Оразбек Бодықов. Шәмші Қалдаяқов туралы естелігінен
Жазушы Оразбек Бодықовтың естелігінен:
Бір күні Шәмші:
— Маған Композиторлар одағының есігін ашпаса да, не құрметтеп басқаша ат-атақ бермесе де, "алқаш" деген атты оп-оңай алдым, — деді. — Ол кез көше-көшенің бұрышында арақ сатылатын көл-көсір заман еді. Өзі сонау дерлік қымбат та емес, қалтаңа аздаған тиын-тебен түсе қалса, түрегеп тұрып тартып жіберіп, түк көрмегендей болып жүре бересің. Иә, бізді құртқан арзан арақ пен тегін арақ болды ғой, — дейтін бас шайқап.
Және де бір сөзінде:
— "Шәмші әнді ішіп алып шығарады екен" деген әңгімеден құтылатын күнім бола ма, жоқ па? Айтқанда да біліп айту керек қой, ең болмаса шын сырымды айтайыншы. Мен ән жазбақ түгілі ән тыңдай алмайтын кездерім болады. Сол кезде ақаңа басамын да, жұрт көзіне түсіп қаламын... Арқам құрысса, бір ән келе жатқанын сезіп, арақтан безіп кетем. Мен әнді бір-ақ күнде жазам. Екінші күні шығармасы жүрегіме жақын ақын тауып алып, оған "өлең жаз" деймін. Өзімнің де аздап ақындығым бар. Егер ақын өлеңі ән секілді боп естілмесе, ондай өлеңді жаратпай тастаймын... Үшінші күні дайын болған әнді орындаушыға берем. Әнім ұнаса ол оны әрі қарай алып кетеді... — деген еді.
Тек "Әнім сен едің" әні ғана Шәмшінің ішіп отырып жазған ең алғашқы және ең ақырғы әні болды.
Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды