Қожанасыр хикаялары. Ақ көйлек
Қожанасыр бір күні түнде далаға шықса, есіктің алдында ағарып тұрған бір затты көреді. Жалма-жан үйіне жүгіріп кіріп, мылтығын алып шығып, әлгі ағарғанды атып тастайды да: «Не де болса ертең көрермін», - деп үйіне кіріп жатып қалады. Ертеңінде тұрып түндегі атқан нәрсесін қараса, өзінің жуып, жайып қойған көйлегі екен, мылтықтың оғы шұрық-тесік қып кетіпті. Қожа көйлегін ары-бері айналдырып көріп тұрып: «Апырай, көйлегімнің ішінде өзім болмағаным шүкір, егер де өзім болсам не болар едім?» - депті.