГЕРАДОТ, "Тарих" бірінші кітап, "Клио" 201-216). Парсылар мен скиф-массагеттердің соғысы жайлы сол грек тарихшысы Герадоттың жазғанынан басқа дерек бүкіләлемдік ғылыми-тарихи әдебиетте кездеспейді.
Герадоттың "Тарихынан" кейінгі жазбалардың бәрінде де Кирдің әскері көпір салып өткен Аракс өзені Азиядағы бір өзен. Бәлкім, Сырдария да болуы мүмкін. Бірақ 25 ғасыр бұрын соған аты ұқсаған басқа да өзендер болуы әбден мүмкін ғой. Скифтерге жататын массагет халқы Каспий теңізінің шығысында өмір сүрген, сондықтан Аракс — не Сырдария, не Әмудария болуы да мүмкін. Массагеттерді түркі халқына да, Кавказ халқына да жатқызуға болар еді. Гректердің Томирис деп отырғаны Тұмар не Томар, болмаса Тамара да болуы мүмкін. Тамарадан Кавказ әйелдерінің есімі, тіпті орта ғасырдағы грузин патшайымы Тамараның есімі болуы да мүмкін. "Ис" деген қосымша грек тілінде орыс тіліндегі біреуге тәуелділікті, "ов" сияқты көрсетеді. Мәселен, Спаргапис, Липоксаис, Колаксаис, Томирис.
Скифтер — әр түрлі тайпадан тұратын көне халық. Тарихи-табиғи процестердің әсерінен скифтер орта азиялық, кавказдық, еуропалық халықтарға араласып кеткен. Кавказ халықтары ішінде оларға осетиндер мен аландар (нарттар), Орта Азияда қазақ, өзбек, түрікмен жақын. Томирис солардың қайсысының перзенті?
Әрине, Томирис түрік тұқымдас елдің патшайымы деуге бірнеше негіз бары рас. Бірінші, массагет жауынгерлері шарап дегенді білмейтін еді, Кавказда болып көрмеген, сондықтан да парсылардың қалдырып кеткен ішімдігінің не екенін айырып болмастан, тез мас болып қалып еді. Екіншіден, массагеттер мал баққан, олардың атты әскері, қалайы қалқан сияқты скифтерге тән құралы болған. Үшіншіден, "скифтік әдіс" атанған соғыс жүргізу тактикасы — қаша соғысу, шөл далада қарсыласын қаша жүріп қалжырату. Кавказ тауларында ол мүмкін емес еді...
10 қазан, 2000 жыл.
Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды