Байдулла Қонысбек айтқан анекдоттар
19-12-2019
Дәуір тегершігі тағы бір айналғанда осы күні шек-сілеміз қатып күліп отырған әзілімізге жай ғана езу тартып немесе мырс етіп, тіпті күлмей де қоятынымыз бек мүмкін. Өйткені, күлкіні қабылдайтын болмыс, сана өзгереді екен.
Бала күнім. Дастарханға жиналған апалар да өзара әзілдесіп, күліп жырғап жататын. Сонда көбінің айтатын әзілдері, «анау Гүлсім, байқамай қайнасағысының атын айтып қойыпты, пәленнің келіні енесінің атын айтып қалыпты, сөзден сөз шығарып байқатпай аузына салып жіберген қайындары екен», деген секілді әңгімелер. Соған қарық болып күлетін. Тіпті мына бір оқиғаны біздің ауылда білмейтін адам жоқ. Құсайын деген ақсақалдың келіні автобуспен қалаға барыпты. Жолда бензиннің исінен жүрегі айнып лоқсиды ғой. Аңғал келін сол оқиғаны айтып отырып, «жүрегім айнып, құсайын, құсайын десем құса алмаймын» деген екен. Айнала отырғандар ду күлгенде келіншектің беті памидордай қызарып кетіпті. Сол әңгіме елге тарап Құсекеңнің келіні Әймен бүкіл жұртқа танымал болып еді. Оны тіпті біздің ауылда апалар әлі айтып күліп отырады. Себебі өздері әлі күнге атасының, енесінің, қайынағасының аттарын атамайды. Тікелей атау былай тұрсын, ол кісіге аттас адамдарды «атытеріс» деп, тіпті кейі бір әрпі ғана өзге адамдардың аттарын да айтпайды. Мысалы, менің апамның аты – Жамбы. Анам сол кісінің аты айтылып кетеді деп жамбасты «шұңқыр жілік» дейді. Бір апайымның атасының аты – Тастақбай. Апайым және оның абысындары «тас» деп айтпай, «қайыршақ» дейді. Мүмкін тым артық та шығар, бірақ солай қалыптасып қалған. Қайындары қалжыңдағанда сондай сөздерді айтуға мәжбүр болатын әңгімеге тартып, байқамай айтып қалса мазақтап, әзілдеп жатады. Тіпті пысықтары сол айтып қалғаны үлкендерге жетпес үшін жеңгелерінен ауыз басыртқы алып та жатады.
Осы арада ат тергеуге байланысты көпке белгілі мына оқиғаны қыстыра кеткеніміз дұрыс шығар. Бір күні келін қамыстың арғы шетіндегі өзенге суға барса, бір қойды қасқыр жеп жатыпты. Ауылға жүгіріп келген келін: «Ата! Ата! Сылдыраманың ары жағында, Сарқыраманың бері жағында Маңыраманы ұлыма жарып кетіпті. Жаныманы білемеге, жанып-жанып тез əкелсін біреу», –деп шырылдайды. Сылдырама – қамыс. Сарқырама – өзен, Маңырама – қой, Ұлыма – қасқыр. Жаныма – пышақ, Білеме – қайрақ. Сөйтсе əлгі жаңа түскен келіннің: Қамысбай деген атасы, Өзенбай деген қайнағасы, Қойбағар деген қайнысы, Қасқырбай, Пышақбай деген тағы бір кіші аталары бар екен. Міне, тапқырлыққа толы осы әңгімені айтып мәз болып күлісуші еді апаларымыз. Қалай дегенмен, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген, әсіресе, келіндеріміздің өзгеге ұқсамас осы болмысын, осы дәстүрімізді зор мақтанышпен айтуға болар еді.
Амал нешік, қазір біраз нәрсе өзгерді. Кеңес үкіметі тұсында қазақтың келіндері орыстарша күйеуінің фамилиясына өтуді әдетке айналдырды. Бұл жағынан оқыған, зиялы атанғандар тіпті белсенді болды. Мәдениет көрді десек те артық болмас. Сөйтіп, ғажайып дәстүрімізді өткенмен ғана байланыстырып айтпасқа амалымыз қалмады. Сөйтсек, ол жәй ғана ат тергеу емес екен, ол – құрметіміз екен, ізетіміз екен, күлкі, әзіл, қалжыңымыз екен. Тамырын жұлып алғаннан кейін қалғанының бәрі қуарып, қурап желге ұшыпты. Бір бұл ғана емес, қазақтың қаншама қалжыңдары «қайтыс» болып кете барыпты. Біз біреуін ғана айтып отырмыз.
Қазір күлкіміз өзгерген. Адамның кісілік өресін мына үш нәрседен білесің, деп отырушы еді атамыз: Неге күлетінінен; Неге қайғыратынынан; Неге қуанатынынан. Біздің неге күліп (жыртақтап) жүргеніміз өзімізге аян ғой…
/Ұларбек Нұрғалымұлы/