Реферат. Қола дәуіріндегі Қазақстан

Oinet.kz 05-09-2020 3707

Мазмұны

1 Дәуірдің кезеңделуі

2 Орталық Қазақстанның қола дәуірі

3 Андронов мәдениетінен Беғазы-Дәндібай мәдениетіне өтпелі кезең ескерткіштері. Беғазы-Дәндібай мәдениеті

4 Шығыс Қазақстанның қола дәуірі

5 Қоныстары

6 Қола дәуіріндегі Солтүстік және Батыс Қазақстан

7 Қола дәуіріндегі Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңірі

8 Пайдаланылған әдебиет


Дәуірдің кезеңделуі


Тас ғасырынан кейін қола дәуірі келді. Біздің жерімізде қола дәуірі б.з.д. 3-мыңжылдықта басталған. Қола дәуірі адамзат баласы тарихында ерекше орын алады. Бұл дәуірде адамзат металды игерді. Ал өндіріске металдан жасалған құралдардың енуі еңбек өнімділігін арттырды, шаруашылықтың жаңа түрлерінің пайда болуына себеп болды, жаңаша әлеуметтік қатынастарды қалыптастырды. Осы мәселелерді таратып, талдап көрейік.

Адамзат баласының ой-санасы, өмір сүру тәжірибесі заман өткен сайын өсіп, өзгеріп отырды. Өндірістік тәжірибе ұрпақтан-ұрпаққа берілді. Сөйтіп, қоғамдық дамуда көбіне алға басу, ілгерілеушілік болып отырды. Қоғамдық дамуды біз тек ұдайы алға басу тек сатылап биікке әрлеу деп түсінбеуіміз керек. Адамзат қоғамының тарихында әр түрлі себептермен (табиғи зілзалалар, соғыстар, жаппай қуғын-сүргіндер, формациялардың ауысуы, т.б.) үлкенді-кішілі шегіністер де болып тұрды. Бірақ бұлар адамзат тарихындағы ілгерілеушіліктің уакыттық тоқыраулары, мезгілдік шегіністері еді.

Сонымен жер жүзінде адамзат баласы металды қай кезде және кай жерлерде игерді? Бұрынырақта ең көне металлургияның отаны Иран жері деп келген. Онда б.з.д. 4500—4000 жылдарға жататын мыс және күміс заттар табылған. Кейініректе Түркияның Анадолы жерінен б.з.д. 7-мыңжылдыққа жататын мыс және қорғасын заттар табылған. Бұл — неолит заманында өндірілген металл бұйымдар.

Металлургияның ең көне орталықтарына Қазақстан жері де кіреді. Оның санатында қазіргі Жезқазған маңайы, Қалба жоталары, Алтай қойнауы бар. Өндірісте, тұрмыста ең бірінші пайдаланылған металл — мыс. Адамдар алдымен табиғатта кездесетін таза мыс қорытпасын пайдаланған. Осындай энеолит дәуірінен бастап табиғи таза мыстан жасалған ұсақ құралдар — біздер, жебе ұштары, мыс тілікшелер біздің жерімізде жиі кездеседі. Ал енді тотыққан мыстан металл қорыту тек қола дәуірінде басталды.Қола табиғатта таза күйде кездеспейді. Ол, негізінен, мыс пен қалайының қосындысынан жасалады. Қазақстан жерінде қола дәуірінде, ерте темір дәуірінде мыс, қалайы, алтын өндірген көне кеніштер өте көп. Мысалы, ондай кеніштер қазіргі Шығыс Қазақстанда (Риддер, Бұқтырма, Қазаншұңқыр, т.б.), Орталық Қазақстанда (Жезқазған маңайында, Қызылеспе, Қарқаралы, Ақшатау тауларында) болған. Бұл сонау қола дәуірінен бастап көне заманда біздің жерімізде металлургия өндірісінің өте күшті дамығандығын көрсетеді.

Қазақстанның қола дәуірі, шамамен б.з.д. XVIII—VIII ғасырлар аралығын қамтиды. Кең тарихи-мәдени мағынасында қола дәуірінің алдыңғы (б.з.д. XVIII —XVI ғғ.) ЖӘНЕ ортаңғы кезеңдерінде (б.з.д. XV—XII ғғ.) тұстас. Қазақстанның қола дәуіріне үңілмес бұрын «Андронов мәдениеті» деп аталатын мәдениетке тоқталайық.

Еуразия даласында қола дәуірінде өмір сүрген адамдардың қалдырған мәдениеті тарих ғылымында «Андронов мәдениеті» деп аталады. Осы мәдениеттің алғашқы ескерткіштері «Андронов» деген селоның жанында ашылған. Бұл село Оңтүстік Сібірдегі Ачинск каласының жанында орналасқан. Бүгінгі таңда Андронов мәдени- тарихи бірлестігінің қола заманында өте кең таралғандығы белгілі болып отыр. Бұл ендік бойынша, Жайық өзенінен бастап, Енисей өзеніне дейінгі аралықта, ал бойлық бойынша, Батыс Сібір орманды алқабынан бастап, оңтүстікте Хорезмге, Сырдың төменгі ағысына дейін таралды. Олар Тянь-Шаньға, Ферғанаға, тіпті Вахш өзенінің төменгі сағасына дейін барған екен. Бұл мәдениет құрамына Қазақстан жері түгелімен кіреді.

Қола дәуірінде Қазакстан жерінде бірінен соң бірі жалғасып келетін екі мәдениет болған. Оның көнесі — Андронов мәдениеті. Ал б.з.д. XII—VIII ғасырларда соңғы қола дәуірінде Беғазы-Дәндібай мәдениеті қалыптаскан.

Орталық Қазақстанның қола дәуірі


Қазақстанның қола дәуірі ескерткіштерінің ең көп таралған және жақсы зерттелген аймағы — Орталық Қазақстан. Бұл аймак қола дәуірінде адамның өмір сүруіне өте жайлы болды. Онда: Қарқаралы, Баянауыл, Ұлытау, Атасу, Көкшетау, Имантау, Жақсы-Жаңғыз- тау, т.б. кішігірім таулар бар. Бұл таулардың өзен-бұлақтарының бірі солтүстікке, бірі оңтүстікке қарай ағып жатады. Оның үлкендері — Есіл, Нұра, Сарысу, Торғай өзендері. Біз бүгінге дейін Бұл өлкелерде қола дәуірінде қандай тайпалар өмір сүргендігін білмейміз. Археология ғылымында осындай аты белгісіз жұрттарды солардың қалдырған археологиялық мәдениетінің атымен атайды. Қола дәуірінде Қазақстан жерінде Андронов мәдениеті таралғаны белгілі. Біз Бұл кезеңде өмір сүрген тайпаларды шартты түрде «андрондықтар» деп атаймыз.


Орталық Қазақстанды археологиялық жағынан жоспарлы, нысаналы зерттеу 1946 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының құрылуымен байланысты. Оны ұйымдастырған және 80-жылдардың басына дейін баскарған Әлкей Қақанүлы Марғүлан болатын. Ә.Х.Марғүланның кезеңдеуі бойынша, Орталық Қазақстанның қола дәуірі ескерткіштері екі мәдениетке — Андронов және Беғазы-Дәндібай мәдениеттеріне жатады. Андронов мәдениеті екі кезеңге бөлінеді: а) алдыңғысы—Нұра кезеңі; б) ортаңғысы—Атасу кезеңі. Нұра, Атасу өзендері атымен аталады. Андронов мәдениеті мен Беғазы-Дәндібай мәдениетінің арасында өтпелі кезең бар. Өтпелі кезеңнің мерзімдемесі — б.з.д. XII—XI ғасырлар. Беғазы-Дәндібай мәдениеті б.з.д. X—VIII ғасырлар, Бұл соңғы қола дәуіріне жатады.

Нұра кезеңінін ескерткіштерін, негізінен алғанда, жерлеу орындары — көне қорымдар құрайды.

Жерлеу орындары кішігірім қазандай, жалпақ тастарды жерге жартылай батырып орнатқан қоршау түрінде болып келеді. Тас қоршаулардың пішімі әр түрлі, киіз үйдің орны сияқты дөңгелек, тіктөртбүрышты, кейде тіпті шаршы (квадрат) түрінде де кездеседі. Әдетте, қоршаудың орта шенінде қабір болады. Қабір қабырғалары кішігірім жалпақ тастардан қаланған тас сандық сияқты. Тас сандық үсті (беті) бір немесе екі-үш жалпақ тастармен жабылады. Кейде тас сандықтың қабырғалары да тігінен қойылған үлкен жалпақ тастардан жасалады.


Бұл дәуірде көбінесе өлген адамның сүйегін жартылай өртеп қойған. Адамның денесін қабірден тыс жерде өртеп, содан соң күйген сүйектерін қабірге жерлеген болуы керек. Өйткені адамның сүйектерімен қатар қойылған қыш құмыраларда, әшекей заттарда, қару-жарақтарда оттың ізі, белгісі жоқ. Нұра кезеңінін кейбір зираттарында адамды өртемей жерлеу ғұрпы да кездеседі. Ақтоғай ауданының аумағында зерттелген «Қанаттас» деген жерлеу кешенінің қоршауында адамды қабірдің ішіне кол-аяғын бүгіп отырғызып жерлеген. Адамды қол-аяғын бауырына алғызып отырғызып жерлеу қола дәуірінің басқа да ескерткіштерінде сирек болса да кездеседі. Кейбір андрондықтар «адам өлгеннен соң Жер-ананың жатырына да солай орналасуы»қажет деп есептеген болуы керек. Нұра кезеңінін қоршауларында адаммен бірге қыш құмыраларды, малдың етін қойған. Андронов дәуірінің Атасу кезеңінін ең көп зерттелген ескерткіштері — сол жерлеу орындары. Оның аса белгілілері — Айшырақ, Саңғыру-ІІ, Былқылдақ, т.б. Атасу кезеңінің жерлеу орындары да Нұранікіндей дөңгелек, төртбұрышты қоршаулар болып келеді. Сондықтан алдыңғы кезеңнің көп дәстүрлері мұнда да жалғасын тапқан. Атасу кезеңінде адамды сол күйінде жерлеген, өртеген сүйектер өте сирек кездеседі. Бұл кезеңнің қабірлері, негізінен, үлкен қақпатастардан салынған тас сандықтар. Кейде әншейін жер қабір, кейде қабір — төрт ағаштан жасалған рама түрінде де кездеседі. Қабірлер, әдетте, ұзына бойына шығыстан батысқа қарай бағытталған. Атасу кезеңінде сонымен қатар қос кабірлер кездеседі. Бұл бір қоршаудың ішінде қатарынан қойылған екі тас сандыққа екі адамды жерлеу салты.

Атасу кезеңінде бір қоршаудың ішінде бірнеше қабір болады. Бұл бір атаның баласы жерленген патриархалдық жерлеу орындары. Атасулықтар адамды қол аяғын бүгіңкіреп, бір қырынан, көбіне сол жамбасына жатқызып жерлейтін болған.


Атасу кезеңінде корымдардың, қоныстардың маңайында өлгендерге мінәжат ететін арнаулы орындар пайда болды. Бұлардың диаметрі 1,5—3 м аралығында. Маңайын үлкен тастармен көмкерген. Шығыс жағынан мінәжат орнына келетін жолға тас төселген. Мінәжат орнында заттардың шірінділері (сүт тағамы болса керек), әр түрлі құралдар кездеседі.


Атасу кезеңінде халық саны біршама өскен болатын. Оған бұл дәуірге жататын кешендерде жерлеу орындарының өте көп болуы дәлел, кейде бір жерден сол заманның 100-ден астам зираттары кездеседі. Ру адамдарының ішінде мүлік теңсіздігінің пайда бола бастағанын осы Атасу кезеңі ескерткіштерінен байқаймыз. Бір жерлеу орнынан өте жұпыны ғана заттар шықса, енді біреулерінен алтынмен қапталған, қола әшекейлер көп кездеседі, бір қабірге кейде 6—8 қыш ыдыс қойылады.

Осы кезде рудың ішінен ең жақын аталас туыстардың үлкен патриархалдық отбасы бөліне бастайды. Айшуақ кешенінің қоршауы соның дәлелі. Мұнда 6 адамды бір-ақ үлкен зиратқа жерлеген, кейін қайтыс болған 4 адамды әр кез сол коршауға жапсарлас етіп салған қоршауларда жерлеген. Бұл дәстүр кейінгі қазақтарға дейін жеткен. Жақын туыс адамдарды бір зиратқа қою, не кейін қайтыс болған туыстарының зиратын бұрын дүние салған аталарының, туыстарының зиратына жапсарлата салу қазақта қазірге дейін кездеседі. Нұра кезеңінің қыш ыдыстарының иығы дөңгеленіп келсе, Атасу кезеңі ыдыстарының мойнынан бүйіріне ауысар тұсы тіктеу болып келеді. Нұра кезеңі ыдыстарындағы өрнек мойнынан бүйіріне дейін біртұтас болып келсе, Атасу ыдыстарында өрнек мойнында, ортан белінде, кейде түп жағына да бедерленген.

Андронов мәдениетінен Беғазы-Дәндібай мәдениетіне өтпелі кезең ескерткіштері. Беғазы-Дәндібай мәдениеті


Бұл кезеңде Андронов дәуірінің кейбір белгілері сақталғанымен, жаңа сипаттағы, әжептәуір биік (1—1,5 м) оба-қоршаулар, сыртын айнала үлкен гранит тастармен көмкерген ірі-ірі жерлеу орындары пайда бола бастады. Өтпелі дәуірге тұрқы қысқа, бүйірі шар тәріздес томпайған, түбі тегіс қыш ыдыстар тән. Мысалы, ыдыстың бүйірінің көпшілік аумағында — ішінде көлбеу сызықтары бар (штрихталған) ленталар осы өтпелі кезеңде пайда болды да, Беғазы-Дәндібай заманында ең жиі кездесетін өрнекке айналды. Өтпелі кезең ескерткіштері өте аз зерттелген. Өтпелі кезеңде түрлі түсті тастардан жасалатын ұсақ моншақтар пайда болды. Беласар кешенінде адаммен бірге қойылған 4 ыдыс, басқа да ғұрыптық заттар сол күйінде қабірде жатыр. Бірақ адамның сүйегі жоқ. Бұл — алыста жау қолында қаза тауып, сүйегі табылмаған адамға қойылған символикалық жерлеу орны. Мұндай ғұрып ерте темір дәуірі халықтарында да болған. Бұл ғұрыптың жаңғырығы қазаққа да жеткен. Ертеде майдан шебінде каза тауып, сүйегі жау қолында кетіп, не табылмаған жағдайда, сол адамның тіпті бір бармағы табылса да, не сауытының бір бөлігі табылса да, зиратына соларды көметін ғұрып болған. Орта қоладан соңғы қолаға өтпелі кезеңге ірі қорған-қоршаулардың, ірі гранит тастар мен шеті көмкерілген үлкен қоршаулардың пайда болуы тән. Бұлар патриархалдық-отбасылық қауымның ортақ жерлеу орны емес, Бұл ескерткіштер сол қауымның ішінен шыққан көсем, қолбасшы, ру басылардың зираты.

Орталық Қазақстанның қола дәуірінің ең соңғы кезеңі — «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» деп аталады. Оның хронологиялық шектері, өтпелі кезеңді қоса есептегенде, б.з.д. XII—VIII ғасырлар. Беғазы-Дәндібай мәдениеті ескерткіштерінің ең басты ерекшелігі болып өте жоғары дәрежеде дамыған тас архитектурасы. Бұл мәдениетке жататын үйлердің, жерлеу орындарының кұрылыстары өте ірілігімен, тас қашау, тас қалау өнерінің жетілгендігімен ерекшеленеді. Олардың қабырғалары екі қатар болып, тастар бір-бірімен иленген балшық арқылы байланыстырылып, ішкі және сыртқы жақтарына тастың тегіс бетін қаратып қалаған. XVIII—XIX ғасырдағы қазақтың тастан салған кыстау үйлерінің де қабырғасы осылай өрілген. Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын жерлеу орындарының көпшілігі — қорған-қоршаулар. Олардың пішімі кейде дөңгелек, кейде төртбұрышты болып келеді. Қорғандардың биіктігі 70—80 см- ден 1,5—2 м-ге дейін болады. Қорған тастан, қиыршық тас және топырақтан салынып, сырты үлкен қақпақтастармен көмкеріледі. Беғазы-Дәндібай кезеңінде үлкен патриархалды отбасыларға арналған, көп адам жерленген зираттардың орнына бір-ақ адам жерленген үлкен жерлеу құрылыстары кездеседі. Бұл осы кезеңдегі ру, тайпа көсемдерінің, беделді бай адамдардың зираты. Осы мәдениетке жататын қыш құмыралардың сипаттамасы мынадай: ернеуі тік, бүйірі шар тәріздес болып томпайып келген, түбі тегіс. Сол кезеңде көшпелі тұрмыска ыңғайлы ыдыстар көбейе түсті. Беғазы-Дәндібай құмыраларының өрнегі әр түрлі. Тарақ жүзді ою-өрнекпен салынған үшбұрышты, балдақ пішінді батырып салынған өрнектермен қатар тырнақпен, ұштаған таяқшамен салынған өрнектер де көп кездеседі. Батырып салынған таға сиякты өрнек, моншақ өрнек, түйін өрнек кездеседі. Беғазы-Дәндібай төлтума мәдениеті жергілікті негізде қалыптасты. Шаруашылық кәсіптің жаңа түріне көшу тұсында ірі-ірі мәдени кауымдар пайда болды. Зерттеулердің нәтижесі Орталық Қазақстанның дүние жүзіндегі ежелгі мәдениет орталықтарының бірі болғандығын айқындап берді.

Шығыс Қазақстанның қола дәуірі


Шығыс Қазақстанның қола дәуірі ескерткіштері төрт кезеңге белінеді. Олар:

1. Усть-Бөкен кезеңі (б.з.д. XVIII—XVI ғғ.).

2. Қанай кезеңі (б.з.д. XV—-XIII ғғ.).

3. Кіші-Красноярка кезеңі (б.з.д. XIII—IX ғғ.)

4. Трушниково кезеңі (б.з.д. IX—VIII ғғ.)

Қоныстары


Усть-Нарым селосы жанындағы қоныс Ертіс өзенінің жағасында. Екі үйдің орны қазылып, зерттелді. Үй жердің бетіне салынған. Көлбеу екі катар сырғауылдардан шатырша етіп үйдің ағаш қабырғасын тұрғызған. Содан соң оның үстіне қамыс, аң терілерін жапқан. Үйдің ортасында тас ошақ болған. Ал осы қоныста зерттелген тағы бір үйдің көлемі үлкен, ұзындығы 11 метр де, ені — 8 метр. Алдыңғы үйдегідей көлбеу бағаналардың ізі жоқ, үй жер бетіне ағаштан қималанып салынған. Тамақ істейтін, үйді жылытатын ошақ үйдің солтүстік бөлігінде орналаскан.Үйдің сыртында аулада тағы бір ошақ болған. Ол ашық жерде орналасқан, оның үстінде жай жаппа сиякты калқа болған болуы керек. Адамдар бұл ошақты жазда пайдаланған.

Бұл екі үйдің орнынан, күлтөкпелерінен мынадай заттар табылған: сүйек немесе мүйіз заттар — пышақ, біз, тері жұмсартқыш калақша, жылқының тобығынан жасалған адамға ұқсас бейне, асықтар, т. б. Пышақ малдың жілігінің жарықшағынан жасалса, біз кәріжіліктің қасындағы сүйектен, тері жұмсартқыш ұсқы өгіздің жақ сүйегінен жасалған. Жылкының тобығынан жасалған бейне адамның пошымына келеді. Тастан жасалған заттар: тас келсап, кетпен, дәнүккіш қалып, кен үгітетін балға, жұмыртка пішімді зат, қайрақ, ұршықтың басы, атқыш тас, тас құты, т. б. заттар. Балшықтан жасалған заттар, әр түрлі ыдыстардың сынықтары. Металл заттардан тек бір қола орақтың сынығы табылды.

Шығыс Қазақстанда зерттелген, сондай-ақ Кіші Красноярка, Трушниково қоныстарындағы, жерлеу орындарынан табылған, қоладан жасалған, тарихи-мәдени құнды заттар: қанжар, білезік, шот, кайла, жебелер, шокпардың бес емшекті басы (тас), найза ұшы, орақ, балта-шоттар, пышақтар. Қола дәуірінің соңына карай тайпалар арасында алыс-беріс күшті дамиды. Шығыс Қазақстандықтар бұл кезде, әсіресе бір жағынан Жетісуды, екінші жағынан Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалармен тығыз араласқан. Бұл олардың арасында қола, алтын, геометриялық өрнекпен өрнектелген қыш ыдыстар, мал түліктерімен ауыс-түйісінен, айырбасынан көрінеді.

Қола дәуірінде Шығыс Қазақстан жерінде тау-кен өнеркәсібі және металлургия жақсы дамыды.

Қола дәуіріндегі Солтүстік және Батыс Қазақстан


Бұл өңірлерде қола дәуірі ескерткіштері мол ұшырасады. Солтүстік пен Батыс Қазақстан жерінде қола дәуірінің 150-ден аса қонысы, 200-ге тарта қорымы зерттелді.

Ерте қола кезеңі ескерткіштеріне Вишневка-І, Қарлыға-І қорымдары, Бескөл-І, Вишневка-ІІ, Пестрое қоныстары жатады.

Ерте қола кезеңінде мәйітті қабірге өртеп қойған. Үйлерін жер бетіне салған, аумағы көбіне 100 шаршы метрден астам, қабырғасы беренеден қиылып салынған, төбесінің екі қанатын қайқайтып жапқан. Құралдары тас, қола, сүйектен жасалған. ЬІдыстары құты сиякты, түбі жайпақ. Орта қола кезеңіне жататын Садчиков, Новоникольское, Тастыбұлақ қоныстары, Новоникольское-І, Бурабай, Бүйреккөл, Барлық, Петропавл қорымдары. Бұл кезде жер бетінде салынған ағаш үйлермен қатар жер астына 1 метрге жуық қазылып салынған жартылай жертөле үйлер де пайда болады. Олардың есігі, бұрышында болады, бірден сегізге дейін ошақ болады. Ағаш жоқ жерлерде, әсіресе Батыс Қазақстан өңірінде үйлер, негізінен, тастан салынды. Тұрғын үйлердің жанында қабырғасын сексеуілмен немесе шарбақпен шегендеген құдықтар да болды.

Өлген адамдарды сол немесе оң жамбасымен, қол-аяғын бүгіп жерлеген. Бір дәулетті әйелдің кабірінен мынадай әшекейлер шыққан: қола қапсырмалар, моншақтар, өңіржиек, күміс сырғалар, білезік, қола жүзік, шолпы.

Қола дәуіріндегі Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңірі


Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудан қола дәуірі ескерткіштері аздау зерттелген. Оңтүстік Қазақстанда өткен ғасырдың 60-жылдары Таутары, Бесарық, Алақөл ойпатында Қарақұдық қорымы зерттелген еді. Аралдың шығыс жағындағы Егізкөк, Көксеңгір тұрақтарын, Солтүстік Түгіскен қорымдарын 60-жылдары Хорезм экспедициясы зерттеген. 80-жылдары қола дәуірін зерттеу жұмысы Алматы, бұрынғы Талдықорған, Жамбыл облыстарында жоспарлы түрде жүргізілді. Бұл өңірден ерте қола дәуірі ескерткіштері әлі табылған жок. Орта қола ескерткіштеріне Жетісуда Талапты, Құйған, Қарақұдық, Айдаһар, т.б. қорымдары жатады. Олардың мерзімделуі — б.з.д. XVI—XIII ғасырлар. Оңтүстік Қазақстан жерінде осы кезеңге Биліккөл, Киікті, Таутары қорымдарын жатқызуға болады.

Соңғы қола ескерткіштеріне Биғаш, Ақсай, Сағанды, Жыланды, т. б. жатады. Олардың пайда болған уақыты шамамен б.з.д. XII—IX ғасырлар. Оңтүстік Қазақстанның қола дәуіріне сол замандағы металлургиялық. орталықтың бірі Орталық Қазақстанның Андронов мәдениетінің әсері күшті болды. Жетісудың қола дәуірі мәдениетіне сол заманғы қола металлургиясының ірі орталығының бірі Алтай- Тарбағатай қола мәдениетінің әсері болған. Қола дәуірінің соңына карай Жетісуға Орталық Қазақстандық Андронов мәдениеті тайпаларының қоныстануына байланысты жаңа мәдени үрдістер пайда болды.

Оңтүстік Қазақстанда қола дәуірінің ортаңғы кезеңінде жер үстіне қырынан қазылып орнатылған тақта тастардан, кейде жер бетінен қазылмай қойыла салыңған жұмыр тастардан салынған қоршаулар тән. Олардың пішімі тіктөртбұрыш, шаршы, сопақша, дөңгелек келеді.

Өлікті жерден қазылған, бетін үлкен тастармен жапқан қабрге жерлеген, өлікті өртеп барып қою ғұрпы басым болған. Өлген адаммен бірге қыш құмыралар қойылған. Олар көбінесе тарақ жүзді өрнекпен өрнектелген. Кейбір құмыралардың түбіне бидайдан, тарыдан жасалған тағамдардың қалдығы табылған.

Жетісудағы қола дәуірі қорымдарының үлгісі ретінде Қарақұдық кешенін алуға болады. Ондағы жер беті құрылыстары тақта тастардан шеңберлей немесе тіктөртбүрыштанып соғылады. Қабірдің екі түрі кездеседі: ірі қақпақ тастардан жасалған тас сандық және қабырғасы тақта тастардан қаланған тас сандық (циста). Сонымен бірге қабірден қола айна, қола моншақтар, білезіктер, қыш ыдыстар табылған.

Аралдың шығыс жағында орналаскан Түгіскен кесенелері қола дәуірінің аса көрнекті ескерткіштері болып саналады. Олар төртбүрышты, сарғыш түсті шикі кірпіштен салынған. Екі қабат құрылыстан тұрады. Сыртқы қабырғасы төртбұрышты, оның ішінде дөңгелек кұрылыс бар. Кесененің төбесі кірпіш бағандарға тірелген. Кесененің ортасында және дәлізде жерлеу мүліктері: қыш, әр түрлі құралдар, қола және алтын әшекейлер, т. б. заттар қойылған. Түгіскенде елікті ертеу ғұрпы басым болган. Түгіскен кесенелері Орталық Қазақстандағы Беғазы-Дәндібай ескерткіштеріне өзінің жоспары, сәулеті, төбесінің жабылуы, тіреулері, ішіне қойылған заттары жағынан қатты ұқсайды. Олардың айырмашылығы — Беғазы-Дәндібай кесенелері ірі гранит тастан салынса, Сыр бойында, Қызылқұм жерінде гранит тастардың болмауына байланысты Түгіскен кесенелері шикі кірпіштен қаланған. Сыр бойы ескерткіштері мен Сарыарка ескерткіштерінің бір-біріне ұқсауы қола дәуірінің соңына қарай осы өңірлерді жайлаған тайпалар ендік бойымен жазда оңтүстіктен солтүстікке, ал қыста солтүстіктен оңтүстікке көшіп өмір сүргендігін көрсетеді.[1]

Пайдаланылған әдебиет

↑ Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965-33-633-4

Реферат: Бөкей хандығының құрылуы
Ашық сабақ. Әдебиеттік оқу. 4 сынып. Сапарғали Бегалин өмірі мен шығармашылығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу