Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Бұқар жырау Қалқаманұлы өмірі мен шығармашылығы

Oinet.kz 06-10-2019 1082

Бұқар жырау Қалқаманұлы

03 қараша 2017, Жұма

Категориясы: Ақын-жазушылар

aiboll

Бұқар жырау Қалқаманұлы
Қалқаманұлы, Бұқар жырау (1668 — 1781) — қазақтың ұлы жырауы, 18 ғ. жоңғар басқыншыларына қарсы қазақтың азаттық соғысын бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы. Шыққан тегі Арғын тайпасының қаржас руынан. Заманындағы сыншылар оны «көмекей әулие» деген. Сөйлегенде көмекейі бүлкілдеп, аузынан тек өлең сөз төгіледі екен.

Абылай хан бір жаққа жорыққа аттанарда одан айдың, күннің сәтін сұрайтын, көрген түсін жорытатын болған. Ел аузындағы аңыз әңгімелерге қарағанда, Бұқар жырау әз Тәуке ханның тұсында да ордадағы беделді билердің бірі ретінде, ел басқару ісіне араласқан секілді. Оны Үмбетей жыраудың: «Көріктей басқан күпілдеп, көмекейің бүлкілдеп, сөйлер сөзден таймадың. Тәукенің болып жаршысы, халқыңның болып заршысы, белді бекем байладың» деген сөздері де айғақтағандай. 18 ғ. болған жоңғар шапқыншылығы қазақ халқының мүлдем жойылып кету қаупін тудырғаны белгілі. Осы кезде «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған елдің басын қосып, ата жауға қарсы азаттық күресіне жұмылдыру бар ғұмырын халқының бірлік бүтіндігіне арнаған ұлы жыраудың басты мақсатына айналады. Оның сөздері осы кезде еліне есті кеңес, еріне әмір болып естіледі. Хан да, қара да тарих көшінің бағдарын, шиеленген қиынның шешімін Бұқардан күтеді. Халқының әулие данасы, дуагөй бітімшісі, көреген болжаушысы санатына көтерілген Бұқар жыраудың осы тұстағы даңқын орта ғасырдағы оғыз жұртының әулиесі Қорқытпен, 14 ғ. ноғайлы елінің данасы Сыпыра жыраумен салыстыруға болардай.

Халық жадында сақталған бір әңгімеде Бұқар жырау ауырып жатқанда Абылай ханның алыстан күні түні аттан түспей жүріп келіп, көңілін сұрағаны айтылады. Бұл таққа ие болған ұлы ханның баққа ие болған ұлы жырауына деген ықылас ниеті, ерекше құрметінің белгісі болса керек. Заманында осылай ханы қадірлеп, халқы ардақ тұтқан жыраудың мұрасы халқымен мәңгі бірге жасай бермек. Бұқар жырау толғауларында өзі бастан кешіріп отырған алмағайып заманның келбеті бар болмысымен көрініп, өмір құбылысы мен дүние заңдылықтары, әлеуметтік жағдай мен адам тіршілігі кең тыныспен жырланады. Ондағы басты сарын елдің бірлігі мен ынтымағын күшейту мәселесі.

Ол жан жақтан андыздаған жаулардан қорғануы үшін басты шарт бірлік екенін терең түсінеді, ата жауға қарсы бірігіп, тізе қоса күрескен ерлерді өзгелерге үлгі етеді. «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, ормандай көп орта жүз, солардан шыққан төрт тірек» деп майдан даласында көрсеткен ерлігімен бірге елдің ұйытқысы болып, бірліктің тірегі болып жүрген ерлерді мадақтайды. Сондықтан да Бұқар жырау жырларын басқыншы жаумен ұзақ арпалысып, ерлік пен ездіктің, парасаттылық пен азғындықтың парқы таразыға түскен сындарлы шақта Абылай хандай басшының төңірегіне топтасып, ұлы жеңістерге жетіп, ерліктің үлгісін, бірліктің құдыретін танытқан қазақ өмірінің шындығын айшықтай өрнектеген поэзия, ұлы мұра деп білеміз.

Жырау қазақ халқының жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел - жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салған. Өзінің саяси - әлеуметтік мәнді жыр - толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналған. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден - бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап калатын көсем тұрғысында үлкен сенім артқан. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет еткен. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасаған. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін асқақ жырлаған.

Оның «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталған.


Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Ғабиден Мұстафин өмірі мен шығармашылығы
Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Бейімбет Майлин өмірі мен шығармашылығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу