Ұлттық ойындар
Арқан тарту
Ойынға қажетті құрал: екі тұзақталып байланған ұзындығы 7-8 метр жіп немесе арқан. Ойынның тәртібі:ойыншылар қарама-қарсы жаққа қарап жүрелеп отырады да, арқанның байланған ұшын мойнына салып, екі қолтықтың астынан өткізеді. Төрешінің белгісі бойынша әр ойыншы қарсыласын өз жағына қарай тартуға тырысады. Белгілі межеге қарсыласын кім бұрын тартып жеткізсе, сол ұтқан болады.
Белбеу тастау
Көбіне ер балалар ойнайтын ойын. Далада, ашық алаңқайда немесе кең бөлмеде ойнауға болады. Қатысушылар саны шектелмейді. Ойынның шарты: ойын ойнаушылар шеңбер құрай дөңгелене отырады. Ойын бастаушы ортаға біреуді шақырады. Ойынға алдын-ала белбеу не есілген сүлгі даярланады. Артына қолын жасырған ойыншылар белбеуді бірінен соң біріне өткізе бастайды. Сөйтіп, белбеу әр бағытта қолдан қолға өтеді. Мұның өзі ортада тұрған кісінің зейінін басқаға аудару мақсатында жасалады. Ыңғайы келген сәтте ойнаушылардың бірі ортадағы кісінің арқасынан ұрып қалып, белбеуді көрсетпей басқа біреуге бере қоюы тиіс. Егер ортадағы ойыншы белбеуді қағып қалса, екі ойыншы алмасады, ал ұстай алмай қалса ойын әрі қарай жалғаса береді.
Кетті—кетті
Ойынға қатысушылар санына шек қойылмайды. Ойын қыста үйде. жазда таза ауада ойналады. Ойын қажетіне орамал, қолғап, басқа да ұсақ бұйымдар жарай береді. Ойын шарты: Ойыншылар тізесін сәл көтеріп бір-біріне жақын айнала отырады. Бастаушының белгісі бойынша ойнаушының бірі орамалды көрсетпей екінші біреуіне береді. Ойын осылай жалғаса береді. Ойнаушылардың сырт жағында ескен сүлгі не жіп ұстап тұрған кісіге орамал көрінбеуі тиіс. Оның зейінін басқа нәрсеге аударып, жаңылдыру үшін ойыншылар «әне кетті, міне кетті» деп шуылдап отырады. Егер ойын жүргізуші орамалды ұстаған адамды дер кезінде байқап, оны ұрып қалса, екеуі орын алмасады. Ал, егер қателессе ойыннан шығып қалады немесе бастаушының яки кез келген ойын мүшесінің тілегін орындайтын болады.
Орамал тастау
Ойын шарты: ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп, арақашықтығы 5-15 метрдей жерге барып, бір-біріне қарама-қарсы қатарға тұрады. Ойынның әділ қазысы кез-келген жақтың ойыншысының біріне орамал (әлде сүлгі) ұсынады, Ол өз кезегінде екінші топтағы ойыншылар жаққа барып, орамалды елеусіздеу етіп, бір ойыншының аяғына тастауға тырысады. Сөйтеді де өзі дереу орнына жетуге асығады. Аяқ астына орамал (сүлгі) тасталған кісі, сол бойда ананы қуып жетіп, орамалмен ұруға тырысады. Сүлгі тастаған ойыншыны ұрып үлгерсе, оны өз тобына әкеліп қосады.
Үлгіре алмаса өзі сол жақта қалып қояды.