Қойдың жаралуы (аңыз-әңгіме)
21-12-2019
Қазақ елінің, қазақ жұртының тағдыры сынға түскен тарихи кезеңдерде, алмағайып замандарда әсіресе қазақ оқығандары, ұлт зиялылары жанқиярлық еңбек көрсетті. Ұлт болашағын ойлап қам жеген, халқы үшін от пен суға түскен, азап шеккен, керек болса осы мақсатта басын бәйгеге тігіп, жан қиған да осы Алаш арыстары болды. Әсіресе, ұлттық тәуелсіздік үшін күресте олардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тізе біріктіріп, ел санасын оятудағы қыруар еңбегін ешуақытта ұмытуға болмайды.
Алайда, 1937 жылдың қырғынында осынау қазақтың қаймағы болған арыстарымыз барлығы дерлік қуғын-сүргінге ұшырап, басым көпшілігі ату жазасына кесілді. Ажалдан аман қалғандарының өзі ұзақ жылдар бойында ескерусіз қалдырылды.
Осылайша, қазақ ұлтының бүгінгі жарқын болашағын жақындатуға, оның іргетасын қаласуға сонау өткен ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында аянбай еңбек еткен, қыруар жұмыс жасаған А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Шоқай, С.Садуақасов, Т.Рысқұлов т.б. көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бел ортасында Нәзір Төреқұловтың да есімі жарқырап көрінеді. Алаш идеясы бастарын біріктірген осынау саңлақтарымыздың қоғамдық және саяси өміріміздің әр саласында еңбек етіп, сол арқылы әрқайсысының түптің түбінде ұлттық тәуелсіздігімізге қол жеткізуге әрекет жасағандығын аңғарамыз.
Мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов та осы идея үшін күресті, азабы мен абыройы қатар түсіп жатқан, қатал да қатыгез тағдыр кешті. Оның өмір жолына қарап отырсақ, қоғамдық және саяси қызметінің барлық белестерінде алдымен ұлтына, туған халқына аянбай көмек беруге ұмтылғанын көреміз. Керек болса, осы мақсатта қолына қалам алып ғылыммен, әдебиетпен және журналистік қызметпен де айналысты. Соның арқасында қазақ әдебиеті мен өнері үшін, қазақ тіл ғылымы мен баспасөзі үшін, бір сөзбен айтқанда, жалпы қазақ тарихы мен руханияты үшін қаншама құнды дүниелер жазып тастап кетті.
Осы орайда қалам қайраткерінің осынау баға жетпес құнды мұралары жайында алғашқы іргелі ой-пікірлерді айтқан, сүбелі-сүбелі мақалалар жазған бір ғалым ағамыздың ерен еңбегін атап өтпеу қиянат. Ол өмірден өтіп кеткен, күллі қазақ журналистерінің ұстазы, қажырлы, қайсар ағамыз, көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожекеев еді. Ғалым сонау 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басында-ақ осынау тақырыпты терең қазып зерттеді.
Ал енді Н.Төреқұловтың қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби, білікті дипломат, елші болғандығын және оның есімі сол кезде, көзі тірісінде-ақ халықаралық деңгейде танылғандығын, жоғары бағаланғандығын бүгін үлкен мақтанышпен айтуға тиістіміз. Бұл биік дәрежеге Н.Төреқұлов үлкен белестерден өтіп келді.
Нәзір Төреқұлов өмірінің, қоғамдық-саяси қызметінің осы кезеңі белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы ғалым Тайыр Мансұровтың соңғы жылдары жарық көрген бірнеше еңбектерінде нақты деректік құжаттар негізінде терең ашылады. Оның төмендегі кітаптарын: “Нәзір Төреқұлов – Сауд Арабиясы корольдігіндегі КСРО-ның өкілетті өкілі”. /Хаттар, күнделіктер, есептер/ (1928-1935жж), М.: Русский раритет, 2000.; “Елші Нәзір Төреқұловтың Арабия дастаны”, 4 тілде (орыс, қазақ, ағылшын, араб), М.: Реал-Пресс, 2001.; “Елші Нәзір Төреқұлов. Дипломат, Саясаткер, Азамат”, М.: Реал-Пресс, 2003.; “Елші Нәзір Төреқұлов. Дипломат, Саясаткер, Азамат”(ағылшын тілінде) М.: Реал-Пресс, 2003.; “Елші Нәзір Төреқұлов” (Жизнь замечательных людей: өмірбаян сериясы.) М.: Молодая гвардия, 2004.; “Елші Нәзір Төреқұлов. Дипломат, Саясаткер, Азамат” (араб тілінде), Эр-Риад: АБЕКАН, 2006, т.б.
Қазақтың біртуар, аяулы перзенті жүріп өткен қызмет белестері, Н.Төреқұловтың өзі қалың ортасында жүрген, болған тарихи оқиғалар ауқымы немесе елшінің өз көзімен көрген елді мекендер, ірі-ірі саяси тұлғалармен, мемлекет басшыларымен жасаған қарым-қатынасы сынды азаматтың өміріндегі маңызды сәттердің барлығы тиянақты түрде зерттеліп, Н.Төреқұлов тұлғасын терең ашуда айрықша қызмет еткен. Әсіресе, елші Н.Төреқұлов жайындағы Ресей Сыртқы істер министрлігіндегі, Ресей қауіпсіздік қызметінің Федералдық бюросындағы, солардың кіруге рұқсат етілмейтін мұрағаттары мен мұражайларындағы, құпия бөлімдеріндегі “аса маңызды мемлекеттік грифтегі” құжаттары мен олардың фотокөшірмелерін қолға түсіруде автор-зерттеуші айрықша табандылық танытты.
“Нәзір Төреқұловтың” араб тілінде басып шығарылуы, сөз жоқ, біздер – қазақстандықтар үшін, әсіресе өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарында Сауд мемлекетінің қалыптасып, дамуының барынша қиын-қыстау кезеңінде онда кеңес дипломатиялық қызметін біздің аты аңызға айналған отандасымыздың басқарғаны зор мақтаныш. Бұл кітап КСРО мен Сауд Арабиясы арасында 55 жыл бойы қарым-қатынастар үзілгендіктен, ақпаратымыз болмауына байланысты арабиялықтар өкілетті елші Нәзір Төреқұловтың даңқты істері туралы білмеген олқылықтың орнын толтырып отыр.
Кеңес-Сауд қарым-қатынастарының, “алтын ғасыры” түбегейлі зерттелген. Кәсіби арабшылардың айғақтауынша, бұл зерттеу өз мақсатына жеткен. Осы істе “Нәзір Төреқұловты” Араб дүниесіндегі барынша ардақты Каирдың “Айн-шамс” университетінде аударуға ден қойған Сауд әл-Фейсалдың рөлі айқын аңғарылады. Кітаптың жай мазмұнын ғана емес, Төреқұловтың сыртқы істер халық комиссариатының басшылығымен жазысқан хаттарындағы астарлы ой оралымдары мен аса бай тіл өрнектерінің бәрі де араб тіліне шебер аударылған.
Ерекше айтарлық бір жәйт, сол кездегі Кеңес одағының басшыларының Н.Төреқұловты Сауд Арабиясына елші етіп тағайындау арқылы қандасымыздың әлемдік тұлғаға айналуына жол ашқанын өздері де аңғармай қалды. Н.Төреқұловтың сол кезеңде әлемдегі ең бір беделді, абыройлы дипломатия басшыларымен, елшілік қызметінің көрнекті қайраткерлерімен тіл табысып, қоян-қолтық араласып кетуі, сонымен бірге солардың құрметіне ие болуы, керек болса сол елде қоныс тепкен шетелдік елшіліктер корпусының жетекшісі, жолбасшысы (дипкорпус дуайені) биігіне көтерілуі, әрине, кеңестік большевиктік үкіметтің толық қолдауына ие болуынсыз екіталай еді. Қазақ перзентінің халықаралық деңгейдегі ірі, көрнекті саяси қайраткерге айнала бастауы, әрине, Кеңес Одағының, қызыл империяның шовинистік пиғылдағы көсемдері басқарған 1930 жылдардағы репрессиялық аппаратына ұнаған жоқ. Н.Төреқұловтың Кеңес Одағы үшін, ішінара, әрине, одақтас республикалар ретіндегі түркі халықтары үшін жасап жатқан жемісті елшілік қызметін шұғыл арада үздіртіп, Кеңес Одағына қайта шақыртып алу саясатында да осындай астар бар еді.
Сталиннің және оның төңірегіндегі жандайшаптарының, асыра сілтеушілерінің тікелей ұйымдастыруымен, тікелей жала жабу арқылы көп ұзатпай Н.Төреқұловты ірі қайраткер ретінде саяси сахнадан алыстату мақсатында ашық, арсыз саясат жүргізілді. Түркі жұртына жаны ашығаны үшін, көмек бергені үшін “пантюркизм” көсемдерінің бірі деді. Диверсиялық-террорлық пантүркілік ұйымның белсенді мүшесі ретінде Тұрар Рысқұловпен бірігіп Кеңес Одағын құлатуға әрекет жасады деген айып тағылды. Оның аяғы арысымыздың нақақтан-нақақ ату жазасына кесіліп, 1937 жылдың 3 қарашасында “халық жауы” деген айыппен мерт болуына алып келді. Н.Төреқұлов осының барлығын сезді, білді. Біле тұра, зиялы, аса сабырлы, аса мәдениетті жан ретінде ең соңғы сағатына дейін партияға сенді, әділдік жеңер деп ойлады. Өзімен тұстас жаппай репрессияға ұшырап жатқан Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов ағаларымнан жаным артық емес менің деп, іштен тынып, соңғы деміне дейін жақсылықтан үмітін үзген жоқ.
Осындай құнды деректердің барлығы жоғарыда аталған еңбектерде нақты мысалдар арқылы дәлелденеді. Ату жазасын анықтаған құжаттардың фотокөшірмелері беріледі. КСРО-ның Жоғарғы соты Әскери кеңесінің үштігімен кесілген жаза шешімінің фотокөшірмесі жан түршіктіреді. Ешкім білмейтін, ешкім танымайтын, бригадалық әскери заңгер деген атақтары бар Матулевич, Стельмахович, Зарянов деген қатардағы үш офицердің жабық сот мәжілісін өткізіп, жүрдім-бардым тергеп, жол-жөнекей қоя салған қанды қолдарының айбақ-шайбақ көшірмелері талай боздақтарымыздың осылайша түбіне жеткенін ойлағанда, түршігесің. Сталин сияқты жеке адамға табынған қоғамның тұтас бір ұлттың үкілеген үмітіндей, алақанға салған аяулыларын шыбын құрлы көрмей, қалайша аяққа таптағандығын көріп, зығырданың қайнайды. Көпе-көрнеу жасалып жатқан қиянатқа не істерлерін білмей, шарасыз күй кешкен, намыс пен ыза кернеген жүректері қан жылап, еш болмаса кегін ала алмай арманда кеткен қайран арыстарымыз-ай!
Кітаптың тартымды тілмен, анық, айқын стильде, күллі репрессиялық жазалаудың зардаптарын сол күйінде оқырманға жеткізуі Нәзіртану ғылымындағы беймәлім беттерді ашады. Сонымен бірге Н.Төреқұловтың өмір деректері де, елшілікке дейінгі қоғамдық-саяси қызметтерінің маңызды белестері де қысқа да нақты баяндалып, назардан тыс қалмағандығы кітаптардың құнын арттырған. Бұл зерттеу әдісі Н.Төреқұловтың тарихи тұлғасын толық сомдап шығуға мүмкіндік берген. Қайраткердің елшілік қызметіне дейінгі азаматтық, адамдық келбеті де қалай қалыптасқандығы тартымды өмір деректері арқылы ашыла түседі.
Ең алдымен Нәзір Төреқұловтың өскен ұясы әулетті, ұлағатты, алған білімі құнарлы, тиянақты еді. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіпкердің отбасында дүниеге келді, өз заманына сәйкес білім алды. Мәскеу қаласында, сол заманның ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Мәскеу сауда институтының экономика факультетінде оқыды. Бірнеше тілдерді қатар меңгерді. Соның арқасында өз тұстастарынан оқ бойы озық тұрған нағыз зиялы жан болды. Алайда, өз мемлекетінің мүддесін шет елде биік деңгейде қорғау үшін бұл қасиеттер де адамға аздық етеді. Біліктілігі жағынан аса жоғары деңгейдегі елші болу үшін алдымен, өмір ағымына жетік болу керек, ерік-күші қажет, сын сағатта тығырықтан жол таба білген жан ғана қапы қалмайды. Төңірегіндегілерді түсіне білу, әсіресе өзің елші болып келіп отырған мемлекетіңнің басшылығымен терезең тең келісім сөз жүргізу, көрегендік, шешендік өнер, осының барлығы бір бойыңнан табылып тұрмаса опық жеуің оп-оңай. Осы қасиеттердің барлығы Нәзір Төреқұлов бойынан табылды.
Қалай дегенде де Нәзір Төреқұловтың қызмет еткен, тағдыр кешкен жылдарында, сонан соң азамат соғысы кезеңінде жинаған іс-тәжірибесі зая кетпеді. Кейінірек ол үлкен-үлкен жауапты қызметтерге сайланды. Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы, Түркістан Атқару Комитетінің төрағасы, Шығыс халықтары институты директорының орынбасары және КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы, түрік халықтарының жазуын латын әліппесіне көшіру жөніндегі Орталық Комитеттің төрағасы сынды басшылық қызметтерді атқарды. Осының барлығы Нәзір Төреқұловтың қайраткерлік тұлғасын қалыптастырды, мемлекет ісін терең меңгеруге жол ашты.
Н.Төреқұлов елшілік қызметтің ең бір негізгі бағыттарын, бейнелей айтсақ, үш тағанын – өз мемлекетінің беделін лайықты дәрежеде ұстап тұру, оның саяси, сауда-экономикалық, басқа да мақсаттарын табанды түрде қорғау және аса қажетті ақпараттарды дер кезінде електен өткізе білу сияқты салаларды терең меңгеріп, осыларды мүлтіксіз орындап отырды. Ол сол кезеңде өзі төтенше және өкілетті елшісі болып отырған Кеңес Одағының беделін көтеруге күш салды, осы мақсатта әр деңгейдегі келіссөздерді шебер, біліктілікпен жүзеге асырып отырды. Әсіресе кеңестік сауда жүйесінің өміршеңдігін дәлелдеп, оған жасалған шетелдік қысымға шектеу салды, сол арқылы елшіліктің сараптау жұмысының арнасын жаңа жолға қойды. Мұны біз сол кезеңнің өзіндегі асқан шеберліктің үлгісі ретінде қабылдауымыз қажет.
Жалпы, Н.Төреқұловты Сауд Арабиясы сияқты мүлдем беймәлім мемлекетке елші ретінде таңдаудың, тағайындаудың күрделілігі шын мәнінде тереңірек, салыстырмалы түрде, керек болса тарихи құжаттарға табан тірей отырып, ой толғауды қажет етеді. Сахара корольдігінің көп елге құпия жатқан ішкі сыры, мемлекеттік, саяси ерекшелігі, қоғамдық-әлеуметтік өзгешелігі т.б., барлығы жиылып келгенде кімді болса да аса қиын жұмыстың күтіп тұрғандығы айдан анық еді.
Оның үстіне бұл елде, яғни ислам елінде еркін жүріп-тұру, өз еліңнің саясатын тыңдата білу, діні жағынан мүлдем басқа бағыттағы мемлекеттің сөзін сөйлеп, сойылын соғу “жүрек жұтқандықпен” тең еді. Айталық, бір-ақ мысал, Мекке мен Медине сияқты ислам әлемінің қасиетті, қастерлі қалаларына аяқ басу тек шынайы мұсылман жанға рұқсат етіледі. Оның үстіне атеизмнің қызыл туы желбіреп тұрған, дінді жоққа шығарып отырған мемлекеттің өкіліне, мұсылман болсаң да араб елінде емін-еркін жүріп-тұрудың реті келе бермейтіні анық. Осының барлығын есептеп келгенде, Кеңес өкіметінің, Коммунистік партияның Н.Төреқұловтың арқасына жүктеген, мойнына ілген жүктің қаншалықты ауыр болғандығын түсіндіріп жатудың өзі артық.
Солай бола тұра Н.Төреқұлов Араб жерінде құрметпен қарсы алынып, төрт күннен кейін, 3-ші қарашада, Меккеде корольдің ұлы, тақ мұрагері Фейсалға сенім грамоталарын тапсырды. Корольдің өзі Әбдел Әзиз Әл-Сауд Н.Төреқұловтың тағайындалуы туралы М.Калининнің 1928 жылғы 9 маусымдағы жолдауына Кеңестік миссияның жаңа басшысы Сауд үкіметі мен корольдің жеке өзінің тарапынан “екі елдің арасындағы достық байланыстарды нығайту үшін” құрметке, барынша жақсы қатынасқа бөленеді деп жауап береді. Бұл лебіз жай ғана хаттамалық сыпайылық емес еді. Хиджазда болған сегіз жыл бойы Н.Төреқұлов король мен оның төңірегіндегілердің шын ілтипаты мен құрметін көрді. Бұған көп жағынан жәрдемдескен тарихи оқиғалар ағымы – саяси ахуал ғана емес еді. Н.Төреқұловтың адам, азамат ретіндегі жеке басы, кісілігі, адамгершілік қасиеті, терең білімпаздығы мен оқымыстылығы, биік парасаты мен ақылы, барлығы оны қоршаған ортасына, әріптестеріне, керек болса жаулары мен дұшпандарына да оның беделін мойындатты. Бойға біткен ақсүйектік, қанмен келген тектілік Нәзір Төреқұловты дара феномендік тұлғалық деңгейге көтерді.
Жас мемлекет – Сауд режімі сол кездегі аса құрметті Лондонның айла-шарғыларынан тіксініп, оқтын-оқтын оған қарсы Мәскеу беделін көлденең тартуға мәжбүр болды. Әл Сауд үшін КСРО рөлінің айрықша құндылығының тағы бір себебі – нақ Кеңес үкіметі бірінші болып оны жаңадан жарияланған мемлекеттің басшысы деп танығанды.
Нәзір Төреқұлов жаңа қызметін тез арада меңгеріп, жергілікті саяси қайраткерлермен, ірі саудагерлермен өзара сенімді қатынастар орната алды. Бұл орайда мына бір фактіні келтіре кеткен орынды. Бұрын араб тілін арнайы оқымаған Нәзір тез арада оны жақсылап үйреніп алғаны соншалық, аудармашы қызметінен мүлдем бас тартты. “Өйтпесем, бірдеңе айтсам, басқаша аударылады да, әңгіменің мәні айдалада қалады”, деп жазады ол. Бұл оның алдымен елшілік қызметінің өте жауапты әрі өте абайлап, сақтық ұстап атқаратын еңбек екендігін терең түсінгендігінің белгісі.
Оның араб тілін жетік меңгергені соншалық, ғұламалармен дін тақырыбында еркін сөз жарыстырып, салтанатты жиында король мен оның төңірегіндегілермен дипломатиялық корпус атынан сол тілде көсіле сөйлей алатын дәрежеге жетті. Араб тілін жетік білуі оны еуропалық дипломаттардан жоғары қойды, араб сұхбаттастарының құрметіне бөледі. Ал еуропалық дипломаттар бұл тілді білмейтін. Мысалы, британ миссиясының басшысы тек қана ағылшын тілінде сөйлейтін.
КСРО-ның Сыртқы істер халық комиссариатына жазған алғашқы хаттарының бірінде Н.Төреқұлов Шығыстану институтының студенттерін Хиджазға бір жылға тәжірибе жинақтауға жіберуді ұсынып, олардың тек араб әдеби тілін білуінің жұмысқа жеткіліксіз екенін дәлелдейді. “Құран тілінде бұл арада бір қорап күкірт те сатып ала алмайсың. Ал біздің оқу орындарында, бейнелеп айтқанда, арабистерді емес, аруақтармен және періштелермен ғана сөйлесе алатын құранистерді даярлайды”, – деп істің мәнін нақты түсіндіреді.
Пайдалы таныстықтардың кең ауқымы, олармен жиі-жиі араласып тұруы елдің ішкі және сыртқы проблемаларын жылдам игеріп кетуге жәрдемдесті. Ағымдағы жағдайды және Сауд режімінің КСРО-мен қатынасының болашағын дұрыс бағалауға оның сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Фуад Хамзамен жүйелі сұхбаттасып тұруы мүмкіндік берді.
Ал король мен оның ұлдары – ханзадалар Сауд пен Фейсалға келсек, олармен араласып-құраласып тұру қиындау болды. Өйткені, корольдің ордалары Риад пен Меккеде, ал дипкорпус Жиддада еді. Соған қарамастан, Н.Төреқұлов қажет болса, Меккеге аттанатын, екі король мен мұрагерлердің Жиддаға келуін пайдаланатын. Аса лауазымды адамдар, соның ішінде министрлер, әскер басшылары, тіпті құпия полиция бастығы Нәзір үйінде жиі қонақ болып, оларды емін-еркін әңгімеге тартатын.
1930 жылы-ақ, сауда шарты жасалмаған кездің өзінде, Н.Төреқұлов Сауд режіміне кеңестік мұнай өнімдерін сату жөнінде қым-қуыт келіссөз жүргізді. Әңгіме 50 мың “жәшік” бензин, керосин сату туралы. Бұл өнім елдің бір жылғы қажетін өтейтін еді. Келіссөз сәтімен аяқталды. Бірақ бұл үшін Нәзірдің голландиялық “Шелл” және америкалық “Стандарт ойл оф Калифорния” компанияларының өршеленген қарсылығын еңсеруіне тура келді. Сауд жағы мұнай өнімдерінен басқа, КСРО-дан ағаш, ұн, күкірт, қант және мата сатып алуға тілек білдірді.
“Бензин жөніндегі мәміленің” мықты саяси астары бар еді. 1931 жылға қарай корольге ықпал ету жолындағы әртүрлі топтардың тайталасы күшейе түскен болатын және бұл тайталас Сауд-Британ қатынастарының нашарлай түсуі жағдайында жүріп жатты. Бұған себеп Англияның Иорданияда Недж шекарасын бойлап бекіністер сала бастауы, ағылшын фирмаларының өздерін Хиджаз-Неджде сауда жасау құқығы нақ өздерінікі ғана екеніндей ұстау, Лондонның Араб Федерациясын құру жобасы еді.
Бұл кезде Хиджаз-Недж, Иеменді есептемегенде, бірден-бір тәуелсіз араб мемлекеті болатын. Аталған федерацияда осы тәуелсіздікті іс жүзінде ауыздықтау жоспары болатын. Осыған байланысты ағылшын сөзін сөйлейтін “сириялықтар” (Ф.Хамза – А.Филби) мен Недж қайраткерлері арасындағы егес күшейе түскен-ді. Сайып келгенде, недждіктер мерейі үстем болып, 1931 жылы 2 тамызда Нәзір мен ханзада Фейсалдың қатысуымен 150 мың доллардың бензині мен керосинін несиеге сату туралы шартқа қол қойылды. Бұл ағылшын ықпалына қарсы әрекет еді. Бұл шарттың жасалуындағы Н.Төреқұловтың еңбегін КСРО Сыртқы істер халық комиссарының орынбасары Л.Қарахан оған жазған көптеген хаттарында аса жоғары бағалап отырған.
Сонымен бірге Н.Төреқұлов қажылыққа келген әртүрлі қайраткерлерден, соның ішінде жат жерде жүрген отандастарынан да бойын аулақ салған жоқ. Мысалы, Сібірден шығып, Түркияда қоныс тепкен белгілі панисламист, король қабылдамай қойған Абдурашид Ибрагимовпен кездеседі.
Үндістан арқылы Хиджазға өткен, тұрмыстық жағынан қатты қиналып жүрген Өзбекстан азаматтарына көмектескен. Л.Қараханға жазған арнайы хатында оларды отанына қайтару мәселесін шешуді, осындай істердегі ағылшын және итальян өкіметтерінің тәжірибесін негізге ала отырып, оның нақты жолын, жобасын ұсынады. Ол тіпті Жиддаға қоныс аударған Мұса Бигиев, Миян Кудрат секілді түркі тектес отандастарының Өзбекстанда қалған туыстарының тағдырына байланысты мәселелерді реттеуді Кеңес өкіметінің алдына қоюдан да қаймықпаған.
Нәзірдің өзі талай үлкен және кіші қажылық жасады, исламның талаптары мен дәстүрлерін бұлжытпай сақтады. “Идальфитр” (ораза айт) мейрамын біз жеке “мұсылмандық” байланыстарымызды кеңейтуге пайдаландық. 100-ден астам адаммен сәлемдесіп, сұхбаттастық. Құттықтай келген адамдарға арнайы қабылдау жасадық”, – деп жазады ол бір хатында.
1932 жылы 5 мамырда Н.Төреқұлов демалыстан оралғанда Жидда портында оны дипкорпус мүшелерінен тыс сыртқы істер вице-министрі А.Таха, Жидданың вице-губернаторы А.Амри, қаржы министрлігінің сенімді өкілі С.Хашем, құпия полиция бастығы М.Тайиб қарсы алды. Осының өзі де Нәзірдің беделінің өте биік, елші ретінде өте сыйлы, абыройлы болғандығын дәлелдей түседі.
Н.Төреқұлов Сауд үкіметімен келіссөзде, әрине, Кеңес үкіметінің көзқарасын, саяси тұғырнамасын берік қорғап отырған. Соның нәтижесінде Сауд үкіметі бұрынғы бірқатар талаптарын қайтып алды, саудадағы бұлжымай келген шектеулер толық алып тасталынды. Бұл туралы ханзада Фейсал кеңес елшісіне: “Ақыр соңында, бес жылғы даудан кейін Саудиядағы кеңес саудасы бағынуға мәжбүр болған, ылғи да Сауд-Кеңес қатынастарына қысым жасап, олардың қалыпқа түсуіне бөгет болып келген ерекше тәртіп ауыртпалығы еңсерілді”, – деп хабарлады.
Ал корольдің өзі Меккедегі ордасындағы кездесуде Нәзірге өз саясатын былай тұжырымдайды: “Мен кеңес өкіметінің көмегіне зәрумін. Мен әскери-саяси мәселелерде КСРО-ның қолдауына ие болғым келеді. Кеңестер маған басшылық жасап отырсын. Мен артымдағы барлық күш-қуатыммен Кеңестерге еремін. КСРО мен арабтардың мүддесі үшін кеңестер мені қалауынша пайдалана алады”. Демек, осының бәрінен шығатын қорытынды: Н.Төреқұловтың елшілік қызметінің тиімділігі мен кәсіби деңгейінің биіктігі ешқашан дау тудырмаған. Біз баяндап өткен аса күрделі, шытырман, әрі өте шетін, аса сақтықты қажет ететін елшілік еңбектің барлық қыр-сырын Нәзір Төреқұлов жете меңгергендігі анық.
Сонау өткен ғасырдың 30-шы жылдарында Нәзір Төреқұловтай отандасымыздың, қазақ азаматының әлемдік деңгейде терезесін тең ұстап, сол алпауыттардың өз тілінде, өз дәрежесінде Кеңес Одағы сияқты алып мемлекеттің елшісі ретінде абыроймен қызмет атқаруы, сүйте жүріп түркі тектес халықтардың да мұң-мұқтажын шешіп, осы жолда қам жасап өтуін де ерлікке пара-пар еңбек десек, артық емес. Осындай тағылымды тағдыр кешкен перзентіміздің тәуелсіздікке қол жеткен заманымызда арамызға қайта жарқырап оралатын кезеңі де келді. Ендігі жылдары оның атаулы даталарына сәйкес үлкен-үлкен білім ордаларының, дипломатия мектептерінің атаулары, мемлекеттік деңгейдегі сыйлықтарымыз Н.Төреқұловтың есіміне ие болып жатса қанеки.
Нәзір Төреқұлов – тарихи тұлға. Оның асыл бейнесін, ел алдындағы ересен еңбегін әрдайым есте сақтаған жөн.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Ұлт рухын ұлықтаған
Қай кезде болсын белгілі бір қоғамның даму жолын алға жылжытуда жекелеген тұлғалардын феномені ерекше орын алатындығы баршаға белгілі. Өз елінің тәуелсіздігі мен ұлтының жарқын болашағы үшін күрескен ірі тұлғалар бүкіл адамзат өркениетіне маңызды үлес қосып келеді. “Аса көрнекті тарихи қайраткерлердің, шын мәніндегі мемлекетшілердің тұтас бір шоғырының” – жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде-ақ қазақ мемлекеттілігінің даму мақсатын тұжырымдап берген тұлғалардың ұлттық мүдделерге қызмет етуінің ұлы тарихи үлгісі көз алдымызда тұр”, деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” деген еңбегінде жазғанындай, қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың қоғамда алған орны мен олардың ұлт үшін жасаған еңбектерінің маңызын көрсете білу – біздің парызымыз.
Осы орайда Қазақстанның қазіргі заманғы мемлекеттілігінің бастауында тұрған аса көрнекті тұлға, нағыз елжанды, ардақты азаматтарының бірі Нәзір Төреқұловтың да ұлтымыздың әлемдік кеңістікте өзіндік орнын иемденуге қосқан үлесін атап өтуге тиіспіз. Өткен ғасырдың басында егемен ел болу үшін өлшеусіз тер төккен алаш қайраткері Нәзір Төреқұловты ұлтымыздың арасынан шыққан тарихи тұлғалардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде тануға тек еліміз дербес саясатын жүргізе бастаған соңғы кезде ғана мүмкіндік туды.
Кешегі патшалық Ресейде, 70 жылдан астам үстемдік құрған өктемшіл саясат дәуірінде тарих сахнасына шыққан Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Қожанов сынды қайраткерлер бүгінгі Тәуелсіздігіміздің жолдарын, амалдарын анықтап берген болатын.
“Туған халқын жанындай жақсы көріп, табиғат молынан берген қабілет-дарынын, ақыл-білімін, күш-жігерін соған адал қызмет етудің ізгі мұраттарына арнаған қазақтың сайыпқыран перзенттерінің бірі, бірі емес бірегейі Н.Төреқұлов болып табылады”, – деп жазды халық жазушысы Қ.Мұхамеджанов дипломат, саясаткер Т.Мансұровтың “Елші Н.Төреқұловтың Арабия дастаны” атты кітабына берген алғысөзінде.
Нәзір Төреқұлов Ресей отаршылдығының Түркістан халықтарына қаншалықты қасірет алып келетінін жан-жүрегімен сезінген. Бұл туралы ойларын ол Ташкентте, Мәскеуде шығып тұрған басылымдарда жариялаған мақалалары мен биік мінберлерде жасаған баяндамаларында бүкпесіз айтқан. Патшалық Ресей мен большевиктер билеген Ресей Түркістанды шикізат өндіретін ел ретінде санап, оның мәдени өркендеуіне мүдделі болмағанын, қайта халықтың өсіп-өркендеуін тежеп, кедергі келтіріп отырғанын тұңғыш рет айтып, ашық әшкерелеген.
Нәзір Төреқұлов XX ғасыр басындағы ұлы өзгерістер кезеңінде тарих толқынымен сахнаға шыққан күрескер. Дүниетанымы демократиялық бағытта қалыптасқан мемлекет және қоғам қайраткері. Жиырмасыншы жылдары Түркістан Республикасының бірінші хатшысы болып сайлануының өзі көп жайтты аңғартқандай. Өйткені, ол жылдары Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаев секілді “сен тұр, мен атайын” дерлік ірі тұлғалар Ташкентте шоғырланғанын, Нәзір солардың қалауымен жас Түркістан Республикасы бірінші хатшысы болып сайланғанын ескерсек көп мәселеге көз жеткіземіз. Міне, осы бір кезеңдерден басталған қайраткерлік жол жалындаған жастық ғұмырын қиып түскен сталиндік репрессияға дейін жалғасты. Ол негізінен ағартушы, білгір баспагер, ел мен елді елдестірген елші болып өткен ғасырда өмір сүрген қазақ зиялыларының қақ ортасында шоқтығы биік тұрды. Қандай қызмет атқарса-дағы халық қамын жеген қайраткер дәрежесінен бірде-бір рет ауытқымай өтті.
Нәзір Төреқұлов қарымы үлкен қаламгер. Жастай жалындап өлең жазған ол аласапыран уақытта Торғайға барып “Қазақ мұңы” газетін шығарды. 1916-17 жылдары толқыған Торғай күрескерлер шоғырланған төңкерісшіл ойдың бесігі болғаны көпке мәлім. Демек, Торғайда демократияшыл ойға рухани тамызық берген, қоғамдық ойдың қозғаушысына айналған тұлға — Нәзір Төреқұлов! Ташкентте “Темірқазық” журналын ұйымдастырып шығарып тұрды. Қаламы ұшталып, ойы толысқан ол қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде халықтың көкейкесті мәселелерін қозғап көптеген мақалалар жазып жариялады. Бұл орайда Нәзір Төреқұловты жалынды публицист ретінде танимыз.
Нәзір Төреқұлов қазақ, өзбек, тәжік тілдерін “ана тілім” деп білген, татар, башқұрт, қырғыз, әзірбайжан тілдерінде оқыған, ағылшын тілін білген, аз уақытта араб тілін меңгерген полиглот, меңгерген білімін іске жаратқан үлкен ғалым. 1926 жылы Бакуде өткен І түркологиялық конгреске арнайы қатысып алфавит жайында баяндама жасады. Онда латын әліпбиін қолдады. Қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде оқулық жазды. Өмірінің соңында түрік тілдерін салыстыра морфологиялық зерттеу жүргізді. “Түрік халықтары кіндік баспасы” бас редакторы кезінде 12 тілде кітап ұйымдастырып, басып шығарып отырды.
Нәзір Төреқұлов Қазақстандағы алғашқы баспагерлердің бірі. Ұлт республикасында баспа ісін ұйымдастырушы болған ол Мәскеуде 1922-28 жылдары “Күншығыс халықтары Орталық баспасында” бас редактор болып істеді. Халық даналығы дерлік түркі халықтары мақал-мәтелдерін, жұмбақтарын кітап етіп бастырды. Қазақ Бөкейханов, Жұмабаев, өзбек Аблани, башқұрт Вилданов секілді түркі халықтары ардақтыларын шығармашылық іске тартты.
1918 жылы РКП (б) қатарына өтіп, Қоқан автономиясын құлатуға қатысқан. Қоқан Ревком төрағасының орынбасары және хатшысы болды. Ферғана облревкомының және Түркістан Республикасы Орталық атқару комитетінің төрағасы болды.
1920 жылы Түркістан КП Уақытша орталық комитетінің мүшесі және оның Атқару бюросының жауапты хатшысы қызметін атқарды. 1922 ж. Түркістан Республикасының Оқу-ағарту комиссары болып сайланды.
1922 жылдың қыркүйегінен КСРО ОАК жанындағы Орталық баспаның басқарма бастығы, сонымен бірге Мәскеу жоғары оқу орындарында шығыс тілдерінен сабақ берді, ғылыми еңбектер жазды. Оның “Бұхара Советтік Халық Республикасы”, “Қоқан автономиясы”, “Ферғана мәселесі” деген тарихи шығармалары бар. Өзбек мектебі үшін алғашқы оқулықтар жазды. 1923 жылы “Темірқазық” журналын шығаруды қолға алды. Бұл журнал қазақ әдебиетіндегі кенжелеп қалған сын мәселесіне көңіл аудара бастады. “Нәзір жолдастың сыны қазақ әдебиетіндегі алғашқы сын деп айтуға болады” (С.Мұқанов. “Қызыл Қазақстан”. №16, 1923 ж).
Көп ұлтты Түркістан Республикасының саяси тынысында Нәзір Төреқұлов партиялық және мемлекеттік жоғары билік тұтқаларын ұстаған. Жергілікті ұлт өкілдерінің алғашқылары қатарында Түркістан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшылығына сайланған. Одан кейін де Түркістан Республикасы Орталық Атқару комитетін (ЦИК), Оқу-ағарту халық комиссариатын басқарды. Түркістан майданы революциялық әскери кеңесіне мүше болды. Сондай-ақ партия тарихы институтын өз қолымен ұйымдастырып, оның органы “Түркістанның қызыл жылнамасы” журналын шығарды. Сауаттылығы төмен елде қоғам құрып, мемлекеттік құрылысты енгізудің қиыншылығын түсінген Т.Рысқұлов, С.Қожанов, М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедовтер оқу-ағарту ісіне аса мән беріп, Ташкентте тұңғыш қазақ жоғары оқу орнын ашты, бұл істің басында Нәзір Төреқұлов тұрды. Ірі лауазымды қызметтер атқара жүріп, саяси ғана емес, мәдени шаралар бойынша да оң шешімдер қабылдады. Бүкіл адамзаттық құндылықтарды игеруді қадір тұтуды өз ұлтының дәстүрімен ұштастырды.
Нәзір Төреқұловтың Түркістандағы қызметі аса бір күрделі кезеңге – жаңа қоғамның әлеуметтік мұраттары жүзеге асырылған ауқымды әлеуметтік сынақ уақытына тұстас келді. Л.Троцкийдің пікірінше, жұмыс барысында кедергі аздай жергілікті саяси топтарға “орталықтан жіберілген басшылар... дем беріп, желіктіріп, түптің түбінде өз үстемдігін нығайтты... орталықтың саясатына қатысты мәселелерден шебер бұрып әкетіп отырды...”. Мұндай аласапыранда өз танымы мен берік тоқтамын жүзеге асыру Нәзірге оңайға түсе қоймады. Әйтсе де ол принциптеріне адалдық танытып, ешкімге бас ұрмады, ұлтын, жолдастарын жасытып, сатып кетпеді. Әділдік орнығар деген үмітпен ғұмыр кешіп, еңбек етті.
Сол қызыл империя саясатының бел ортасында жүріп мұсылмандықты сақтауды насихаттады, қорғады, қолдады. “Ислам және коммунизм” атты мақаласында ислам діні мешеу қараңғылықта қалдырады деген қағиданы өмірден тәжірибелер келтіре отырып теріске шығарды. Мұсылман халықтарының жағдайларын жақсарту мақсатында 1929 жылы бүкіл Түркістан Республикасының көлемінде демалыс күнін жұмаға ауыстыру, ораза, құрбан айт сынды мұсылман халықтарының мерекелерін демалыс деп жариялауы өзінің кеудесін оққа тіккенмен бірдей еді.
Өкінішке қарай, Н.Төреқұловтың бұл бастамасын сол дәуірде жүзеге асыру мүмкін болмады. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен мұсылмандар айты демалыс күні болып жарияланды.
Н.Төреқұловтың оқу-ағарту саласындағы атқарған жұмыстары, айтқан сөздері, жазған мақалалары бүгінгі күнге дейін күн тәртібінен түспей келеді. Кезінде ол елді сауаттандыруға баса назар аударып, бірінші кезекте жергілікті ұлттық мамандарды даярлауға ерекше мән берген еді. Осы ұлттық мамандар арқылы ұлттық мектептер ашуға, әр ұлттың өз тілінде білім алуына баса назар аударды.
Нәзір Төреқұлов Ташкентте әуелі қазақ ағарту институты аталған, кейіннен жоғары педагогикалық институтқа айналған оқу орнын құрудың басы-қасында жүрді. Бұл қазақ халқының тарихындағы тұңғыш жоғары оқу орны еді.
Түркістаннан тысқары кеткен соң Нәзір Мәскеудегі КСРО халықтарының Орталық баспасын басқарды, ғылыми-педагогикалық жұмысқа араласты. КСРО Ғылым академиясы түркология секторын басқарып, ғылымға біржолата ден қойды.
Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университетінде (КУТВ) дәріс оқып, біраз уақыт осы оқу орнында проректорлық қызмет атқарған. Осы жылдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сияқты ақыл-ой алыптары, “алашордашылдарды” қамқорлығына алып, қолдау көрсеткені үшін ұлтшыл атанды. Осылайша, өкінішке қарай, 1937 жылы нақақтан жала жабылып, жазықсыз атылып кетті.
Өзінің қысқа өмірін Нәзір Төреқұлов толығымен ұлтына, оның болашағына арнады. Сол бір аласапыран заманда одақтық деңгейде басшылық қызметтер атқарды. Соның ішінде Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы ретінде халқымыздың жағдайын, әл-ауқатын жақсарту, олардың рухани мәдениетін арттыру, мәдениет, білім ошақтарын көбейту, жастарды тәрбиелеудегі еңбегі ұшан теңіз. Ол тек қана қазақ халқы емес, бүкіл түркі тілдес халықтардың мақтанышына айналды. Өмір жолының қай кезеңінде болсын, халықтармен етене араласып, оларды мәдениетке, әдебиетке баулыды. Өзі шығарып отырған газет, журналдар беттерінде жарияланған мақалалары езілген халықтарды жігерлендіріп, бойларына күш-қуат берді.
Түркістан Орталық комитетінің төрағасы болып жүріп жерді пайдалану жөніндегі шығарған қаулы-қарарлары бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған емес. Әсіресе, жеке қожалықтар құру жөніндегі ойлары бүгінгі нарық заманында іске асуда.
1928 жылы небәрі 36 жасында ол Хиджаздағы (Сауд Арабиясы) КСРО-ның өкілетті уәкілі болып тағайындалды. Ол кезде мұндай жауапты қызметке жас адамның тағайындалуы дипломотиялық тәжірибеде өте сирек кездесетін. Араға екі жыл салып, Нәзір Төреқұлов КСРО-дағы тұңғыш қазақ елшісі атанды. Жаңадан іргесі қаланып, әлемді тек мұнайымен ғана емес, рухани байлығымен аузына қаратқан Сауд Арабиясына КСРО-ның елшісі болу қарапайым кезекті қызметке тағайындалу емес еді. Бұл елге елші таңдаудың өзі үлкен саясаттың жемісі болатын. Тағайындау алдында мұсылмандығы, қабілеті, білім дәрежесі, қазақ халқының өкілі екендігі – бәрі-бәрі ескерілген. Оның үстіне Түркістан Автономиясында оқып, білім алғаны, қызмет істегені еске алынды. Осылай ол алып империяның өкілі ретінде шетелде 8 жыл бойы қайраткерлік көрсетті.
XX ғасырдың бас кезінде қоғамдық, мемлекеттік істерге араласа бастаған қазақ интеллигенттері ұлттар арасындағы теңсіздікті жоюға, оқу, білім, мәдениет, ғылым, техника саласында артта қалған жергілікті халықтарды алға сүйреуге ұмтылды. Өзінің білім дәрежесі, күрескерлік тәжірибесі, мұсылман елдері өркениетін жақсы білетіндігі жағынан Н.Төреқұлов өзге замандастарынан оқ бойы озық тұрды.
Н.Төреқұловтың КСРО дипломатиясы мен саяси тарихындағы алар орны ерекше екендігіне қарамастан, Алаштың абзал арыстары С.Қожанов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин сияқты Н.Төреқұлов та Кеңес өкіметінің солақай саясатының құрбаны болды. Бір айырмашылығы, Н. Төреқұлов дербес мемлекет құруды армандаған алашордалықтардың құрамында болғаны үшін емес, мұсылман елдері өкілдерімен тығыз байланыста болғаны және мұсылмандық дінді сақтап қалуды үгіттегені үшін кеңестік жендеттердің қолынан мерт болды. Бірақ, кеш болса да 1958 жылы толығымен ақталды.
Әрқилы себептермен, еліміз егемендігін алғанша Нәзір ойдағыдай насихатталмады. Қоғам қайраткері Ыбырай қажы Ысмаилұлы 1995-2005 жылдары Н.Төреқұлов атындағы халықаралық қор ұйымдастырып, нәзіртану жұмыстарын үлкен көрегенділікпен жүргізді. Мемлекет қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат, түркі тектес халықтың мақтанышы Нәзір Төреқұловтың өмірін зерттеп, көпшілік қауымға жария етіп, Қазақстан тарихынан өз орнын алып беруде Ыбырай қажы зор еңбек сіңірді.
Сонымен қатар Нәзір Төреқұлов есімін алғаш еске салған, естелік жазған жазушы Жүсіпбек Арыстанов, профессор Бейсембай Кенжебаев, зерттеп кітап жазған Жолтай Әлмашұлы мен Сәрсенбек Сахаббат еңбектерін арнайы атау қажет. Н.Төреқұлов еңбектерінің бір томдығын құрастырып, бастырған баспагер Нұрмахан Оразбеков есімі ілтипатқа лайық.
Белгілі ғалымдар Б.Кенжебаевтың, Т.Қожакеевтің, Р.Бердібайдың, Ф.Бәкіровтің, С.Тілеуқұловтың, Ш.Оразымбетовтің, Д.Ысқақұлының, Б.Қойшыбаевтың, т.б. еңбектерінде Н.Төреқұловтың өмірі мен қызметі, шығармашылығы жайлы бірсыпыра бағалы пікірлер айтылды. Ж.Әлмашұлы Н.Төреқұловтың шығармашылығынан диссертация қорғады. Сондай-ақ, С.Қирабаевтың, Т.Кәкішевтің, Ш.Елеукеновтің, т.б. әдебиетші ғалымдардың еңбектерінде арнайы болмаса да ішінара Нәзірге қатысты пікірлер кездесіп қалып отырады.
Олардың ішінде Қазақстан дипломатиясының жарық жұлдызы, саясаткер Н.Төреқұловтың есімін әлемдік аренаға алып шыққан тарихшы-дипломат, мемлекет қайраткері Т.Мансұровтың еңбегі ерекше. Ол архив деректеріне, дипломатиялық хат-қағаздар мағлұматтарына сүйене отырып тұңғыш рет нәзіртануға тың тараулар қосты. Оның “Елші Нәзір Төреқұловтың Арабия дастаны” түрік, қазақ, орыс, ағылшын, араб тілдерінде бір мұқабаға жинақталып Мәскеуден жарық көруі, сондай-ақ “Жизнь замечательных людей” секілді абыройы асқақ баспадан азаматтық ғұмырнамалық кітабының жарық көруі тіпті қуанышты жағдай. Ол аударылып “Қазақстан” баспасы арқылы басылып кең тарады. Енді нәзіртану саласында жасалған осындай игілікті істер жалғасын таба түссе дейміз. Себебі, Нәзір Төреқұловтың ғибратты өмірі мен қызметі – әлі тиісті бағасын толық алмаған, терең зерттелмеген тың да соны дүние. Ендігі сол жәдігерлікті толықтай жинастырып, халыққа ұсынатын кез келді.
Халқына қалтқысыз қызмет етіп, артына өшпейтін мол мұра қалдырған Н.Төреқұлов жұлдызы жыл өткен сайын нұрланып, жарқырай бермек. Биыл, 2007 жылы 18 қазанда Нәзір Төреқұловтың туғанына – 115 жыл, жазықсыз құрбан болғанына 70 жыл толады. Ұлт рухын ұлықтаған халқымыздың осындай асыл азаматын кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақтағаны абзал.
Авторы: Әбдіжапар САПАРБАЕВ, Алматы гуманитарлық-техникалық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор.