Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Абай Құнанбайұлы өмірі мен шығармашылығы
Сабақтың тақырыбы: Абай - дана, Абай - дара қазақта!
Сабақтың мақсаты:
1. Оқушыларды ұлы кемеңгер ақын Абай Құнанбаев шығармаларымен таныстыру. Ақынның өлеңдері мен қарасөздерін оқыту арқылы адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа баулу. Білімге деген құштарлығын арттыру.
2. Оқушылардың сөйлеу, мәнерлеп оқу қабілеттерін, тіл байлықтарын, сөздік қорларын дамыту.
3. Мейірімді, адал болуға, адамгершілікке, жаман әдептерден бойларын алыс ұстауға тәрбиелеу.
4. Дамытпалы поэзия сабағы.
Тәсілдері: ой қозғау, сұрақ-жауап, сахналық көрініс, шығармашылық көрініс.
Көрнекілігі: Абай Құнанбаев, А.С. Пушкиннің портреттері, интерактивті тақта, кітаптар көрмесі.
Пәнаралық байланыс: ана тілі, дүниетану, ән- әуез
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылар назарын сабаққа аудару.
«Ата толғау» күйі қосылып тұрады.
Біреулерге болғанмен айдала,
Басын иіп тәу етеді бар дана.
Ұлы Абайды дүниеге әкелген,
Құдіретіңнен айналайын, сардала.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
- Балалар, бүгінгі сабақта біз қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз туралы ой бөлісеміз. Әрбір жас ұрпақ кішкентай кезінен бастап Абай атаның әнімен сусындап, жырларынан нәр алып келеді.
Мырзагелді Кемел: «Мен қазақты үшке бөлер едім. Біріншісі - Абайды оқығандар, екіншісі - Абайды оқысам деп жүргендер, үшіншілер - Абайды оқымағандар».
- Балалар, сендер осының қайсысына жатасындар?
- Біз бірінші топқа жатамыз. Ұлылығы әлемге танылған Абай атаның шығармаларымен танысып жатырмыз.
Бүгінгі заман адамы «сегіз қырлы, бір сырлы» болып өсуі керек. Оның бастысы, біздер үшін- әдептілік.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң – арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан,- деп Абай атамыз айтқандай, кішіге мейірімді, досыңа қайырымды, еңбексүйгіш, шыншыл да қамқор болсаң, өсе келе ата- анаңның, Отаныңның мақтаны боласың.
«Ата толғау» күйі қосылып тұрады.
Бастаушы. Ой қозғау.
Парасатты болып туған,
Шыңғыстаудың Абайы.
Ән мен жырын мұра қылған,
Сарыарқаның Абайы.
Нақылымен сана құйған,
Қазағымның Абайы.
Ақылымен дана болған,
Бүкіл әлем Абайы,- деп ақын Жұмағазы Алмабаев жырлағандай, Абай есімін естігенде есімізге не түседі? Соны мына күннің әрбір шапағына жазып көрсетейік.
Тәрбие сағат: Абай Құнанбаев 175 жыл (Абай - дана, Абай - дара қазақта!)
1- оқушы. Абай – ақын, Абай – дана, ойшыл, заман суреткері. Абай – аудармашы. Абай – сазгер. Абай жас кезінен өте зерек, момын бала болып өсті.
2- оқушы. Жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған жыр алыбы Жамбылдан «Абайдың ақындығы туралы не айтасыз?» дегенде: «Абай ақын ғана емес, ол ғұлама» деп жауап берген екен.
3- оқушы. Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең сөздің ұқсаған құдретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Өр Абайдың төтеген кім бетіне?- деп жырлапты жыр алыбы Жамбыл.
4-оқушы. Абай 1845 жылы 10 тамызда Семей облысы Жидебай жерінде Шыңғыстау етегінде дүниеге келген. Негізгі хатқа түскен аты Ибраһим болса да, әжесі Зере еркелетіп «Абай» деп атап кеткендіктен, біз де солай айтып жүрміз.
5-оқушы. Абайдың атасы Өскенбай дала халқының әділ биі болған.
6-оқушы. Абайдың әкесі Өскенбайұлы Құнанбай өз заманындағы атақ- даңқы алысқа кеткен беделді адамдардың бірі болған. Қарқаралы уезінің аға сұлтаны болып сайланған. Шешесі Ұлжан шешендікпен, тапқырлықпен аты шыққан.
7-оқушы. Абай 10-12 жас аралығында мұсылманша оқып, хат таныған. Ал 12 жасындаСемейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға түседі. 14 жасында үш ай орыстың Приходская школасында орысша сабақ оқиды. 15 жасынан бастап, әкесіне көп көмегін тигізеді. Ел- жұрты Абайды би етіп сайлайды.
8-оқушы. Абай – ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған адам.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боларсың елден бөлек,- дейді Абай ата.