Саңырауқұлақ саясында (ертегі)

Oinet.kz 30-06-2019 1960

saniraukulak-sayasinda.jpg

Бір күні құмырсқа жаңбыр астында қалды. 

Қайда тығылуға болады? Қараса, алқапта кіп-кішкентай саңырауқұлақ өсіп тұр екен. Жүгіріп барып саңырауқұлақтың әдемі қалпақшасының астына тығылды. Жауын сіркіреп жауып тұр. Бір кезде қанаттары суланып, әрең ұшып Көбелек келеді: 

— Құмырсқа, Құмырсқа! Үстім су болды, ұша алмаймын. Саңырауқұлақтың астына мен де тығылайыншы! — Мен сені қайда кіргіземін?! Өзім де әрең сиып тұрмын, — дейді ол. — Түк те етпейді, көңіліміз кең болса, жер тарлығы оқа емес. 

Құмырсқа Көбелекті саңырауқұлақтың астына кіргізді. Жаңбыр тіпті қатты жауа бастады. Осы кезде саңырауқұлақтың қасына ентіге жүгіріп Тышқан келеді. — Кіргізіңдерші мені! 

Үстімнен су сорғалап тұр! — дейді Тышқан жалынып. — Сені қайда кіргіземіз?! Көрмейсің бе, өзімізге де орын жетпей тұр! — Сығылысып көрейікші?! Үшеуі сығылысып, саңырауқұлақтың астын паналайды. Жаңбыр болса, тоқтар емес, шелектеп құйып тұр. Саңырауқұлақтың қасына секіріп Торғай келді. — Қауырсындарым су болды, қанаттарым шаршады! Жаңбыр біткенше саңырауқұлақтың астына кіруге бола ма? Демалып, қанаттарымды, үстімді кептіріп алайыншы! — деп жылап жіберді кішкентай Торғай. — Орын жоқ қой, сені қайда кіргіземіз? — Өтінемін, жылжып көріңдерші! 

— Жарайды, кіре ғой! Құмырсқа, Көбелек, Тышқан жылжып, саңырауқұлақтың астына Торғай ды да кіргізді. Алқапқа осы арада ырғып шыққан Қоян саңырауқұлақты көріп айқай салды. — Құтқарыңдар! Менің артымнан Түлкі қуып келе жатыр, қай тесікке тығыламын, қай жерге жасырынамын? Көмектесіңдер! — Тағы қысылысып көрейікші, Қоянның түрі сондай аянышты! — деді Құмырсқа. Қоян да тығылып үлгерді, дәл сол кезде Түлкі жүгіріп келді. — Қоянды көрдіңдер ме? — деп сұрады. — Жоқ, көрмедік. Түлкі саңырауқұлаққа жақындап, тұмсығымен түрткілеп иіскей бастады.

 — Осы жерде Қоян тығылып тұрған жоқ па? — Ол бұл жерде қалай тығылады, өзіміз сығылысып зорға сидық! Түлкі сары құйрығымен әрі-бері бұлаңдатып кетіп қалды. Жаңбыр осы кезде тоқтап, күннің көзі жарқырай ашылды.

 Саңырауқұ¬лақтың астындағылардың бәрі қуана-қуана алқапқа жүгіре шықты. Құмырс¬қа ойланып қалды: — Бұл қалай болды? Алғашында саңырауқұлақтың асты менің өзіме тар еді, ал енді бесеумізге де орын табылып, кішкентай жерге сыйып кеттік! 

— Бақ-бақ! — деп бақылдаған Бақаның дауысы естілді. Бәрі қараса, саңырауқұлақ үстінде Бақа күліп отыр. Әй, сендер! Саңырауқұлақтың… — деп сөзін аяқтамастан ол секіріп кете барды. Бәрі саңырауқұлаққа қарап ойланып қалды. Басында біреуінің өзі әрең сыйып, келе-келе бірнешеуіне пана болған саңырауқұлақтың сырын ұға алмай бәрі дал болып қалды. 

— Ал, сендер қалай ойлайсыңдар?

Жыл патшасы (ертегі)
Жидектерді кім өсіреді? (ертегі)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу