Реферат: Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы халық-азаттық көтерілісі
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтерілісі
Мазмұны
1 Көтерілістің шығу себептері
2 Көтерілістің басталуы
3 Көтерілісшілердің Хан ордасын қамауға алуы
4 Тастөбе түбіндегі шайқас
5 Көтерілісшілердің күшін біріктіру әрекеті
6 Көтерілістің жеңіліске ұшырауының себептері мен салдары
7 Көтерілістің тарихи маңызы
8 Пайдаланылған әдебиет
Көтерілістің шығу себептері
1836—1838 жылдары Бөкей хандығында аса ірі халық-азаттық көтерілістерінің бірі болып өтті. Ол көтерілістің басты себебі жердің жетіспеушілігі еді. Мәселен, Ішкі Ордадағы 20 мыңға жуық отбасы шаруашылығы жер тапшылығынан зардап шекті. Ең жақын шұрайлы жерлердің бәрін де ірі помещиктер мен байлар өзара бөлісіп алып қойған болатын. Қатардағы қарапайым қазақтар жерді солардан жалға алып пайдаланды. Қазақ ақсүйектері орыс помещиктерінен жалға алған жерлерді өздерінің жеке қалауы бойынша қазақ ауылдарына көтеріңкі қымбат бағаға тағы да қайыра жалға беріп отырды. Сөйтіп қазақтардан әр түрлі айыппұлдар мен алым-салықты еселеп алып тұрды.
Ресей помещиктері Юсупов пен Безбородконың Каспий теңізі жағасында көлемі орасан зор жер телімдері болды. Жайық әскери кеңесі Үлкен және Кіші Өзен бойындағы және Қамыс-Самара көлдерінің төңірегіндегі жерлерді өз пайдасына басып алды. Жайық бойындағы жерлерді Жайық казақ әскерлері иемденді. Қазақтардың кесіп өтіп, жағалаудағы жайылымдарды пайдалануына қатаң тыйым салынды. Далалық қазақтар ішкі жақ бетке, ішкі жақ қазақтары далалық сыртқы жақ бетке өте алмады. Жердің жеткіліксіздігі салдарынан қазақтар жерді Астрахан губерниясының шаруаларынан, Жайық казақтарынан, жер иеленуші ірі помещиктер мен қазақ байларынан қымбат бағамен жалға алып пайдалануға мәжбүр болды. Жәңгір хан тарапынан салынатын алым-салық түрлері де еңсені езіп жіберді. Ол өз жеке басының пайдасына жинап алынатын бірыңғай салық түрін енгізді. Патша үкіметі ханның өзі жасап алған фискальдық қаржы жүйесіне араласпады.
Көтерілістің басталуы
1836 жылы халық көтерілісі басталды. Оның қозғаушы күші қатардағы бақташы қазақтар болды. Көтеріліс туының астына бірқатар старшындар да жиналды. Сұлтандар мұның ақыры не болар екен деп, әліптің артын бағып, бейтарап қалды немесе көтерілісшілерге қарсы шықты.
Халық көтерілісін елге белгілі беделді батырлар Исатай Тайманұлы (1791-1838) мен Махамбет Өтемісұлы (1803-1845) басқарды. Оның екеуі де беріш руының жайық атасынан болатын.
Исатай Тайманұлы 1791 жылы дүниеге келген. 1808 жылы Жайықтың сол жағалауында қатты ашаршылық болған кезде оның руы жақсы жағдай іздеп, Ішкі Ордаға өтіп кетуге мәжбүр болған еді. Исатай 21 жасында өз руының жайық атасына старшын болып тағайындалады. Ол өз қандастарының арасында орасан зор бедел мен сый-құрметке бөленді.
Исатай Тайманұлының ең жақын серігі ақын Махамбет Өтемісұлы болды. Ол татар және орыс тілдерін жақсы білетін. Біраз уақыт Орынбор қаласында тұрған. Махамбет Өтемісұлы белгілі орыс жазушысы әрі этнографы В. И. Дальмен жақсы таныс болды. В.И. Даль Орынбор генерал-губернаторының жанындағы ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік қызметін атқаратын. Махамбет саяхатшы ғалым Г.С. Карелинмен де тығыз қарым-қатынас жасап тұрған. Г.С. Карелин әр кездері Ішкі Ордада және Орынборда қызмет істеген болатын. Махамбеттің патша әкімшілігінің қолшоқпары хан, сұлтандар мен оның төңірегіндегілердің озбырлығын айыптайтын жалынды жырлары барлық қазаққа таныс.
«Өздеріндей хандардың,
Қарны жуан билердің
Атандай даусын ақыртып,
Лауазымын көкке шақыртып,
Басын кессем деп едім,
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім,
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім!», —
деп Махамбет халық-азаттық күрестің мақсаты туралы шабыттана жырлады.
1836 жылғы ақпанда көтерілісшілер Жәңгір ханға қарсы ашық- таншық шабуылға шықты. Мұның басты себебі Исатай Тайманұлының Хан ордасына қыр көрсетуі болды. Ол ханның шақыруына барудан үзілді-кесілді бас тартты. Оның үстіне, өзіне қарасты ауылдарды қыстаудан көшіріп алып, көтерілісшілердің үлкен жасағын топтастырды.
1836 жылғы көктемде көтерілісшілер қосынына Қарауылқожа Бабажанұлы бастаған қарулы хан жасағы жақын келді. Оған қарсы Исатай Тайманұлы жақсы қаруланған 200 жігітті өзі бастап шықты. Ол қолына ту ұстап шығып еді. Қарсыласын жекпе-жек шайқасқа шақырды. Бірақ Қарауылқожа Бабажанұлы да, оның төңірегіндегілер де жекпе-жек шайқастан бас тартты, батырдың ұсынысын қабыл алмады. Хан жасағы үлкен шайқасқа шығуға бата алмай шегініп кетті. Көтерілісшілер өздерінің қосынына қайтып оралды. Исатай Таймановтың көтерілістің басшысы ретіндегі атағы бүкіл Кіші жүзге мәлім болды.
Жәңгір хан мен оның төңірегіндегілер Исатайға жала жабуға көшті. Бір барымта кезінде сойылға жығылып қаза тапқан бір жылқышы қарттың өліміне Исатайдың және оның адамдарының қатысы бар дегенді дәлелдеуге тырысты. Исатай Тайманұлы бұл жаланы Жәңгір ханның келісімімен Қарауылқожаның ұйымдастырғанын жақсы түсінді. Қарауылқожаның үстінен Жәңгір ханға шағым түсіру ұйғарылды.
1836 және 1837 жылдары шағым мен петиция беру арқылы Исатай Тайманұлы Жәңгір хан және оның төңірегіндегі жандайшаптарды қалың көпшіліктін көз алдында әшкерелемек болды. Шағым-петиция жолдау жаппай наразылық шеруіне ұласты. Мұндай алғашқы шеруге 1836 жылы өте көп адам қатысты, Жәңгір хан халықтың қаһарынан шошып кетті. Исатай батыр халық қалың жиналған Толыбай шатқалында өз өтінішін табыс етті. Жәңгір хан оның айтқан талаптарын түгел тындап шығып, қордаланып қалған проблемаларды 12 күннің ішінде шешуге уәде берді. Бірақ ол уәдесінде тұрмады. Сөйтіп Жәңгір хан халық алдындағы беделінен айырыла бастады.
1836 жылдың күзінде Исатай Тайманұлы әр түрлі рулардың ауылдарын аралап жүріп, Жайық қазақ әскерлерінің иемденіп отырған жерлерін өз беттерінше тартып алуға шақырды. Көтеріліс көсемінің халық арасындағы беделі мен абыройы күн санап арта берді. Көтерілісшілер хан жасағына есеңгірете тойтарыс берді. Ханның төңіресіндегі жандайшаптардың бірі би Б. Құдайбергенұлы серкеш руының қазақтарына шабуыл жасады. Серкештер көтерілісшілердің жағында еді. Исатай серкештерге шабуыл жасағандарды жазалау үшін құрамында 270 сарбазы бар қарулы жасақты жұмсады. Олар әлгі бидің ауылын шауып, толық күйзелтіп кетті.
1837 жылдың бас кезінде көтерілісшілерге байбақты руының бе- делді старшыны Жүніс Жантеліүлының қолы келіп қосылды. Енді көтеріліс аумағының шекарасы кеңейе түсті. Көтерілісшілердің қатары да ұдайы арта берді. Көтеріліс ауқымынан қауіптенген Орынбор шекара комиссиясы Исатай Таймановты ұстап алып, ісін сотта карауға тапсырма береді. Бұған қарсы көтерілісшілердің басшысы генерал-губернатор В.А. Перовскийге шағым жасады. Өлке басшысының қазақтарға деген көзқарасы жаман емес еді. Бірде үйлену тойын өткізіп жатқан қазақтарға шабуыл жасап, тонап кеткені үшін Перовскийдің жүзбасы Бухматов пен бір топ қазақты мың адамдық саптың ортасынан өткізе дүре соққызып, оларды әскери қызметтен біржола қуып жібергені белгілі болатын. Бірақ ол өлке билеушісі ретінде патша үкіметінің отаршылдық саясатын жүргізді.
Исатай батыр оған жолданған өтініш-шағымында былай деп жазды: «Біздің өтініштеріміз бен шағымдарымызга ешкім де құлақ аспайды. Біздің мал-мүлкімізді талан-таражға салып, тонап кетеді. Сөйтіп біз император тақсырдың қол астына адал ниетпен берілгендігіміз жөнінде ант қабылдаған бола тұрсақ та, күн сайын қорқынышты үрей кешеміз».
1837 жылдың жазы мен күзінде көтерілісшілер ірі байлардың ауылдарына шабуылды күшейтті. Сол жылы күзде құрамында 200 сарбазы бар жасақ Қарауылқожа Бабажанұлының ауылын шауып, құл-талқан етіп кетті. 50 адам, соның ішінде 2 сұлтан тұтқынға алынды. Көтерілісшілердің елеулі күші бірте-бірте Хан ордасына жақындап келе жатты. Көтерілісшілер Жәңгір ханды жақтаушылардың мал-мүлкі мен шұрайлы жайылымдарын басып алумен болды.
Көтерілісшілер Астрахан губерниясы Чернояр уезінің аумағын да басып өтті. Онда қалмақтар мен қарақалпақтардың және татарлардың ауылдарына шабуыл жасап, талқандап кетті.
Көтерілісшілердің келесі бір шағын жасағы Балшықты қамалы маңында сұлтан Медетқали Шоқаұлының ауылын шауып кетті. Сұлтанның дүние-мүлкі мен малын олжалады.
Көтерілісшілердің Хан ордасын қамауға алуы
Көтеріліс
Исатай Тайманұлы бастаған көтерілісшілер 1837 жылғы қазанның аяқ кезінде Хан ордасына он шақырымдай жақын келді. Жәңгір хан да, оның төңірегіндегілер де қоршауда қалды. Көтерілісшілердің жалпы саны екі мың адамнан асатын еді. Алайда Исатайдың Хан ордасын күшпен басып алғысы келмеді. Көтерілісшілер Жәңгір ханнан Балқы және Қарауылқожа билерді өз төңірегінен қуып жіберуді, билікті ру старшындарының қолына беруді талап етті.
Жәңгір ханда үрей қалмады. Ол көтерілісшілермен келіссөз жүргізуге көшті. Ханның қолына жаңа талап-петиция табыс етілді. Онда, егер ханға қойылып отырған талаптар орындалмайтын болса, көтерілісшілердің бүкіл ауыл-аймағымен Ішкі Орданы тастап, көтеріле көшіп кететіні ескертілді. Оған халық арасында ықпалды 300 рубасы мен старшын және батырлар қол қойды. Бұл жағдай Жәңгір ханның жағдайын күрт нашарлатып жіберді.
Патша үкіметінің әкімшілігі де қатты алаңдады. Көтерілісшілер Жайықтан бұзып-жарып сыртқы бетке көшетіндей күн туа қалса, оған қарсы алдын ала шұғыл шаралар қабылдауға кірісті. Шекара бекінісі күшейтіле бастады.
Исатай Тайманұлы ханмен екі арадағы шиеленісті жағдайды бейбіт келіссөздер арқылы шешуге болатынына патша әкімшілігін сендіруге тырысты. Батыр уақыттан ұтуды ойластырды. Қыс түсіп Жайықтың мұзы қатқан бойда оның сол жақ бетіне көшіп кетпек болды. Ал бұл екі арада Орынбор әкімшілігі мен Жәңгір хан қазақтардың әскери күштерін шұғыл түрде топтастырып үлгерді. Жазалау шараларын жүзеге асыратын Жәңгір хан жасақтары да әзір болды. Сөйтіп қысқа мерзімнің ішінде көтерілісшілерге қарсы 1000-нан астам адам шоғырландырылды.
Тастөбе түбіндегі шайқас
Шиеленістің қан майданда шешілетін уақыты таяп келді. 1837 жылғы 15 қарашада Тастөбедеген жерде көтерілісшілер мен жазалаушы отрядтар арасында кескілескен қанды шайқас болып өтті. Көк сүңгіні шебер пайдалана білудің, жарамды жақсы аттарды тандап мінудің, шайқас өткен жер жағдайымен бес саусақтай жақсы таныс болуының нәтижесінде көтерілісшілер ұрыстың алғашқы жартысында басымдық танытып, едәуір жеңіске жетті. Алайда көтерілісшілерді жазалаушылар зеңбірекпен толассыз атқылай бастады. Көтерілісшілер бұған шыдай алмай, кейін шегінуге мәжбүр болды. Олардың соңынан бірнеше шақырымға дейін қуғын жасалды. Ондаған адам қаза тапты. Қуғын кезінде көтерілісшілердің біраз малы жау қолында қалды.
Тастөбе түбіндегі жеңілістен кейін көтерілісшілер шағын топтарға бөлініп, Ішкі Орда аумағына тарап кетті. Көтерілісшілердің күші олсіреп, моральдық рухы да төмен түсті. Жазалаушы әскер барлық күшті көтерілістің басшысын қолға түсіруге жұмсап бақты. Исатайдың басына 500 сом күміс ақша тігілді.
1837 жылғы 13 желтоқсанға қараған түні көтерілісшілер Жайық өзенін кесіп өтті. Сарайшық бекінісінен сұлтан Баймағамбет Айшуақұлы 80 қазақ және өзінің адамдарымен көтерілісшілердің соңына түсті. Қуғын кезінде бірнеше көтерілісші тұтқынға алынды. Сұлтан Айшуақұлы қанша әрекет жасаса да көтеріліс басшысын қолына түсіре алмады. 1838 жылдың бас кезінде Исатай Тайманұлы өзінің қасына ерген жасағымен бірге Үлкен Борсықты құмындағы Шекті руының шетіне ілікті. Бұл жерде оған басқа да қазақтар топ-тобымен келіп қосылды.
Көтерілісшілердің күшін біріктіру әрекеті
Көтеріліс
Көктем шығысымен казақтардың қозғалысы жер-жерде қайтадан күшейе түсті. Мәселен, Елек өзенінің бойында Жоламан Тіленішұлының жасағы іс-қимыл жасады. Арал-Каспий аралығында Жүсіп батырдың жасақтары пайда болды. Ал Орталық Қазақстан далаларында «бүлікшіл сұлтан» аганған Кенесары Қасымұлы бастаған аса қуатты көтеріліс кеңінен құлаш жайды.
Міне, мұндай жағдайда Исатай Тайманұлы Хиуа хандығынан бөлініп шыққан сұлтан Қайыпқали Есімұлымен күш біріктіруге шешім кабылдады. Сұлтан өзін хан деп жариялады. Оның жасағында 3000- га жуық сарбаз бар еді. Бұл екі жасақ бір-бірімен Ойыл өзенінің сағасындағы шекті руының ауылдарында қосылды.
Патша үкіметі үшін өте күрделі қауіпті жағдай қалыптасты. Оның үстіне бүкіл Кіші жүздің көтеріліске шыққан күштерін біріктіру ниеті де байқалды. Сондықтан Орынбор өлкесінің генерал-губернаторы қазақтардың қозғалысын басып-жаншу үшін ірі әскер құрамын аттандырды. Тау бекінісі жағынан бұған қосымша сұлтан Б. Айшуақұлының қосыны шықты. Оның құрамында Жайық полкінің 100 қазағы бар еді. Орынбордан шыққан подполковник Геке бастаған отрядта Орынбор қазақ полкінің екі жүз, Жайық қазақ полкінің жүз елу, шекара шебіндегі бекіністердің елу солдаты мен екі зеңбірегі болатын.
Көтерілістің жеңіліске ұшырауының себептері мен салдары
Жазалаушы отрядтың әскери-техникалық тұрғыдан басымдығы бірден байқалды. 1838 жылғы 2 шілде күні Қиыл және Ақбұлақ өзендерінің бойында көтерілісшілер мен жазалаушылар арасында шешуші шайқас өтті. Оның барысында көтерілістің басшысы Исатай Тайманұлы қаза тапты. Көтерілісшілердің қалған тобы кейін шегініп, дала қойнауына сіңіп кетті. Жазалаушы әскер олардың соңынан қуғын ұйымдастырды. Шайқаста көтерілісшілерден 80-ге жуық адам қаза тапты.
Исатай Тайманұлының қазасынан кейін көтеріліс бәсең тарта бастады. Жекелеген жасақтар Төменгі Жайық шекара шебіне таяу жерлерде, Ойыл өзенінің бойында ғана іс-қимыл көрсетіп жүрді.
Махамбет Өтемісұлы біраз уақыт бой тасалап, жасырынып жүруге мәжбүр болды. Кейінірек қазақтарды Жәңгір ханға және патша үкіметіне қарсы көтерілуге үгіттеді. 1845 жылы билеуші-сүлтан Баймағамбет Айшуақұлының адамдарымен қақтығыс кезінде қапылыста қазаға ұшырады. Көтеріліс басып-жаншылғаннан кейін оған қатысқандарды қуғындау басталды. Көптеген адамдарға өлімші етіп дүре соғылды. Көтерілісшілердің бірқатары каторгаға айдалды, мал-мүлкі тәркіленді. Көтеріліске неғұрлым белсене қатысқандар Шығыс Сібірге біржолата жер аударылды.
Көтерілістің жеңіліске ұшырауының негізгі себептері мынада еді: ең алдымен, қозғалыс алдын ала мұқият ұйымдастырылмады, оның айқын бағдарламасы болмады, көтеріліс жергілікті шашыраңқы сипат алды. Көтерілістің басшылары Кенесары Қасымұлы мен Жоламан Тіленшіұлы бастаған жасақтарымен байланыс жасай алмады. Патша үкіметінің әскерлері мылтық, зеңбіректермен жарақтандырылған еді. Кейде зеңбіректен үсті-үстіне бірнеше оқ атудың өзі көтерілісшілерді кейін шегінуге мәжбүр етті. Қазақтардың қолында ондай қару болған жоқ. Көтерілістің жеңіліп қалуының басты себептерінің бірі бұл жолы да, Сырым Датұлының жасақтары сияқты, екі бағытта — әрі патша үкіметіне, әрі хан билігіне қарсы күрес жүргізілді. Мұның өзі көтеріліске қатысушылардың жағдайын әлде- қайда қиындата түсті. Оның үстіне, көтерілісшілерді казак жасақта- ры мен түрақты орыс армиясы бөлімшелері жан-жағынан түгелдей дерлік қоршауда үстады. Кіші жүздің далалық бөлігіндегі қазақтардан көмек күту де мүмкін болмады. Өйткені Жайықтың сырт жағындағы қандастармен байланыс жасауға шекара шебіндегі орыс әскерлері жол берген жоқ.
Көтерілістің тарихи маңызы
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басқарған көтерілістің орасан зор тарихи маңызы болды.
Бұл патша үкіметі құрған жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында қазақтардың отаршылдыққа қарсы ірі баскөтеруі еді. Оның ұлт-азаттық сипаты басым болды. Көтеріліс аяусыздықпен басылғаннан кейін де жалғаса берді. 1842 жылы Жәңгір ханға қарсы Аббас Кошайұлы мен Лаубай Мантайұлы бастаған баскөтерулер болып өтті.
Жәңгір хан көтерілісшілердің кейбір талаптарын орындауға мәжбүр болды. Атап айтқанда, халықтан жиналатын алым-салық көлемін едәуір жеңілдетті. Патша үкіметіне наразылық білдірген старшындардың пікірімен санасу керектігін түсінді.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр — 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Қабылдинов З.Е., Қайыпбаева А.Т.Алматы: Атамұра, 2008. — 352 бет, суретті, карталы.ISBN 9965-34-816-2