Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Ғабиден Мұстафин өмірі мен шығармашылығы

Oinet.kz 06-10-2019 1771

Ғабиден Мұстафин (1902 - 1985)

03 қараша 2017, Жұма

Категориясы: Ақын-жазушылар

aiboll

Ғабиден Мұстафин (1902 - 1985)

Мен әрдайым бүгінгіні, шамам келгенше – ертеңгіні жаздым. Жазушы, алдымен, өз дәуірінің жаршысы. Мен өз бойымдағы бүкіл дарыным мен күш - қуатымды… халық мүддесіне қалтқысыз, алаңсыз бағыштаған жазушымын. Менің творчествомның өзегі, арқауы, негізі жаңа заман, жаңа адам. (Ғабиден Мұстафин)

Ғабиден Мұстафин мұрасы - 20 - 40 жылдардағы Қазақстанның көркемдік шежіресі. Жазушы шығармаларынан ескен шындық - дән салмағынан басын көтере алмай, маужырай тербелген қалың бидай мен гүрсілдеген шыңырау шахтаны аралатып, туған өлкеге көз жібертеді – еңбекке толы уақытты, қарапайым еңбек адамын көресіз. Ғабиден Мұстафин жағымды кейіпкерлердің тұтас бір тізбегін жасады. Олар жарқын болашақ үшін батыл күресіп, ел - жұртының арман - тілегі, мүдде - мақсатының орындалуына аянбай ат салысты – азаматтық тұғырдан түспеді. Өз заманымен тығыз байланысып, күш - қуатын уақыт алдындағы борышты өтеуге арнау, өз замандасына аянбай қызмет ету, еңбек адамының ой - арманын, баянды ісін мадақтай жырлау, белсенді күрескер биігінен таймау -- Ғабиден Мұстафиннің рухани келбеті.

Жастық шақ. Алғашқы қадам.
Әдетте, жазушының ізденісі мен өмір жолы көркем шығармасында із қалдырып, ел басынан кешкен тарихи оқиғалар сайрап жатады. Ғабиден Мұстафин мұрасы - осынау қағиданың дәлелі мен айғағы.
Ол 1902 жылы Қарағанды облысының Тельман ауданында шағын дәулетті отбасында өмірге келді. Талапты бала әуелі ауыл молдасынан оқып сауатын ашады. «Басқа оқу жоқ еді» - дейді ол кейін жастық шағын қынжыла, мұңая еске алып. Кішкентай жүректе жанған шырақ оқу - білім іздетеді, 1916 жылы зауыттағы орысша - қазақша мектептің төртінші сыныбына түсіп, бір жылдан кейін бітіріп шығады. «Қайтып оқуға мұрша болған жоқ» - деп өкінеді кейін жазушы. 1918 - 1925 жылдары ауылдық кеңестің әр алуан жұмысына араласады. Білімге деген құштарлық Қазақстанның сол кездегі орталығы Қызылордадан оқу іздетеді. Бірақ балалық шағында алған шамалы білім оқу орнына түсуге мүмкіндік бермейді де, жоғарғы сотқа қызметке орналасады. Жазушының өзі айтқандай, көркем әдебиетке деген құштарлығы осы жылдары оянады.

Жиырмасыншы жылдар туған еліміз үшін аса бір маңызды кезең еді. Ауылдағы негізгі тартыстар Азамат соғысынан кейінгі ауыртпалықтар, әлі оңы мен солын айыра бермейтін кедейлердің қиын хал - күйі төңірегінде өрбитін. Жастайынан талай қиянат көрген болашақ жазушы қайнаған өмір ағымынан сырт қала алмады. Өзінің алғашқы қадамы туралы «көргенімді, сезгенімді жазатынмын» - дейді Ғабең. Демек, жазушылық өмірінің алғашқы сәтінен бастап бүкіл өнер жолына үлкен әсер осындай тартыстардың қызу ортасы еді.
Жас талапкер өзі көрген, сотқа келіп түскен шағымдарда айтылған қиянат, мұң - шер, жапа шеккен адамдар туралы нақтылы оқиға негізінде жазған хабарлама, очерк, фельетондарын «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне жариялап жүрді.

Сөйтіп, Ғабиден Мұстафин алғашқы қалам тартысынан - ақ өзінің өзекті тақырыбын - бүгінгі қайнаған өмірді дәл тапты. Тұңғыш кітабы «Ер Шойынға» (1929) арқау болған да өзі жақсы білетін ауыл өмірі, кедейдің сана - сезімі, таптық күрес еді. «Ер Шойын» - жазушының ғұмырлық тақырыбын белгілеген, өзінің талабы мен талантына сенім туғызған ерекше мәні бар жинақ.

Белгілі сыншы - ғалым З. С. Кедрина жазушының өнер жолын саралай келіп, оны тың тақырыптарға алдымен баратын батылдығын, жаңашылдығын «творчестволық барлауда» деп, басып айтты. Жинаққа кірген тұңғыш шығармасы «Сәрсен мен Боқаш» (1927 - 1928), «Ер Шойын», «Қан», «Қашқын» сияқты әңгімелерінде ауылда өтіп жатқан таптық тартысты нақтылы оқиға - көріністер арқылы реалистік дәлдікпен бейнеледі. Жазушының ыстық ықыласы қаналған тап жағында. Көркем образдар арқылы: «Адал еңбегінің қызығын көрмей, «адам!» деген ардақты атқа қолы жетпей қиналған адал жандар осылар!» - дейді жазушы. Байдың малын бағып, байлығын көбейтіп жүрген құтты қол жандар жас жазушыға адамгершілік пен ақиқаттың өзіндей көрінеді. Осындай жандарды сүліктей сорып, басын көтертпей езгіге салған үстем тапты автор жиіркенішпен, жек көре суреттейді. Жазушының мақсаты айқын, мүддесі ашық - кімді жақтайтыны, кімді даттайтыны түсінікті. Таптық күресте қажыр - қайрат. Ұйымшылдық қажеттігін суреттеген «Ер Шойын» жинағы тартыстың әлі толастамаған кезінде шыққанын ескерсек, кітаптың әлеуметтік, тәрбиелік мәні ерекше болғанын түсіну қиын емес.

Жас қаламгердің шығармаларында кейбір біркелкілікке құрылып, жинақтау сипаты, көркемдік мәнерлеу, тіл шеберлігі жетпей жатқанмен, алғашқы қадамынан - ақ автордың азаматтық белсенділігі, мақсатының айқындығы анықтала түседі.

Бірақ Ғ. Мұстафиннің ізденісі жеңіл болды, қиыншылыққа кездеспеді десек, шындықтан ауытқыр едік. Жас кезінде жүйелі білім ала алмаған жазушыға өмір – білім бұлағы, еңбек - өнер шырағы болды. Баяу қалыптасып, жеңіл шығармалар да жазды, бірақ тынымсыз еңбек, іздену, оқу білімді, парасатты, қайраткер жазушыға айналдырды.

Жаңа кітаптың қуанышы басылмай жатып, өмірді терең зерттеу қажеттігін түсінген қаламгер Қарағанды қаласындағы қайнаған еңбек майданына (1930) араласып кетеді – үш жыл шахтада жұмыс істейді, жер қазады, токарь мамандығын игереді. «Мен келгенде, - дейді жазушы, - Қарағандыда бес - алты жаман барак қана, 30 - 40 жұмысшы ғана бар еді. Олар көмірді қайламен қазып, сыртқа темір шелекпен қол бұрау арқылы шығаратын. Шахта дегендері – бір ғана құдық».

1933 жылы Ғ. Мұстафин «Қарағанды пролетариаты» газетінің жауапты секретары қызметіне тағайындалады. Бірақ көп кешікпей қазақ тілінде «Қызыл ту» атты жаңа газеттің ашылуына байланысты Новосибирь қаласына ауыстырылады. Өмірлік тәжірибесі байыған, журналист ретінде қаламы төселген Ғ. Мұстафин 1938 жылы газет жабылысымен Алматыға көшіп келеді. «Бұл менің тоғыз жыл бойы жазушылықтан қол үзіп кеткен, қайта оралған шағым», - деп жазады Ғабең.


Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Ғабит Мүсірепов өмірі мен шығармашылығы
Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Бұқар жырау Қалқаманұлы өмірі мен шығармашылығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу