Ертегі. Үш қыз
Бір кедей әйелдің үш қызы болыпты. Солардың қарнын тойдырып, киіндіріп, қатарынан кем қылмай өсіру үшін әйел күндіз-түні тыным таппай еңбектеніпті.
Қарлығаштың балапандарындай қауырсындары қатып, қыздар бой жетеді. Ай жүзді аруларға елдің көзі түспей қойсын ба? Бірінен соң біріне құда түсіп, қыздар ұшқан ұясын тастап, әрқайсысы өз алдына тұрмыс құрады.
Әйел де қартайып, босағасында жалғыз қалады. Ермегі – елгезек тиін ғана. Көңілін қайғы басса шер тарқатып, әңгімелесетіні де сол тиін екен.
Осылай күн артынан күндер өтеді. Бірде кемпір науқастанып, төсек тартып жатып қалады. - Досым, тиін, сен қыздарыма хабар жеткіз. Көзімнің тірісінде бақұлдасып (бақұлдасу-бақұл: өлетін адамға айтылатын қоштасу сөз) қалайын, - дейді кемпір.
Тиін, ең алдымен, кемпірдің үлкен қызына келіп, оның тілегін жеткізеді. - Қап, барар едім. Бірақ мына екі керсеңді (керсең-үлкен шара, тегеш, тегене) тазалап жатыр едім, - дейді үлкен қызы қолы тимей, мұрнынан тіреліп жатқандай кейіп білдіріп. - Сен екі керсеңді тазалап алайын дейсің бе? – дейді тиін ашуланып. – Онда мәңгі бақи солардан айырылмай өт.
Осыны айтқанда, үстел үстінде тұрған екі керсең жерге қарғып түсіп, бірі қыздың артынан, екіншісі артынан жабысады да, қыз гүрс етіп құлап, үлкен тасбақаға айналады.
Тиін енді ортаншы қызға жетіп, анасының хабарын айтады.
Ортаншы қыз: - Ойпырмай, анама қазір-ақ шауып жетер едім-ау. Бірақ, жәрмеңкеге мата тоқып апаруға үлгере алмай жатқаным, - деп күйінгей сыңай танытады.
Тиін ызаға булығып: - Мата тоқып жатыр едім дейсің бе? Онда мәңгі бақи соны тоқып өт! – дейді де, жүріп кетеді.
Ортаншы қыз өрмекшіге айналады да, жорғалай жөнеледі.
Тиін асығып кемпірдің кенже қызына келеді. Ол қамыр илеп жатыр екен. Қайғылы хабарды естіген қыз ләм-мим демей, қолының қамырын да тазаламастан, жан ұшырып анасына жүгіреді.
Анасының көзінің тірісінде жеткен қыз оның ақырғы сәттерін қуанышқа бөлейді.
- Менің қадірлім, алтыным, адамзатқа әрдайым қуаныш әкелуші бол, - дейді тиін қызға. – Сонда адамдар сені, сенің немере, шөбереңді, ұрпағыңды ардақтайды.
Шындығында, солай болып, кіші қыз көп жасап, оны барлық адам қастерлеп, сүйіп өтіпті.
Күндердің күнінде кіші қыздың да өмірмен қоштасар мезгілі жетіп, ол бал арасына айналыпты.
Аралар бүкіл жаз бойына тыным таппай, адам баласы үшін бал жинаумен әлек. Қай уақытта қарасаң да, оның алдыңғы екі аяғы тәтті қамырға малулы. Ал қыс айында айналадағы барлық жәндік ғайып болғанда, ара омартаға – жылы ұяға кіріп алып, жан рахатын табады, оянса бал мен қант жейді.