Ашық сабақ. Жылқы туралы мәліметтер, ақпарат көздері, деректер

Oinet.kz 01-10-2019 1541

Күні: 27.02.2017.

Тақырыбы: Ер қанаты - ат

Сабақтың түрі: Жарыс сабақ

Сабақтың мақсаты: Оқушыларды жарыстыра отырып, жылқы туралы түсініктерін кеңейту, ат баптау, бәйге туралы мағлұматтар беру.

Сабақтың көрнекілігі: интербелсенді тақтада слайдтар, ат әбзелдері, бейнеролик.

Сабақтың өту барысы:

Қазақстанның барлық аймақтарынан кездесетін арийсақғұн кезеңдерінің ескерткіштері (б.з.б. 1-мыңжылдық – б.з. 2 ғ.) ежелгі Қазақстанда жылқының қолға үйретіліп қана қоймай, бұл малдың ерекше қастерленіп, әдет-ғұрыптық рәсімдердің ажырамас бір бөлігіне айналғанын көрсетеді. Жылқының басы созылған арықтау келеді; көздері үлкен өткір, танаулары кең, сүйір құлақтары ширақ қимылды үлкен не орташа көлемді (басының жартысынан да кішірек) болады. Жалы ұзын салбыраған, мойны ұзын бұлшық етті, денесі жұмырланған болады; құйрығы түбірінен басталатын ұзын қылдардан тұрады; түсі әралуан келеді. Аяқтары биік сымбатты, жуандығы орташа болады; 1-ші және 5-ші саусағы мүлдем болмайды, 2-ші және 4-ші саусақтары рудиментті түрде ғана қалыптасқан; тұяғы ең қатты дамыған ортаңғы саусақтың басын ғана қаптайды (сондықтан дененің бүкіл салмағы соған келеді). Асқазаны қарапайым болады, өт қабы жоқ, бүйені қатты дамыған. Миі біршама кішкентай, және қатпарлы үлкен ми сыңарлары мишықты қаптамайды. Алайда ақыл қабілеті едәуір жоғары болады. Сезу қабілеттерінен естуі ең жақсы дамыған, содан кейін көруі, сосын иіс сезуі. Шоқтығына дейінгі биіктігі 50 – 185 см, салмағы 60 – 1500 кг болады.

Жылқылар әдетте бір айғыр бастайтын бірнеше биеден тұратын үйірге жиналады. Көбінесе жазық далада тұрады; ерекше сипаттары - үлкен жылдамдық пен сақтылық.

Түсі

Жылқы түсі қылаң, баран, ала боп бөлінеді.

·        Қылаңға ақбоз, боз, бурыл, теңбіл, құбақан, сары, құла, құла жирен, шабдар, көк, сұр, құлагер, қызыл, нарқызыл, т.б. жылқылар;

·        баранға торы, қара, қаракөк, қарасұр, қоңыр, жирен, күрең, т.б. жылқылар жатады;

·        алаға сарыала, сұрала, көкала, керала, қарала, қоңырала, күреңала, т.б. жылқылар жатады.

Алыстан қарағанда жылқының денесіндегі бозғыл түктер басым болса, ол қылаң жылқы деп аталады. Қошқыл түстер көбірек болса, баранға жатады. Ерекше кездесетін түстер болады. Мысалы, шұбар, бозшұбар, көкшұбар, қарашұбар, т.б. жылқылар. Будандары қашыр, қарта қашыр (лошак), құланоид (құлан мен жылқы буданы), зеброид (зебр мен жылқы буданы) деп аталады.

Қазақы жылқы

Қазақстанда ерте кездерден бастап, өсіріп келе жатқан қолтұқымның бірі - қазақы жылқы. Оның негізгі тобын - «жабы» деп атайды. Бұл қолтұқым көлік малы ретінде және еті, сүті үшін де өсіріледі. Дене бітімі шымыр, қатаң ауа райына төзімді. Жыл бойы жайылымда, жемшөп талғамайды, тез қоңданады, салт мінуге ыңғайлы. Ең байырғы тұқымы нашар қазақы жылқы - жабы. Оның шоқтығына дейінгі биіктігі - шамамен 145 см, тұрқы - 150 см, салмағы - 460-470 кг. Жайылымда семіртілсе, одан 230-250 кг таза ет алынады. Жабы жылқылары Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақмола аймақтарында өсіріледі.

Адай жылқысы

Қазақстанның батыс аймақтарында ертеден өсіріп келе жатқан қолтұқымы – адай жылқысы. Жергілікті халық «дала көркі» деп ерекше дәріптейді. Оны салт мініс көлігі ретінде пайдаланады.

4 топқа бөлемін:

І топ: Жүйрік

ІІ топ: Арғымақ

ІІІ топ: Тұлпар

ІVтоп: Сәйгүлік

І. Тай жарыс. Шабандоздар 5 – 7 жаста болуы керек. Бәйгенің бұл түрі шілдехана, келін түсіру тойында жиі өткізілген.  Мәре мен  сөренің қашықтығы 500 – 2000 м. Тай бәйгеден озғандарға жүлдеге лақ, қозы не ойыншықтар беріледі. Тай бәйге жас балаларды шабандоздыққа баулиды.

Барлық топқа сәйкестендіру кестесі беріледі. Әр дұрыс жауап 1 ұпаймен бағаланады.

Сәйкестендіру.

 1. Кендебай  -  Керқұла

2.  Ер Төстік  -  Шалқұйрық

3. Ақан сері  -  Құлагер

4. Қобыланды  -  Тайбурыл

5. Ер Тарғын  -  Тарлан

6. Алпамыс  -  Байшұбар

7. Қамбар  -  Қара қасқа

8. Исатай  -  Ақтабан

ІІ. Құнан бәйге. Құнан бәйге қазақтың ұлттық ат спорты түрлерінің бірі,қысқа қашықтықтарға құнан шыққан (3 жасқа дейін) құнандармен балалардың жарысуы. Қазақта тай жарыс (2 жасқа дейін), дөнен бәйге (төрт жасқа дейін) атшабыс түрлері де бар. Мұнда да қашықтықтар әртүрлі болады. Тісіне қарап жасын төрешілер алқасы  анықтайтын үш жастағы құнандар арасындағы қысқа қашықтыққа шабатын бәйге.

Әр топқа сұрақтар беріледі. Әр сұраққа 2 ұпайдан беріледі.

І топ: Жүйрік

1.Жылқының пірі кім?

2.Жылқыны жас бойынша ата.

3.Ашамайға мінгізу дегеніміз не?

4.Ат сұраған қорлық емес,

   (Ер-тоқым сұраған қорлық)

ІІ топ: Арғымақ

1.Жылқының түстерін ата.

2.Қазіргі Маңғыстау жүйріктерін ата.

3.Жеті қазынаға нелер жатады?

4.Болар бала бесікте бұлқынар,

  (Болар құлын желіде жұлқынар )

ІІІ топ: Тұлпар

1.Бәйгеге шабатын баланы кім дейміз?

2.Тулақ дегеніміз не?

3.Бәсіре дегеніміз не?

4.Ерте тұрып атаңды тап,

   (Атаңнаң соң атыңды тап.)

ІVтоп: Сәйгүлік

1.Жылқының малының етінен алатын өнім?

2.Қымыздың түрлері.

3.Қымызмұрындық дегеніміз не?

4.Ат арытпақ арзан,

   (Жұрт танытпақ қымбат.)

         ІІІ. Ошақ бәйге. Ошақ бәйге-ас беріп, той жасағанда бір күн бұрын алыстағы ағайын-туыс жиналғанда берілетін бәйге. Ертеңгі күннің тұлпарларының бабын білу үшін бәйге ұйымдастырады. Қашықтығы 15-20 километр аралығында.

Топтағы оқушылар алдына ат әбзелдері қойылады. Әр топ өздеріне берілген әбзелдің не екендігін, қалай пайдаланылатынын түсіндіруі керек. Әр әбзелді тапқаны  5 ұпай.

         ІҮ.Аламан бәйге. (Топ басшылар  сайысы.) Аламан бәйге — ат жарысы. Қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық ойыны. Аламан бәйгеге 20-60, кейде одан да көп сәйгүлік қосылады. Ат 25-100 шақырым қашықтыққа шабады. Жолда өзенкөл кездесуі де мүмкін. Жарыс тәртібін бақылайтын арнаулы адамдар белгіленеді. Бәйге атына салмағы жеңіл жас балалар мінгізіледі. Аламан бәйге елге күні бұрын хабарланып, жүйрікті ерте баптауға мүмкіндік жасалады. Той (ас) иесінің шамасына қарай, 1-ден 9-ға дейін жүлде аталады.

Әр топтың топ басшысы шығып, сұрақтарға  "иә", "жоқ" жауап береді. Әр сұраққа 1 ұпайдан беріледі.

1.Маңғыстаудың жабысын "Адай жылқысы" дейміз. (иә)

2.Ақан серінің әні "Құлагер". (иә)

3.Тай жарыс 25 км қашықтықта болады. (жоқ)

4.Екі жасар жылқыны тай дейміз. (иә)

5.Жылқының сүтінен айран дайындалады. (жоқ)

6.Жылқының тісіне қарап жасын біледі. (иә)

7.Жылқының орташа салмағы 60-1500 кг. (иә)

8.Ат баптайтын адамды "Атбегі" дейміз. (иә)

9.Аламан бәйге қашықтығы 10-15 шақырым. (жоқ)

10. Жылқылар әдетте бір айғыр бастайтын бірнеше биеден тұратын үйірге  жатады. (иә)

11. Қазақстанның кейбір аймағында жылқы кездеспейді. (жоқ)

12. Алыстан қарағанда жылқының денесіндегі бозғыл түктер басым болса, ол баран жылқы деп аталады. (жоқ)

 

Қорытынды. Жылқы ұстау, баптау, жылқының жасына байланысты бәйгелер өткізу - ата-бабамыздан жеткен мұра. Оларды дәріптеу-біздің парызымыз. Бүгінгі жарыс сабағымыздың мақсаты да осы болатын. Бүгінгі сабақтан өзімізге керек мәлімет алған болсақ, онда мақсатымыздың орындалғаны.

Бейнеролик: "Тұлпар намысы"

 

Жердегі тіршілік үшін судың маңызы қандай?
Ашық сабақ: Тұрақты тіркес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу