Ауыл тұрғындарын шошытқан сайтан қабірдегі сұмдық

Oinet.kz 16-03-2024 2540

Бұл оқиға 80-жылдардың соңында болған еді. Ол кезде мен 16-ға жаңа толған бозбаламын. Біздің ауылда бір жалғызбасты әйел Қадір деген жалғыз ұлымен тұратын. Баласы отызға таяп қалса да үйленбеген еді. Қияли болатын. Бала дейтін бала емес, жігіт дейтін жігіт емес. Жұмыс та істемейтін. Үнемі таң атысымен орманға кетіп, кеш болғанда үйіне оралатын. Сұрағандарға «Сайтан қабірді» іздеп жүрмін» дейтін.

Screenshot_7.jpg

Негізі біздің жақта «Сайтан қабір» туралы аңыз айтылып жүретін. Аңызға сенсек, ертеде соғыста қайтыс болған батырларды бар байлығымен, астына мінген атымен бірге бір үлкен молаға көміптіміс. Бірақ ол моланы сол батырлардың аруағы қорғап жүреді деседі. Оны тауып, сондағы байлықта қазып алам деген адам қайғыға тап болады екен.

Күндердің күнінде сол Қадір жоғалып кетті. Анасының айтуынша, орманға кетіп, қайта оралмағанына үш күн болыпты. Қадірдің жоғалып кеткенін естігенде ауыл адамдары «Сайтан қабірге» тап болған шығар деп жорамалдаған. Милицияға да хабар берілді. Ертеңінде таңертең ауылдың барлық еркек кіндікті ересектері Қадірді іздеуге орманға аттанды. Алғашында, іздеушілер бір-бірінен көз жазып қалмас үшін араларын 15-20 метрден қалдырып, қатар жүріп отырады. Бірақ орман ішіне тереңдей кірген сайын алқап кеңее түсіп, араларын дауыс жететіндей жерге дейін алшақ ұстауға мәжбір болады.

Біраз жүрген соң біздің көрші Сәбит ауыл адамдарынан адасып қалады. Қанша айғайласа да ешкім жауап қатпайды. «Не де болса алға қарай жүре берейін, біреу болмаса, біреуге кезігермін» деп алға қарай жүре береді. Шамамен жүз метрдей жүргенде орман ішінде бір тақырға кез болады. Он екі қанат киіз үйдің аумағындай жерде не ағаш, не шөп өспепті. Құдды қолдан жасалғандай тақыр шеңбер. Жан-жағында аң мен құстың шашылған сүйегі. Орта тұсында қарайған бірдеңе жатыр. Сәл жақындай түседі. Таныс . Дәл өзі, Қадірдікі. Барып қарамақ болып алға үш-төрт қадам басқанда табанының астында жер қозғалып, басы айналып, көзі қарауытып кетеді. Көзіне қару асынған жауынгерлердің бейнесі көрінгендей болады.

Бұрылып қаша жөнеледі. 20-30 метрдей жүгіріп барып естен танып құлайды. Қанша жатқанын білмейді. Орнынан тұрып басы ауған жаққа қарай жүре береді. Бір кезде құлағына адамдардың дауысы есітіледі. Сол жаққа қарай жүреді. Ауыл адамдары екен. Сәбит ауыл адамдарына көргенін айтпақ болады. Бірақ қандай да бір күш сөйлетпей қояды. Қайта айтпақ болғанда біреу тамағынан қылқындырғандай болып, тынысы тарылады. Қорыққан ол одан кейін ол жайлы сөз қозғамайды.

Ауыл адамдары Қадірді үш күн іздеп таппады. Одан кейін іздеуді доғарды. «Қадір Сайтан қабірге кез болыпты, оны қабір жұтып кетіпті» деген сияқты гу-гу әңгіме ауылды бірнеше ай шарлады. Бірте-бірте Қадір жайлы әңгіме мүлде тоқтады.

Арада бір жыл өткенде Сәбит мас болып отырып, орманда көргендерін айтады. Бірақ «ол Сәбиттің мас болып айтып отырған сандырағы» деп қабылдап оның сөзіне ешкім сенбейді. Өйткені Сәбит көп ішетін кісі болатын. Адамдардың айтуына қарағанда, Қадірді іздеп орманға барған кезде де Сәбиттің бойында қызуы болған деседі.

Бірақ ауылдың кейбір кісілері «оның айтқаны өтірік болса, Қадір қайда жоқ болып кетті» деп Сәбиттің айтқанын тексеріп көрмек болады. Ауыл адамдары Сәбитке сол жерді көрсет дейді. Алғашында қорқып бас тартқанмен, өтірікші атаған ауылдастарының алдында өзін ақтап алмақ болып, келіседі.

Келесі күні 5-6 адам жиналып орманға аттанады. Бір сағаттай жүргенде орман ішінде ерекше бір жерге кез болады. Он екі қанат киіз үйдің орнындай жерде жайқалған гүл өсіп тұр. Арасында ағаш та, шөп те жоқ. Бұрын бұл жерде талай жүрген ауыл адамдары мына көрініске таң қалады. Бұрын мұндай жер болмаған. Олар мына ғажайыпты жақын барып көрмек болады. 5-6 қадам жүргенде, алдында жол бастап келе жатқан Сәбит батпаққа түсіп кетеді. Жан ұшыра айғай салған Сәбитті қасындағылар әрең дегенде батпақтан тартып шығарады. Енді бәрі үрейлен бастайды. Өйткені, бұрын-соңды бұл орманда батпақ болған емес. Бұл жайдың тегін емес екенін сезген ауыл адамдары жылдам кері қайтады. Бір қызығы, барарда бір сағат жүрген жолды қайтқанда жеті сағат жүріп кеш бата ауылға зорға жетеді.

Арада бір жыл өткенде көршіміз Сәбит жоғалып кетті. Бірақ бұл жолы ауыл адамдары оны іздеген жоқ. Өйткені, сол бір түсініксіз жағдайлардан кейін ауыл адамдары орманға баруды қойған еді.

Марат, Қостанай облысы

alashainasy.kz

Зәре-құтымызды қашырған қорқынышты ауыл
Шайтанның қызына үйленіп ақылынан айырылған жігіт
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу